Кімдерге 4 пайызбен несие берілетіні белгілі болды
Кімдерге 4 пайызбен несие берілетіні белгілі болды
© сурет интернеттен алынды
246
оқылды
Қазақстанда аз қамтылған немесе көпбалалы жанұядағы жұмыссыз азаматтарға 4 пайызбен жеті жылға дейін шағын несиелер беріледі, - де мәлімдеді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов. Аталған бастама «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасында көрсетілген. «Бұл бағдарламаға 2020 жылы 123 млрд теңге қарастырылған, 535 мың адамды қамтимыз деп жоспарлап отырмыз. Оның ішінде аз қамтылған немесе көпбалалы жанұядағы жұмыссыз азаматтарға жеңілдіктер қарастырып үлгердік. Егер де «Еңбек» бағдарламасы бойынша, шағын несиелер 6 пайызбен бес жылға дейін берілетін болса, аз қамтылған немесе көпбалалы жанұядағы жұмыссыз азаматтарға бұл несие 4 пайызбен жеті жылға дейін берілетін болады», - деді Б. Нұрымбетов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте. Сонымен бірге, аз қамтылған немесе көпбалалы жанұя мүшелері үшін кішігірім жеке бизнес ашуға тегін қайтарымсыз гранттар беру тәртібі де өзгертілді. Мұнда бір айлық кәсіпкерлік негіздері туралы міндетті оқу талабы алынып тасталды. Яғни, олар оқудан өтпей-ақ, грант ала алады. «Бүгінде жұмыстан қысқаруы мүмкін тәуекелдерді ескере отырып, Үкімет жаңа Жұмыспен қамту картасын әзірлеп жатыр. Бұл карта арқылы еліміздегі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруды көздеп огтырмыз. Яғни, әлеуметтік нысандарды жаңғырту, күрделі жөндеу, орта жөндеу, тұрғын-үй коммуналдық инфрақұрылымдарды жаңарту, инженерлік-көліктік инфрақұрылымдарды жаңарту, елдімекендерді абаттандыру жұмыстары көзделеді. Оның шарттары мен негізгі тетіктерін ертеңгі Үкімет отырысында толық жариялаймыз», - деді министр. Бұған дейін министр қысқартуға ұшыраған жұмысшылардың 6 ай бойы әлеуметтік төлем ала алатынын айтқан еді.