Сарапшылар бұндай ұсыныстар өткен жылғы автомобильдің екінші нарығындағы жағдайға байланысты пайда болғанын айтады.
«Бұған дейін жаңа көліктің өзіне 4 пайыздық несие алу мұң еді. Қазір тіпті мінілген көлікті де осындай несиемен алуға болады. Бұл – шынында таңғаларлық жағдай. Былтыр екінші нарық баға жағынан да, сатылу көлемі жағынан да аздап «батпақтап» қалды. 1,5 млн-ға жетер-жетпес көлікті қайта рәсімдеу операциясы жасалыпты, бұл – 2023 жылғы көрсеткіштен 6 пайыз аз. Адамдар жаппай жаңа көлік ала бастады, әсіресе қытайлық көліктер көп өтті. Мүмкін, дилерлер мен банктер екінші нарықты мүлдем өлтіріп алмас үшін жеңілдетілген несие тетігін іске қосып жатқан болар. Ал бұны стагнация дей аламыз ба? Әрине, жоқ. Одан гөрі нарықтың жаңа жағдайға бейімделуі деген дұрысырақ болар», – дейді Тәуелсіз автомобиль одағының төрағасы Эдуард Эдоков.
Қазақстан автокөлік одағының мәліметінше, ақпан айында 15 963 жаңа көлік сатылған: 15 208-сі – жеңіл және коммерциялық автомобиль, 755-і – жүк көлігі мен автобус. Осының ішінде 5 марка мен 10 модель топқа кіріп тұр.
Үздік 5 бренд
Hyundai – 4 043 көлік
Chevrolet – 2 080 көлік
Kia – 1 805 көлік
Jetour – 1 160 көлік
Chery – 1 038 көлік
Үздік 10 модель
Chevrolet Cobalt – 1 776
Hyundai Tucson – 1 734
Hyundai Elantra – 960
Kia Sportage – 954
Hyundai Mufasa – 499
Jetour X70 – 384
Chery Tiggo 7 Pro – 370
Jac S3 – 354
Kia Ceed – 302
Chery Tiggo 2 – 294
Бұл көрсеткіш былтырғы ақпан айымен салыстырғанда 29,9% артық.
«Биыл қыста сауда көлемі төмендеген жоқ, ақпандағы көрсеткіштер қаңтардағыдан 41,6%, ал былтырғыдан үштен бірге жоғары болды. Бұл жаңа автомобильдерге деген сұраныс арта беретінін білдіреді. Модельдер мен брендтердің алуан түрін тартымды бағаға алу мүмкіндігі артқандықтан, сатып алушылар белсенді түрде жаңа автомобильдерді таңдап жатыр. Бұл пандемиядан кейінгі жағдай сияқты «кейінге қалған сұраныс» емес. Мұнда бірнеше фактор жүзеге асты: дилерлер өздерінің жеңілдікті кредиттерін қосып, тиімді бағдарламалар ұсынды. Оның үстіне модельдік қатар кеңейіп, Қазақстан нарығы жаңа брендтермен толықты», – дейді ҚАО президенті Анар Мақашева.
Жалпы қаңтар-ақпан арасында 27 236 көлік сатылған, бұл – өткен жылғы дәл осы кезеңдегі көрсеткіштен 15,7% жоғары. Бұл деректер елде жаңа көліктер мүлде өтпей қалып, сол себепті оңтайлы несие бағдарламалары пайда болды деген ойды жоққа шығарады.
Айта кетейік, Ұлттық статистика бюросы ұсынған ақпаратқа сай, 2025 жылдың 1 наурызына дейін елімізде 5 791 674 автокөлік тіркелген. Оның 5 101 862-сі – жеңіл көлік. Елде 573 659 жүк көлігі мен 116 153 автобус бар. Автомобиль саны бойынша қай өңір көш басында, ал қай өңірде көлік аз екенін мына материалдан біле аласыз.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз