Ғалымдардың жан айқайын тыңдап, мәселені мемлекеттік деңгейде қолға алуына септігіміз тисе деген ниетпен Жазкен Жиембаев атындағы Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институтының, Орман және жасыл желектерді қорғау зертханасының меңгерушісі, PhD Гүлназ Меңдібаевамен сұхбаттастық.
Зиянкестер қаланың ірі көлік тораптары арқылы тараған
– Гүлназ Жеткергенқызы, соңғы кездері еліміздегі жасыл желектерге зиянкестердің жаңа түрлері түсе бастағаны жайлы мәлімет тарады. Бұл зиянкестер біздің елде нақты қашаннан бастап пайда болды және олар қалай келіп отыр?
– Соңғы жылдары республиканың ормандарында және қалалық жасыл желектерде биологиялық-экологиялық ерекшеліктері жеткілікті зерттелмеген зиянкестердің инвазиялық түрлерінің жаппай көбеюі байқалып отыр. Бұл жағдай жыл өткен сайын күрделеніп барады. Әрине, аталмыш мәселе елдер арасындағы тауар айналымының, адамдардың, жүктердің және шекарадан өтетін көліктердің көбеюіне де тікелей байланысты. Ғалымдар инвазиялық түрлердің негізгі ену жолдары деп қаланың ірі көлік тораптарын айтамыз. Одан бөлек, қазір біздің елге келетін көшеттер мен тұқымдардың көпшілігі шетелден әкелінетіні де белгілі. Заңнамалық база мен әкімшілік жауапкершіліктің төмендігі осы процесті тиімді бақылауға мүмкіндік бермейді. Шетелдік және отандық көшеттер мен тұқымдар міндетті фитосанитариялық бақылаудан өтпейді. Салдарынан, елімізде бұрын болмаған инвазивті және карантиндік зиянкестер тарала бастады.
Зиянкестердің жаппай көбеюі Астана қаласының жасыл белдеуінде, сондай-ақ Алматы қаласының және басқа қалалардың саябақ және көше екпелерінде де байқалды.
Алматы қаласы мен Алматы облысына мониторинг жүргізу барысында қалалар мен орман алқаптарындағы жасыл желектерге айтарлықтай зиян келтіретін: охрид немесе талшын ағашының егеуші (Cameraria ohridella Deschka et Dimic, Алматы қ.), қараағаштың зигзаг жасап егеуіші (Aproceros leucopoda Takeuchi, Алматы қ. және Алматы облысы), еменнің үңгі егеуіші (Profenusa pygmaea, Алматы қ. және Алматы облысы), қоңыр мәрмәр қандаласы (Halyomorpha Halys Stål, Алматы қ. және Алматы облысы) және қараағаш жапырақ жегіші (Xanthogaleruca luteola) (Алматы қ. және Алматы облысы) кездесті. Шындығында бұл зиянкестер жасыл желекті жапырағынан да, діңінен де үңгіп оның бірнеше жылда солып қалуына әкеліп соғады.
– Ағаштың өзегіне түскен құрттың жақсы болмасы анық. Десе де, өзіңіз атаған зиянкестердің зардабы қаншалықты болмақ? Институт ғалымдары мұнымен қүресудің жолдарына байланысты қандай ұсыным енгізіп жатыр?
– Әрбір зиянкестің өзінің даму және жаппай ұшу кезеңдері болады. Біздің байқағанымыз бойынша, популяцияның өршуі кезінде зиянкестер ағаштардың өміршеңдігін төмендетіп, сәндік қасиеттерін нашарлатып жібереді. Бұрын- соңды кездеспеген инвазивті, яғни кірме зиянкестің зақымдау деңгейін анықтап, биологиясын мұқият зерттеу және қорғаныс шараларын әзірлеу ұзақ уақытты талап етеді.
