Қазақтың қатепті қара нары

Қазақтың қатепті қара нары
Жұмабек Тәшенев туралы толғаныс.

Қазақта нар деген ұғым бар. Сөздің түптұлғасы түйе түлігіне барып тіреледі. Махамбет жыраудың «Қатепті қара нар керек біздің бұл іске...» дегені жәмиғатқа мәлім. Біз сөздің тұлғасын алғанымыз­бен ауыспалы, баламалы мағынасына ден қойып отырмыз. Нар, қара нар, қатепті қара нар... Сүйгенін «шұнағым...» дейтін  қазақ қимас перзентін, ел үшін ұрысқан, ел тағдыры үшін тұрысқан дара дарақтарды, халқым деген қарақтарды солай баламалап атап, бауырына тартып, сүйсініп, іштей сүйіп отырады емес пе?!  Тағдыры әңгіме арқауына айналып отырған Жұмабек Тәшенев қазақтың осы ұғымына лайықты, нар перзенттің бірі! 

Баламалы сөзді қолдануын қолданып алып, оның күні ертең бояуы оңып кетерін де анық байқап отырмын. Ол бояуды, ол баламалы сөздің орнын «Жұмабек Тәшенев» деген ұғым басып кете баратын болады әлі-ақ. «Жұмабек Тәшенев» десек нар тұлға, асқар биік, асқар шың, қыран жүрек ұғым­дары өзінен-өзі көңіліңе ұялай кететін бо­лады. Жұмабек Тәшенев – қайраткерліктің өлшеміне айналады. Онымен қанаттас жүр­ген, қатар қызмет істеген азаматтарды «неге ғана Тәшенев бола алмады?», «Неге ғана Тәшеневке ең болмаса сүйеніш бола алмады екен?» – деп көңілімізді өкінішке алдырып жатармыз-ау сонда. Біз біртіндеп сол ұғымға келе жатырмыз. Бізді ондай түсінік, ондай ұғымға еріксіз жетелеп алып келе жатқан Жұмабек Тәшеневтің туған халқы тағдыры қысылшаң екіталай халге ұшыраған кезінде басын бәйгеге тігіп қасқайып қарсы тұра алғаны. Туған халқы үшін отқа түсіп араша сөзін айта алғаны. Бұлар – Жұмекеңнің кеңестік қызметке құл болмай, халық алдында қалаулы пер­зент – ана сүтін  адал емген арда ұл болғанын көрсетеді. Жұмекеңнің туған халқының – қазақ ұлтының алдында перзенттік пары­зын ақ-адал атқаруы – рухани маңызы зор  саяси ерлік! Жұмекеңнің ерлігін айта бас­тасақ әлгінде ғана қолданған қазақ хал­қының нар перзентінің бірі  деген ба­ғамыз да әлсіз, нәрсіз тартып кетеді. Өйткені қайраткерлік өлшемге айналар Жұмабек Тәшенев – қазақ халқының қайталанбас қайраткерінің – бірегейі!

AMP

Қайраткерлік ұғымына анықтама бе­ріңкіреп сөйлеп отырған себебіміз бүгінде бұл сөздің әрі де, нәрі де кетіп, мазмұны сұйылып  барады. Мойны министрге жеткен мемлекеттік қызметкерді «қайраткер» атап дабырайтамыз. Оның кейбірі ертеңіне сыбайлас жемқорлықпен ұсталып, сотталып кетіп жатады. Өкінішті!

Оу, сонша ту сыртынан  таусыла сөйлер­лік Жұмабек Тәшенев кім? Мен оны қан­ша­лықты білемін?

Оның өмірбаянында шаруамыз жоқ. «Биография» – «география» жағымсыз ұғымдары бұл жерде жүрмейді. Сол бір сын сәтте қазақ жері үшін тұрыса алған, ұрысып, тұрысып құрбан болған Жұмабек Тәше­нев бағзыдағы Мөде десе болады. Мөде? Мөде тағылымы не айтады?

Мөде – түрік ұлт-ұлыстары бір-бірінен енші алыспаған бағзыда сұмдық ерлік жасаған қағанымыз! Ол не істеген?

Түрік тайпасы бейбіт күн кешіп жатады. Алып көрші сықсиып қарап, әуселесін байқау мақсатында қағанның тақымын­да­ғы халықаралық өреде танымал қыл құй­рық жүйрігін – Тайбурылды сұрайды. Қаған уәзір, ақылшы, кеңесшілерін жиып ақыл­дасады. «Не істейміз?». «Бермеу керек. Бұл бізді басынғаны көршілердің.» Уәзір біт­кен басын қайқайтып алған. Бәрінің сөзі бір жерден шығып тұр. Сонда Мөде айтыпты: Береміз! Қаншама желмен жа­рысқан жүй­рік дегенімізбен сырты түкті, іші боқты хаюан. Хаюанға бола көршімен татулық­ты бұзбайық. 

...Көрші ел тағы да аузын ашыпты. Қағанның сүйіктісін сұратыпты. Қаған жары. Қаған сүйіктісі. Алты құрлыққа аты шыққан сұлу. О, заманда, бұ заман бір ел­дің қағанының қатынын екінші елдің  патшасы сұрағанды кім көрген? Қағанның жарлығымен жиналған уәзір біткеннің жанарынан от ұшқындапты. «Бермеңіз, тақсыр!», «Сүйекке таңба.»

Береміз! Қаншама жан тартып сүйер жарым болғанына қарамастан ел мүддесі­нен артық емес.  Бейбіт тыныштық жолына құрбан. 

Уәзірлер жағасын ұстапты!

... Сықсиған көршілер түріктің далиған кең-байтақ жеріне сұғын қадапты.

Жер сұрапты. Уәзір біткен тақымындағы атын, қойнындағы қатынын көрші елге беріп жіберген қаған ием – иен жатқан жердің бір пұшпағы үшін бізді несіне бола жинап отыр? – деп күңкілдесіпті өзара. «Берейік! Берейік! Татулық, бейбіт өмір керек, берейік!» – десіпті олар бөрінің көтіндей шулап.

Сол сәт Мөде қаған қатты ашуланыпты.

– Бұл не тантығандарың? Тайбурыл­ды берсем, Тайбурыл туған қасиетті түрік бие­сі тағы да бір жүйрік құлын туар дедім. Қатынды (түрік тілінде «ханым» деген ұғымды білдіреді) берсем, түріктің алтын құрсақ әйелдері маған қатын болар бір қыз туар дедім. Ал, қай атаңнан көрдің ЖЕР туған қатынды?! ЖЕР – біздің анамыз. Өлеміз, тірілеміз, ұлтарақтай да жер бер­мейміз түрік жерінен! Жер-Анамыз үшін жанымыз құрбан! Атқа қоныңдар! Халықты көтеріңдер!

Міне, Мөде қаған тағылымы!

«Тарих спиральды қайталанады» де­­ген сөзді жиі айтар еді Бейсекең – Бейсем­­бай Кенжебайұлы! «Үш жүз жыл боданбыз. Енді қанша?» деп аңырап отырар еді Бей­се­кең. Ел – ел болса ер туғызбай тұрмай­ды. Тек ердің тұрарын айт. Ердің ел үшін тұрыса­рын айт деп термелейтін Бейсекең! Сөй­те­тін де осы жерде Жұмабек Тәше­нев­­пен көрші тұрдық... деп бастап қайран ер тура­лы әңгімесін сабақтар еді. Сондағы айтары...

...Алматыда үй тапшы. Соғыстан кейінгі жылдар. Етегімізді енді жауып, еңсемізді енді көтеріп жатқан сәтіміз. Үкімет үй сал­ды. Мына үйді салды (таяғымен алдымыздағы Калинин көшесіндегі көлбей салынған үйді көрсетті.). «Кімге беру керек?», «Бірен-саран қазаққа, қалғанын орысқа беру керек. Өйтпесе халықтар достығына нұқсан ке­леді...» Жоғары жақтың ұйғарымы осындай болыпты. Сонда атаңа мың да бір рақмет Жұмабек «Қазақ  зиялыларынан дүркін-дүркін  айырылған халық. Ұлтты ұлт ететін, халықты халық ететін оның зиялы қауымы. Қазақ осы жылдар ішінде зиялыларынан  түп-түгел айырылды десе болады. Зиялы буынды қалыптастырмай қалай ел, жұрт боламыз? Мына жаңа бітіп жатқан үйді негізінен қазақтың оқыған, танылып келе жатқан зиялыларына берейік. Жаңа буын зиялыларға бүгін қамқор бола алмасақ, ертең мына қоғамның жағдайын ойлайтын тегеурін танытар зиялы қауым  қайдан шығады?» депті. Сөйтіпті де әдебиет пен өнер, ғылымның таныла бастаған жастарына әлгі үйден пәтер бере бастапты...

