Теңгенің келешегі не болмақ?
Теңгенің келешегі не болмақ?
5,223
оқылды
16 наурызда еліміздегі ақша айырбастау пункт­терінде доллар бағамы 450 теңгеге жетті. Ұлттық валюта бағамының тұрақ­сыздығы Ресейде де бо­лып жатыр. Бұл жағдай ха­лықты алаңдатып отыр­ғаны жасы­рын емес. Сол себепті ұлт­тық теңге­міздің құлдырауы мен келешек­те­гі жағда­йына байланыс­ты сарап­шылар пікірін білдік. Экономика ғылымдарының кандидаты Талғат Демесіновтің айтуынша, Ұлттық банк доллар бағамы 500 теңгеге дейін жетуіне жол бермейтін сыңайлы.
– Әлемде болып жатқан эко­номикалық ахуалдарға, коро­навирус жағдайына байланысты Үкіметтегілер мен Ұлттық банк бас­шысы Ерболат Досаев тең­ге­нің долларға шаққандағы курсы бүгінгідей «450-500 теңгеге же­туіне жол бермейміз» деді. Ол кі­сілер өздерінің айтқан уәде­ле­рінде тұратын болса, мұндай жағдайға жол берілмейді, – деді сарапшы.
Алайда қаржы саласының маманы Ұлттық банк доллар бағамын ары кетсе, екі аптаға дейін ғана ұстап тұра алатынын айтады. Бұл мақсатта Ұлттық банк 1-2 млрд долларға дейін са­туы мүмкін. Ал Сапарбай Жұбаев аталған жағдайдың уақытша ғана екенін және жақын арада қайта қалпына келетінін жеткізді.
– Мұның бәрі коронави­рус­тың кесірінен болған сауданың, көлік тасымалының, қызмет көр­сету жүйелерінің тоқырауы­мен тікелей байланысты. Жалпы, халықаралық валюта қоры 1,5-2 пайызға төмендейді деген еді. Қазіргі болжамдар бойынша 2 трлн долларға төмендеген. Қор биржасында бүгін түске дейін доллар саудасы болған жоқ. Сондықтан екінші дәрежелі коммерциялық банктер мен ақша айырбастау орындары теңге бағамын 440-қа дейін жеткізгені әлі түсініксіз. Себебі Ұлттық банктің бүгінгі ресми бағамы 1 долларды 405 теңге деп көрсетіп тұр. Ал еркін бағамға жібердік деген негізгі сауданың бағасы Қазақстандағы қор бир­жасына келіп шығуы керек еді. Ұлттық банктің де ресми бағамы биржадағы саудаға жақын болуы керек. Сол себепті бұл жағдай кеш­ікпей анықталып, бір тоқ­тамға келеміз деп ойлаймын, – деді ол.
 

М.ХАҚНАЗАР