Біздің ұсыныстарымыздың негізінде Алматы қаласындағы жасыл желектердегі зиянкестердің таралу ошақтарын анықтап, оларға қарсы биологиялық және химиялық препараттарымен өңдеу жұмыстары жүргізілуде. Халық тығыз орналасқан учаскелер мен су айдындарының айналасына биологиялық препараттарды қолдана отырып, жасыл желектерді өңдеу тиімділігі артуда.
Бір ғана мысал, Алматы қаласының жасыл алқаптарында еменнің үңгі егеуішіне (Profenusa pygmaea) қарсы өңдеу жұмыстары жүргізілгендіктен жапырақтардың зақымдалу дәрежелері 10-15 пайыздан аспаса, Алматы, Жетісу және Жамбыл облыстарының аумағындағы өңделмеген жерлерде 85-90 пайызға дейін зақымдалған. Енді осы түгелге дерлік зақымдалып кеткен желекті қорғау шаралары бойынша зерттеу жұмыстары жалғасып жатыр. Біз алдымен түбегейлі зерттеп, содан соң онымен күресуді бастап кетпесек болмайды.
Тағы бір айта кететіні, жасыл желектерді зиянкестер мен аурулардан қорғау және сауықтыру кезінде экологиялық жағдайды сақтап, қала аумағын қауіпті пестицидтермен ластауға жол бермеу арқылы биологиялық кешенді шаралар – биопрепараттарды, энтомофагтарды және феромон тұтқыларын қолдану жолымен тұрақты және оңтайлы мерзімде жүргізілуге тиіс.
Әлемге танымал Сиверс алма ағашы азаюда
– Нақтырақ айтып беріңізші. Зиянкестер қай өсімдіктерге көбірек кесірін тигізуде? Ағаштардың болашақ жағдайы не болмақ?
– Негізінен, инвазивті зиянкестердің көбі белгілі бір ағаш түріне бейімделіп алады. Яғни, көп жағдайда алғаш түскен ағашты зақымдаумен шектеледі. Бірақ бұл да жасыл желектердің өміршеңдігіне кері әсерін тигізетіні анық.
Ал қоңыр мәрмар қандаласы ауылшаруашылық, орман және сәндік өсімдіктер мен жеміс-көкөністер үшін өте қауіпті. Бір сөзбен айтқанда, көп қоректі зиянкес болып табылады. Қазір аталған зиянкестен биологиялық қорғану мақсатында оны зертханада өсіріп жатырмыз. Байқауымызша, бір ғана аналығынан 5-14 күн аралығында 2-3 ай бойына бір уақытта 15-40 жұмыртқа таралуда. Сонда қараңыз, бір ғана қоңыр мәрмар қандаладан маусым бойы 250-300 жұмыртқа таралса, зиянкестің қаншалықты қауіпті екенін түсіне беруге болады.
Алматы облысы аумағындағы жолдардың бойы мен елді мекендердің маңайында ұсақ жапырақты қараағаш көгалдандыру үшін таптырмас өсімдік түрі. Бірақ соңғы жылдары караағаш қауіпті жапырақ кеміргіш зиянкестердің шабуылына ұшырай бастады, онын ішінде қараағаштың зигзаг жасап егеуіші мен қараағаш жапырақжегіші 90-100%-ға дейін зақымдай бастағанын байқадық.
Талшын ағашының егеуіші (Cameraria ohridella Desh.et Dim) ағашқа айтарлықтай зақым келтіреді. Аналықтың жапыраққас алған ұяшығы («мина» деп атайды) ағаштың сыртқы түрін қатты нашарлатып, әлсіретеді. Жапырақтарды жаппай зақымдау кезінде оларды тіпті көзбен анық көруге болады.
Еменнің үңгі егеуіші толық түрленіп дамиды, сондықтан даму кезеңдері өте жылдам. Егеуіштердің дернәсілдері емен жапырақтарын қатты зақымдайды. Минада кейде 35-тен астам дернәсіл болады (ең көбі 67 дана), дернәсілдердің белсенді өмірі шамамен бір айға созылады. Барлық жапырақ жұмыртқалардың санына байланысты миналармен жабылады да, ашық жасыл түстен қоңыр түске айналады.
