Жасы 5 пен 9 жас аралығындағы балғындарға аптасына бір рет қазақ тілі сабағы өткізіледі
Эстониядағы қазақ балалары ана тілін үйреніп жүр
istockphoto.com
982
оқылды

Эстония астанасы Таллинде тұрып жатқан қазақ балалары ана тілін ұмытпай, ұлттық мәдениетпен сусындап өсіп келеді. 2021 жылы ашылған қазақ тілі мен мәдениеті үйірмесі бүгінде отандастарымыздың балаларына ана тілін үйретіп, салт-дәстүрді дәріптейтін рухани ортаға айналған.

Qazaqstan телеарнасы тілшінің мәліметінше, үйірмені қандасымыз Альбина Нұрпейісова ашса, балаларға сабақ беруді Сара Мәдиева қолға алған. Жасы 5 пен 9 жас аралығындағы балғындарға аптасына бір рет қазақ тілі сабағы өткізіледі. Мұғалімнің айтуынша, балалар сабаққа үлкен қызығушылықпен қатысады: бір-бірімен қазақша сөйлесіп, қазақ әндерін тыңдап, мультфильмдер көреді, ұлттық ойындар ойнайды.

– Балаларға сабақ аптасына бір рет өтеді. Балалар үлкен қызығушылықпен келеді. Өйткені, сабақта өздері сияқты қазақ балаларымен танысады, дос болады. Сабақ қызықты өту үшін бірге ойындар ұйымдастырамыз. Қазақ әнін тыңдап, қазақша мульфильмдер көреміз, – дейді мұғалім Сара Мәдиева.

Үйірмеге қатысушылар қазақ биін билеп, ұлттық тағам жасауды да үйреніп жатыр. Соңғы сабақта олар Наурыз мейрамы туралы мағлұмат алып, наурыз көже әзірледі және асық ату ойынын ойнады.

Эстониядағы қазақ ұлт жанашырлары алдағы уақытта балаларға арналған жобалар қатарын кеңейтіп, шетелде қазақ тілді ортаны жандандыруды көздеп отыр.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз