Заң негізінде бұрын әкімшілік құқықбұзушылық ретінде сараланып келген ұрып-соғу, денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру бойынша қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Бұған қарамастан, тұрмыстық жанжал әлі де азаймай тұр. Отбасылық даудың салдарынан қаншама қыз-келіншек тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбанына айналды. Заң күші қылмыскер үшін қауқарсыз ба?
Профилактиға мән беру керек
Отбасындағы жанжалдан басталып, зорлық-зомбылыққа ұласатын әрекеттен зәбір көретіндердің басым бөлігі – әйелдер мен балалар. Астана қаласы Полиция департаменті Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі бөлімнің аға инспекторы Гүлмира Шрахметованың айтуынша, Астана мегаполис болғандықтан, қоныс аударып келетіндер көп, ал халық саны көбейген сайын құқық бұзудың да саны артып отырады. Кей өңірде болған жан түршігерлік жағдайлар қоғамда резонанс тудырды. Г. Шрахметова елордамызда мұндай жағдайдың болмауын азаматтық позицияның белсендігімен, қоғамның құқықтық сауаты мен зорлық-зомбылыққа қарсылығының жоғары екенімен байланыстырды. Алайда қылмыс саны былтырғыдан көбірек екенін де атап өтті.
– Былтыр, 16 маусымнан бастап заң қатаңдатылды. Яғни, ұрып-соғу, денсаулыққа жеңіл түрде қасақана зиян келтіру қылмыстық тұрғыдан қаралады. Ал оған дейін әкімшілік жауапкершілікті ғана көздеген. Бұл заң аса қажет болды. Кез келген заңның жұмыс істеуіне біраз уақыт керек. Себебі оған қоғамның дайындығы, атқарушы органдардың қалай жүзеге асыратыны маңызды. Былтырмен салыстырғанда биыл қылмыс саны көбейгенін айтуымыз керек. Біріншіден, қылмыстың көбею себебі – бұрынғы әкімшілік тұрғыдан қарастырылатын баптар қазір қылмыстық тұрғыдан қарастырылып жатыр. Сол себепті қылмыстың көбеюі бар. Екіншіден, қылмыстың өсуіне себеп болған дүние – қаламыздағы халық санының өсуі. Биыл қаңтар айынан бастап отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы бөлімдер ашылды. Бұл бөлімдер бұрын «Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау топтары» болатын болса, қазір «Отбасылық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімі» деп аталып, штат саны да көбейді. Себебі тұрмыстық зорлық-зомбылықтан тек әйелдер емес, бала да, тіпті егде жастағы қариялар да зардап шегеді, – дейді ол.
Жыл басынан бері 108 ПРМ1, 109 ПРМ1 баптары бойынша 19 қылмыс қазір сотқа жолданды. Талдау нәтижесіне сүйене отырып, қылмыстың 80 пайызға жуығы ішкіліктің кесірінен туғанын негізге алды.
– Биыл, 2025 жылды «профилактика жылы» деп атады. Сондықтан профилактикаға аса мән беріп жатырмыз. Қазір арыздану сипатынан анықтау сипатына көштік. Қазір әкімшілік тұрғыдан да, қылмыстық тұрғыдан да арызсыз-ақ істі қозғай аламыз. Бізге көршілерінің немесе куәгерлердің берген ақпараты, фото-видео материалдар, оған қоса 102-ге түскен қоңырау бойынша барған полиция қызметкерлерінің бойында бейнетіркегіш болады, міне сол бейнетіркегішке де жазылған материалдар іс қозғауға жеткілікті. Сол арқылы материалдарды жинап, істі сотқа жіберуге толық құқығымыз бар, – деп сөзін түйді Гүлмира Шрахметова.
Даудың басы – отбасы құндылығының әлсіреуінде
Тұрмыстық зорлық-зомбылық – бір адамның ғана емес, қоғамның мәселесі. Әлеуметтанушылар бұл құбылысты адам психологиясымен, әлеуметтік жағдайымен байланыстырып отыр. Үйдегі жанжал жабық есік артында қала берсе, әрине отбасылық құндылықтар қирайды. Беті жабық күйі қалған отбасындағы негативті оқиғаларды айтпағанда, ушығып, даудың шыңына жеткендердің өзі көпшіліктің көкейінде үрей тудырып, назарын өзіне бұрып отыр. Жақында белгілі актердің де сүйіктісіне қол көтерген бейнежазбасы қызу талқылануда. Мұндай құбылыстардың жиілеуі ер-азаматтардың әлсіздігі ме, отбасылық құндылықтың жоғалғаны ма? Бұл сұрақ төңірегінде әлеуметтанушылар пікірі бір арнада тоғысты. Зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін құқықтық, мәдени және білім беру салаларында кешенді шаралар қажет екенін атап өтті. Қазақстандық қоғамдық даму институты, Отбасы және гендерлік саясат саласындағы зерттеулер орталығының сарапшы-менеджері Арна Төлегенқызының айтуынша, қоғамдық ұйымдарға, психологтарға және «сенім» телефондарына деген сенім төмен. Өйткені жүргізген әлеуметтік зерттеулеріне сәйкес, дағдарыс орталықтарына жүгінген респонденттердің үлесі небәрі 4,7% болды.