– Бұл көріністер шынымен де алаңдататын дүние екен. Ғылыми зерттеу институты болғаннан соң, ғалымдар тобы зиянкестермен күресу жолдарын зерделеп, түрлі ұсыным беріп жатқаны рас. Енді мемлекет тарапынан немесе арнайы министрлік тарапынан қандай қолдау болып жатыр?
– Алматы қаласы Экология және қоршаған орта басқармасы коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қолдауымен биологиялық және экологиялық қауіпсіздікті сақтау мақсатында жылда біздің ұсынысымызбен Алматы қаласының жасыл желектеріне сәуір айынан бастап 4 кезеңнен тұратын өңдеу жұмыстары басталады. Сонымен қатар химиялық заттардың зиянды әсерін азайту үшін биологиялық препараттар біртіндеп енгізіле бастады. Бүгінде нәтижелер жаман емес деп айтсам болады.
Ал Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігіне биылдан бастап өзекті мәселелерді айтып, оның кесірі жайлы мәліметтерді беріп жатырмыз. Нәтиже болады деп ойлаймыз. Тек күту қажет.
Бұдан басқа дабыл қағып, уақыт оздырмайтын жағдайларды да айта кетсем деймін. 2022-2024-жылдары Іле және Жоңғар Алатауының жабайы алма ағаштарының массивтеріне мониторинг жүргізу барысында алма күйе көбелегі (Hyponomeuta malinella Zeller) мен жұпсыз жібек көбелегінің (Lymantria dispar L.) жаппай өршігені байқалды және басқа карантиндік зиянкестер мен инвазивті түрлер пайда болып, дабыл қағарлық жағдайға жетті. Бұл жағдай биоәртүрлілігінің көп бөлігін жоғалтуға, әсіресе әлемге әйгілі барлық мәдени алманың атасы – Сиверс алма ағашы және жабайы өріктердің көп бөлігінің азайып, құрып кету қаупін тудырып отыр.
Сонымен қатар бүгінде тау бөктеріндегі қарағай ағаштарының қылқандарына аса қауіпті зиянкестер: жұлдызшалы тоқығыш егеуіш (Acantholyda posticalis Mats) және қызылбасты жұлдызшалы тоқығыш егеуіштер (Acantholyda erythrocephala Linneus) түсіп, орман алқаптарын қатты зақымдауда. Жұлдызшалы тоқығыш егеуіш жасыл желектердің жағдайына айтарлықтай жағдайда кері әсер етіп, тіпті өсімдікті 2-3 жылда жойып жібереді. Әсем қаламыз Алматының қарағай ағаштарының аса қауіпті зиянкес жұлдызшалы тоқығыш егеуіш жаппай зақымдауы салдарынан жойылып кету қаупі туғандықтан, дер кезінде күресу шараларын қолға алған абзал.
Сондықтан еліміздің орман қорын сақтау мен ұлғайту үшiн орман және орман питомниктеріндегі зиянкестер мен аурулардың санын реттеу жөнiндегi шараларды тұрақты негiзде ғылыми-әдiстемелiк әзiрлеу мен жетiлдiру қажет. Тиімді қорғау шаралары қабылданбаған жағдайда жаппай зақымданудың салдары жасыл желектердің, құнды жабайы жемісті ормандардың, тіпті мәдени бақтардың тектік қорының жойылуына алып келуі мүмкін. Бұл біз білетін өзіміз мүмкіндігімізше мониторинг жасап жүрген Алматы қаласы мен облыс аумағы ғана. Басқа аймақтарға баруға толыққанды материалдық тұрғыдан мүмкіндігіміз бола бермейді. Сондықтан Үкімет орман қорғау саласында ерекше қолдау білдірсе екен деген тілегіміз бар.