Бейсекең үнінен күрсініс кетіп, түнеріңкі реңі ашыла бастағандай болады.

Тарих терісінен қайталанған. 

...1953 жылы КСРО алып империясы­ның қан қасап «күн көсемі» И.Сталин өлді. Атуға жібере ме деген басым, алты ай үй қамағында отырып,  Мәскеуге – Орталық Комитеттің Партиялық бақылау бөліміне хат жазып, ақталдым. Түрлі айла-шарғымен арақпаз Н.Хрушев билік басына  келді. Келді де Ресей патшасының үш ғасыр жүзеге асыра алмаған, И.Сталиннің ер­лерін асып, атып күйреткенімен түпкі көз­деген мақсатына жете алмаған біржолата отарлау саясатына аз уақытта жетуді ойлады. Ол қазақтың жалпақ жатқан жерін алу. Әлсіре­се де әлі өшпеген қазақтың рухын өшіру. Сарыарқаны Тың сылтауымен Ресейге берсе, мақталы өңір – шаруашылыққа тиімді деп Оңтүстік Қазақстанды (Бос­тандықты) Өзбек ССР-не берсе... 

Хрушев қанды шеңгелді салды келіп, салды келіп. КПСС Орталық Комитеті Бюросы атынан сөйлейді, үкім етеді. Бірақ қағаз жүзінде болса да Лениндік КСРО-ға біріккен елдердің еріктілігі жөнінде декрет бар. Қағаз жүзінде ғана істейтін декретті, Қазақ ССР-і басшыларына қол қойдырып, бармақ бастырып алса жетіп жатыр. Халық тобыр, ел бодан. Одан ығудың, онымен санасудың керегі жоқ. Референдумның да керегі жоқ. Қазақ ССР-нің бірінші хатшысы мен Қазақ ССР Министрлер Советінің төрағасына «қол қой» деп Орталық Коми­тетте жасалған келісім қағазын ұсынады. Бірінші хатшы қыпылдайды. Осы сәт Қазақ ССР Министрлер Советінің председателі (ол кезде солай) Жұмабек Тәшенев орнынан атып тұрыпты:

– Сіз не айтып тұрсыз, Никита Серге­е­вич, Жер – халықтікі. Мен уақытша ғана басшымын. Ата-бабамыз ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен көзінің қарашығындай, анасының арындай адал қорғап келген жеріне басшы екенмін деп билік жүргізе алмаймын. Халықтың жеріне билік жүргізуге ешкімнің де, ешқайсы­сы­мыздың да хақымыз жоқ. Қол қоймаймын. «Қол қой» деп зорласаңыз, халықаралық ұйымдарға шағынамын! – депті атып тұрып!

Өзімбілермен Хрушев сас­қалақтап қалыпты. Хрушев басқарған БЮРО сөйтіп нәтижесіз аяқталыпты. Қатер бұлтқа ай­налып, қазақ даласының үстінде тұрып-тұрып сейіліпті...

Анау Сәбиттер Хрушевпен арақ ішкені­не мәз болып, «қыз ұзатамыз» деп Өзбек­станға жер беріп жатқанда  Жұмабектің мынаусы ерлік болды, айналайын! Ей, өзі де қуғын көрді ғой...Қызметінен қуылды. Шымкентке жер аударылды...

«Қазақ осындай ұлды көп тусайшы, шіркін!» Бейсекең кеудесін көтеріліп өркештеніп алды.