Бүгінде қоғамда ауқымды мәселеге айналған тұрмыстық зорлық-зомбылықтың себептерін нақты көрсетіп, қысқа қайыруға келмейді. Дегенмен бірнеше себебін келтірген Арна Төлегенқызы оның шешімін де атап өтіп, әр отбасында зорлық-зомбылыққа қарсы тұру иммунитетін қалыптастыру керек екенін алға тартты.
– Заң қабылдағанына енді ғана бірінші жыл болды, сондықтан әзірге бұл заңның қаншалықты жұмыс істейтінін өлшеу қиын. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың басылмай, жиі болуына, біріншіден – отбасылық құндылықтың төмендеуі, екіншіден – адам эмоциясын, агрессиясын басқара алмауы. Одан бөлек, несие, ақша жетіспеушілігі, қызғаныш, араға басқа адамның түсуі, әлеуметтік желідегі әдемі өмірге әйелдердің қызығуы да даудың алғашқы қадамдары. Отбасында зорлық-зомбылыққа қарсы тұру иммуниетін қалыптастыру үрдісі балабақшадан, мектептен басталуы керек. Себебі олар 15-20 жылда отбасын құратын адамға айналады. Кеңес Одағы кезінде мұндай жағдайлар жария етілмейтін еді. Ал қазір осы сынды ақпарат қоғамда тез тарайды, – дейді сарапшы.
Сарапшы А.Төлегенқызы тұрмыстық жанжалдың алдын алу үшін жастар отбасын құрмас бұрын алғашқы даярлық курсынан өтсе екен деген ұсынысы барын айтты. Өйткені алғашқы даярлық курсынан өтсе, біраз дау-жанжал, конфликт, бала тәрбиесі сияқты бірқатар мәселе шешімін оңай табар еді.
Әлеуметтанулық зерттеулер орталығының сарапшысы Темірлан Төлеу отбасылық жантүршігерлік оқиғаларды заманауи қазақстандық қоғамда салыстырмалы түрде жиі кездестіруге болатынын айтады.
– Кез келген заң қабылданғанымен, ол бұл мәселені түпкілікті шешеді деп ойлау – қателік. Заң қаншалықты «мінсіз» болып көрінсе де, оның назардан тыс қалатын тұстары болуы мүмкін. Заңның орындалуы, адамдардың одан хабардар болуы бар деген сияқты бұл жан-жақты талқылауды қажет ететін кешенді сұрақ. Тіпті, 300-400 жыл бұрынғы Конституцияларға өзгеріс енгізіп жатады. Адам өзгереді, қоғам өзгереді, заң өзгереді. Меніңше, көбінде мұндай жағдайлардың басты себебі – әлеуметтік-экономикалық мәселелерде. Бұдан басқа маңызды айтып кететін жайт бар. Ол физикалықтан бөлек, басқа экономикалық, психологиялық сияқты зорлық-зомбылық түрлері бар. Әзірге мұндай кейстердің барында олар назардан тыс қалуда. Отбасылық құндылықтар мәдениет, салт-дәстүр деген ұғымдармен қатар жүреді. Көп жағдайда адамдар кейбір салт-дәстүрлерді алға тартып, белгілі бір жағдайларды ақтап алуға тырысады. Алайда кез келген салт-дәстүр мен мәдениет адамның қазіргі болмысын, өмір салтын, ағылшынша айтқанда, lifestyle-ның көрінісі. Қоғам – тірі ағза, ол үнемі өзгерісте болатынын ұмытпаған абзал, – деп тұжырымдады әлеуметтанушы.
Психологиялық тренинг жеке адамға өткізілуге тиіс
Ұзақ жылдар бойы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырап келе жатса да, үнсіздік танытатын, әділдік іздеудің орнына мәселесін жасыратын әйелдер бар. Оның тууы әлеуметтік мәселеге негізделеді дегенімізбен, адамның психологиялық күйі ескерусіз қалмауы керек. Өйткені психолог Балабек Кеніштайұлы отбасындағы кей даудың басы адам қиялынан басталады дегенді алға тартты.
– Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың тууына бірнеше себеп болады: шаңырақ көтергеннен кейін күйеуі де, әйелі де қиялындағы жұбының психологиялық портретін іздейді. Егер қиялындағы портретке сай келмесе, бір-бірін өзінің талаптарына қарай бейімдеуге итермелейді. Яғни, екеуі де бойында қалыптасқан қасиеттерін бірден 180 градусқа өзгертуге тырысады. Осындай әрекеттің соңы да зорлық-зомбылыққа себеп болуы мүмкін. Материалдық, қаржылық келіспеушіліктер де дау шығуына ықпал етеді. Әр адамның дүниетанымы мен көзқарасы әртүрлі болғандықтан, отбасын сақтауға нақты бір психологиялық техниканы немесе тренингтерді атауға болмайды. Сондықтан психологиялық жұмысты отбасына емес, жеке адамға жүргізу керек, – деді психолог.
Жыл сайын елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылықтан 300-ге жуық әйел зардап шегіп, кемінде 80 әйел қайтыс болады. Ал әлем бойынша 1,3 миллиард әйел зардап шегеді екен. Демек, аталған мәселе бізде ғана емес, әлемде де жойылмай тұрғаны алаңдатпай қоймайды. Жауабы жоқ жаға ұстатарлық оқиғалардың азаюын уақыт еншісіндегі мәселе деп қарамай, әр адам отбасы құндылығын жақсарту үшін үлес қосып, азаматтық қоғамның қалыптасуына септігін тигізуді ойлануы керек шығар.
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