Ғылыми жобаларды қолдау белсендірек болса дейміз
– Ғалымдарды қосалқы құрылғылармен қоса, арнайы техникамен қамтамасыз ету мәселесі де үнемі айтылып жүр. Ауыл шаруашылығы саласындағы дәнді дақылдар мен көкеніс бойынша айтып отырмын. Ал орман шаруашылығы саласы ғалымдарының жағдайы жақсы ма? Орманшылардың ахуалы былтырғы өрт кезінде белгілі болды емес пе?
– Ағаштардың жай-күйi мен зиянкестердің түр құрамына орманпатологиялық мониторинг жасауда жаяу маршруттық тексерулермен қатар жетуі шынымен де өте қиын. Тау шатқалдарында қажеттi құралдармен жабдықталған ҰҰА (ұшқышсыз ұшу аппараттары) пайдалануға болады. Сонымен қатар зиянкестермен күресуде қоршаған флора мен фаунаға зиян келтірмеу мақсатында биопрепараттармен өңдеу кезінде де ҰҰА қолдану тиімді. Тағыда айтарымыз, қорғау іс-шараларының интеграцияланған жүйесін әзірлеу үшін тұрақты мониторинг жүргізу қажет.
Жалпы, біз ғалым ретінде аталған жұмысты көп жағдайда өз қызығушылығымызбен атқарып жатырмыз. Бұл жалпы ғалымдардың бойына сіңген ерекше қасиет. Әрбір зиянкестің биологиялық, морфологиялық ерекшеліктерін зерттеп, оларға қарсы күресу шараларын әзірлеу көптеген ізденіс пен зерттеуді талап етеді. Айтпағым, біз министрліктер жариялаған конкурстарға жобамызды ұсынамыз. Бірақ мақұлдану жағы өте күрделі. Сондықтан ғылыми жұмыстарымызды толыққанды атқарып, қорғау шараларын әзірлеу үшін ғылыми жобаларды қолдау белсендірек болса дейміз.
– Біздің ел териториялық жағынан ауқымды мемлекеттер қатарында. Сонымен қатар қысы суық және ұзаққа созылатын елдердің бірі. Көп жағдайда зиянкестердің дені осы суық уақытта жойылып кетеді деп айтады. Жаңадан пайда болған кірме зиянкестер мұндай климаттық өзгеріске төзімділігі қандай? Олар қыстан өзін аман алып шыға ма?
– Айта кетерлік жағдай, біздің зерттеулеріміз кезінде еменнің үңгі егеуіші жапырақтарды зақымдаудан бөлек, ағаштың айналасындағы топырақ қабатының төменіне еріп кететінін анықтадық. Жерді қазу барысында ондаған дернәсілдердің қыстайтын орындарын байқадық. Яғни, бұл зиянкестің бірнеше жыл бойы өміршеңдігін сақтайтындығын көрсетеді. Егеуіштердің дернәсілдерінің мыңнан тек жүзі бір жылда пайда болуы мүмкін олар ағашқа айтарлықтай зиян келтіру үшін жеткілікті болады, ал қалғандары біртіндеп бірнеше жылдан кейін шыға бастайды. Себебі олар диапаузаға қабілетті – бұл олардың қолайсыз жағдайларды бастан өткеруін қамтамасыз ететін өмірлік циклдің белсенді емес кезеңі, ал зиянкес диапаузада болу қабілетінің арқасында 11-12 жылдан кейін ғана пайда болуы мүмкін. Сондықтан қарапайым тілмен айтқанда зиянкестер топырақта сақталып өздеріне қолайлы жағдай пайда болған жылдары жаппай көбейе бастайды.
Біз үнемі зиянкестерге ерте көктем мен күзде тұрақты мониторинг жүргізу қажеттігін ескертеміз. Бұл – аса маңызды әрі қажетті шаралар. Орманды сақтап қалу үшін оны зерттеуді бір сәтке де тоқтатпаған дұрыс.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Бердібек ҚАБАЙ