Әкедей әзіз Бейсекең әңгімесі менің есімнен кетер болмады. Тәшенев маған бейне ауыз әдебиетінің айтулы аңыз батырларындай болып елестеді. Шіркінді бір көріп әңгімелесер ме еді деген жур­налистік аңсар биледі мені.

Исмайыл Юсупов есімді кісі болды. Ұлты – ұйғыр. Алматының бір аумағында тұрдық. Ол тұрған бір үйді кезінде жазушы Қалтай Мұхамеджанов алғаны бар. Иә, сол Исмайыл аға күнде таңертең «Тереңкур» сейіл жолымен өзеншені жағалап «Айна­бұлақ» кафесі орналасқан тау бөктеріне дейін сейілдеп жаяу барып оралатын. Денсаулық сақтау шаралары.Ұзақ өмір сүргісі келеді. Бейсекең үйінде тұрған кезі­мізде мен де «Тереңкурмен» сейілдейтінмін. Республика басқарып, дербес зейнеткерлікке шыққан азаматтардың бірсыпырасымен осы «Тереңкурмен» сейілдей жүріп аралас­қаным бар. Исмайыл Юсупов біздің Оңтүс­тік Қазақстанды басқарған, одан кейін Н.Хрушевтің жебеуімен Қазақ ССР-нің бірінші басшысы болған кісі. Төлебаев көшесінде, Мұхтар Әуезовтің үйінен төменгі буында (Шевченко көшесімен қиылыста) Сәбит Мұқановқа арнап үй салына бастаған. Үкіметтік жоба болғандықтан бірінші хатшы болып тағайындалған соң И.Юсупов Ми­нистрлер Советінің төрағасы Д.Қонаевқа «Сенің жазушыларыңа үй салып беремін бе, республика шаруашылығын көтеремін бе?» деп мәселе қойған. Димекең Сәбеңе мұң шағып,  Халық жазушысы қатты ашу­ланып, бірінші хатшыны тықсырғаны ел аузында жүреді. (Кейін әлгі үй балабақшаға айналды.) Қысқасы, ерігіп сейілдеп қайтарда жасы құралыптас бозбастар осындай сұ­раулар береді. Исмайыл акаға қойылар сауалдың кейбірі Жұмабек Тәшеневке байланысты қойылады. Жұмекеңді ұнатар-ұнатпасын кім білсін, бірақ тұлғаны мо­йындап: «Ой, ондай ер қазақта бұрын-соңды болмаған ғой... Жұмекең хас батыр еді ғой...Батырлығы білімнен. Білімді еді ғой Жұ­мекең... Жұмекеңнің қадіріне бәріміз де жеткен жоқпыз... » дегенін мына құлағыммен естігенім бар.

Міне, осындай хас батыр дерлік адаммен Сәбит Мұқановтың шаңырағында Мәриям апайдың арқасында жолығып, әңгімелестім.

Мәриям апай менің қызығушылығымды аңғара ма, Сәбең жарықтықтың көзін көрген талай адамды сарсылып іздеп ба­ратынымды, ғайыптан-тайып музейге келе қалса естелігін жаздырып алатынымды хош көре ме, әйтеуір үйіне көнекөздер келсе, мені шақырып отырады. Бұл жолы да солай болды. Шұғыл шақырды. Жедел жетіп бардым. Мәриям апай дастарқан жайған. Төртбақ жуантық ер кісі отыр.

– Жұмабек ағаң. Сәбит ерекше жақсы көріп еді, Жұмекеңді, – деді Мәриям апай.

– «Тәшенев? – дей жаздап барып қал­дым. – Шымкенттен келіп отыр ғой, ағай?

– Иә, Шымкенттен. Әңгімесін тыңдасын деп әдейі шақырттым, қарағым.

Көзінің тірісінде-ақ аңызға айнал­ған Жұмабек Тәшеневті мен осылай, жазу­­шы Сәбит Мұқановтың шаңырағында көріп, кездесіп, әңгімелесіп едім. Күнделік ақ­тарып әңгімесін емен отырып бір еркін жеткізермін әлі. Әл-әзір  сабыр сақтай тұрайық...

