Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтай отырысында алға қойған міндетіне сәйкес, онда алдағы бес жылда ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы өндірісін екі есе арттырудың келешегі қаралды. Кездесу басында сөз алған Олжас Бектенов Үкімет аграрлық секторға белсенді түрде қолдау көрсетіп отырғанын атап өтті.
«Президент қолдауының арқасында ауыл шаруашылығына ерекше көңіл бөлінуде. Мемлекет басшысы атап өткендей, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі өзінің құндылығын ешқашан жоймайды. Біздің жағдайымызда жеңілдетілген қаржыландыру үшін 700 млрд теңге табу оңай емес, алайда біз мұны іске асырып жатырмыз және қолдаудың бұл түрін одан әрі арттыра береміз. Қазіргі қолданыстағы тетіктердің барлығы жалғасын табады. Нәтижесі де жоғары болып, біз бәсекеге қабілетті ауыл шаруашылығын құра аламыз деген сенім бар», – деді Премьер-Министр.
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров шаруаларды қолдау шараларын кеңейту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады. Оның сөзінше, егіс науқанын жеңілдікпен қаржыландыру көлемі былтыр 580 млрд теңгеге дейін және несиелеуді мерзімінен бұрын іске қосу арқылы биыл рекордтық 700 млрд теңгеге дейін көбейген. Бір жыл ішінде қаржыландыру көлемін 80 млрд теңгеге ұлғайту арқылы 5 пайызбен 200 млрд теңгеге дейін жеткізу ауыл шаруашылығы техникасы лизингінің қолжетімділігі артқан, бұл ретте техниканың өзі – кепіл, ал жарна инвестициялық субсидия бола алады. Сондай-ақ азық-түлік корпорациясына форвардтық сатып алуларға – 30 млрд теңге, географияны кеңейту үшін экспорттық шығыстарды субсидиялауға 40 млрд теңге бөлінген. Одан бөлек, былтыр қайта өңдеу кәсіпорындарына айналым қаражатын толықтыру үшін несие беру басталған. Несиелеу көлемі – 35 млрд теңге, биыл бұл мақсаттарға 48 млрд теңге бөлу міндеті тұр.
Сонымен қатар Үкімет ауыл тұрғындарын жыл бойы жұмыспен қамтамасыз ететін сала ретінде мал шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөліп отыр. Осылайша, мал бордақылау алаңдары үшін қолдау құралдары әзірленуде, жеңілдікпен несие беру және субсидиялардың жеңіл әкімшілендірілетін түрлерінің пайдасына селекциялық-асылтұқымдық жұмысты субсидиялау қайта қаралады.
Жиын барысында Премьер-Министр агроөнеркәсіп кешенін экономиканың технологиялық және инновациялық секторына айналдыру жөніндегі стратегиялық мақсатқа назар аударды. Ол үшін әрбір ауыл шаруашылығы өндірушісі заманауи агротехнологияларды енгізуге, еңбек өнімділігін арттыруға, тиімділігі жоғары және экспортқа бағдарланған өнімдер түрін кеңейтуге ұмтылуға тиіс.
«Мемлекет аграрлық кәсіпорындарға жан-жақты қолдау көрсететін болады, олар өндіріс көлемін ұлғайтып қана қоймай, сонымен қатар тұрақты әрі өзін-өзі қамтамасыз ететін ауылдық қоғамдастықтарды қалыптастыра отырып, ауылдағы тұрмыс сапасын арттыруға нақты үлес қосады. Бірлескен жұмыстың нәтижесі қазақстандықтарды өз өндірісіміздің сапалы әрі қолжетімді азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз етуде көрінуі тиіс. Қазақстан ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу саласында бәсекеге қабілетті ел ретінде танылуы керек», – деп түйіндеді өз сөзін Олжас Бектенов.
Сондай-ақ Үкімет басшысы агроөнеркәсіп кешеннің отандық өнімдері көрмесін тамашалады. Сүт және ет өңдеу салаларының жобалары, ауыл шаруашылығы машиналарын жасау және тамақ өнеркәсібі саласындағы шешімдер ұсынылды. Олардың қатарында қуаттылығы тәулігіне 1 млн данадан астам жұмыртқа өндіретін Ақмола облысында жұмыртқаны терең өңдеу зауытын салу жөніндегі инвестициялық жоба бар. Кәсіпорынның Орталық Азияда баламасы жоқ және жұмыртқа ұнтағынан бастап арнайы тағам қоспаларына дейін терең өңделген өнімдердің кең түрін шығаруға мүмкіндік береді.
Мейір ЖАСЫН