... «Дәм айдаса қалма...» деген. Шым­кентте тұрармын, қызмет істермін деп сірә да ойлаған емен. Тағдыр айдап туған жерде бес жыл қызмет еттім. Сонда Жұмабек Тәшеневтің үйімен көрші тұрдық. Әйел, бала-шағасымен жолығып әңгімелестім. Әрине, бұл кезде Жұмекең бақилық! Жеңгейдің «Ағаң өзіне келгенде өкіметтен ештеңе сұрамайтын еді ғой. Шымкентте дұрыс үйді Брежневке тлифондап алған­мын» деген үні құлағымда. Леонид Ильичтің өзі  Қазақстанға телефондап: «Жұмабек Ахме­товичке әлі күнге бір дұрыс пәтер бе­рілмегені не қылғаны?...» депті.

Шымкентте дұрыс үй? Дұрыс үй – мем­лекет тарапынан жасалған жағдай! Жұмекең Қазақ ССР Министрлер Советі председателі қызметінен қазақтың жерін қорғаймын деп бір сәтте сыпырылып түсіп, Оңтүстік Қазақстанға облыстық атқару комитетінің бәленбайыншы орынбасары етіп жіберілген. Ол өзі де күткен жағдай болуы керек. Кү­йінішке берілмей, білек сыбана кірісіпті қызметіне. Бірақ қайдан? Саптыаяққа қымыз құйып, сабынан қарауыл қаратып қойған... Одан «Қаракөл елтірісі зауыты директорының шаруашылық жөніндегі орынбасары» қызметіне сырғытылғын. Қызметтес болған жандармен әңгімелесіп жүремін. Жұмыс істетпеген. Ал, ол болса қызметті әріптестерінен тартып алып ат­қарады екен. Шеттеткен. Соған қарамай, жас кадрларды жанын салып тәрбиелейді екен, жарықтық.Шәкірттері көп. Көптің аузында әлі күнге жалқы, жадау күй кешкен қазақ саяси өмірінің хас батыры, тота­ли­тарлық жүйе кезеңінің тар құрсауында ұлт мүддесі үшін тұрысқан, жаңа заман­ның МӨДЕСІ – ЖҰМАБЕК АХМЕТҰЛЫ ТӘШЕНЕВ!

Расында, Жұмабек Тәшенев империяның отаршылдық саясаты тұмшалаған заманда бұлттан күнге жол ашқан ардағымыз, ұлы Абай айта беретін «единица» ғой. «Өңшең ноль» (Абай) өңкиіп аузына су толтырып алып отырғанда «единица» болмаса жағдай қалай болар еді? Тәшенев болмаса не боламыз сол жолы? Бүгін ойласаң жаның түршігеді. Сондай адамды да қадірлей алмадық-ау деп өкінесің.     

– Азамат Алашұлы аңдамадың,

Қымбатты арзан менен таңдамадың.

Түтікпен  жаманыңды үріп-үріп,

Жақсыңды жаудай қылып олжаладың, – деген Әбубәкір Кердерінің өлең жол­дары­ның есіме түсіп отырғаны.

Тәшеневке кеше кеңестік кезеңде жағдай жасай алмадық. Отбасы Алматыға қоныс аударып, көшіп кеткелі бірсыпыра уақыт. Енді ең болмаса тәуелсіздік алған бүгінгі күні Астана, Алматы, Шымкент қалаларында кісі бойы биік, еңселі ескерткіші қойылса жараспас па еді?! Бұдан 10, тіпті 20 жыл бұрын айтқан ұсынысымды бүгін тағы бір қайталауға тура келіп тұр... Бұрын радиодан айтып едім, бүгін баспасөзге жазып отырмын! Қазақ жерін басқыншы отар­шы­лардан қорғап қалған Жұмабек Тәшенев қазақ халқы аман тұрғанда Жер – Ананың құ­ша­ғында ғана емес, ЕЛ – АНАНЫҢ да құ­шағында жасауға тиісті ұлы тұлға! Қазақтың қатепті қара нары, жаңа дәуірдің МӨДЕСІ...

Құлбек ЕРГӨБЕК,

профессор