Төтенше жағдай: елдік пен кемелдік қажет
Төтенше жағдай: елдік пен кемелдік қажет
5,275
оқылды
Қазақстан бүкіл адамзатты шарпыған «коро­навирус күйзелісіне» килікті. Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елі­мізді тұтас 30 тәулікке тың әрі тө­­тенше күйге көшірді: «Қазақстан Респуб­ли­касын­да төтенше жағдайды енгізу туралы» Жар­лық жариялады.  

Бұл нені білдіреді?

Біріншіден, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жаңа COVID-19 коронавирусын пандемия деп жариялауына байланысты аза­маттардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында Қазақстанның барлық аумағында 2020 жылғы 16 нау­рыздағы 08 сағат 00 минуттан 2020 жылғы 15 сәуірдегі 07 сағат 00 минутке дейінгі кезеңге төтенше жағдай енгізіліп отыр. Екіншіден, осы бір ай бойы арнайы құрылған комиссия жұмыс істейді. Төтенше өкілеттіктерге ие болған Президент жанындағы Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияға Үкімет басшысы Асқар Мамин төрағалық етеді. Комиссия құрамына Президент көмекшісі –Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Әсет Исекешев, Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Мәлік Мырзалин, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімов, Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетов, Сенат төрағасының орынбасары Асқар Шәкіров, Мәжіліс вице-спикері Владимир Божко, Мемлекеттік күзет қызметінің бастығы Қалмұханбет Қасымов, Премьердің барлық орынбасарлары және 10 министр кірді.  

Шектеу – індет шектен шықпауы үшін қажет

Үшіншіден, төтенше жағдай кезеңіне бірқатар шектеу енгізілді. Атап айтқанда, қоғамдық тәртіп­тің сақталуы, аса маңызды мемлекеттік және стра­тегиялық, ерекше режимдік және ерекше қорғалатын объектілердің, сондай-ақ халықтың тыныс-тіршілігін және көлік қызметінің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін нысандардың күзетілуі күшейтілді. Себебі қиын-қыстау шақта тонау-мародерлік қарекеттер, лаңкестік талабы өрістеуі ықтимал. Стратегиялық нысандарға былайғы жұрттың кіруі шектелді. Үкімет, Сенат, Мәжіліс онлайн форматқа көшті, шараларға журналист қатыстырылмайды, тек ғаламтордағы трансляциядан көре алады. Бұдан бөлек, сауда ойын-сауық орталықта­рының, ірі сауда орындарының жұмыс істеуіне шектеу қойылды. Сонымен қатар кинотеатрлардың, театрлар­дың, көрмелердің және адамдар көп жиналатын басқа да орындардың қызметі уақытша тоқта­тылды. Қалаларда түнгі клубтар, караокелер, барлар жабылды. Мұның сыртында елде карантин енгізіліп, санитариялық-эпидемияға қарсы ауқымды іс-шара жүзеге асырылуда. Бұған тіпті армия, яғни Қорғаныс министрлігінің және ішкі істер орган­дарының халықтың санитариялық-эпидемиологиялық сала­маттылығы саласындағы құрылымдық бөлімшелері тартылады. Сондай-ақ ойын-сауық, спорт­­тық, басқа да бұқаралық іс-шараларды, тіпті отбасылық, атау­лы іс-шараларды өт­кізуге тыйым салынды. Мейрамхана, тойхана, дәмханалар банкет өткізбей­тін болды. «Мұндай шараларды кейінге қал­дыру ұсынылады», – деді Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли.
Жарлықта «Қазақстанның және шет мемлекеттердің дип­ломатия­лық қызме­тінің персо­налын, сон­дай-ақ Сыртқы істер министрлігінің шақыруымен Қа­зақ­станға келетін халықа­ралық ұйымдар делегация­ла­ры­ның мүшелерін қоспа­ғанда, Қа­зақстан аумағына көліктің барлық түрімен кіруге, сондай-ақ оның аумағынан шығуға шек­теулер белгілен­сін», – делінген. Сыртқы саясат ведомство­сының ресми өкілі Айбек Сма­дияров шектеу – елге ешкім кір­мейді және сыртқа ешкім шық­пайды дегенді білдірмей­тінін нақ­тылады: «Шетел­де жүр­ген қазақстан­дықтар Қазақ­станға еш кедергісіз орала алады. Бұл шектеу негізінен шетел аза­мат­тарына қатысты қолданыла­ды», – деді ол.
СІМ түсіндіруінше, төтенше жағдай кезеңінде емделу мақса­тында өзге елге аттанатын отан­дастарымызға ешкім тосқауыл қоймайды, тек шекарада тиісті медициналық құжаттарын көр­сетсе, жеткілікті. Қазақ жерінде жүрген жатжұрттықтар – ин­весторлар, турис­тер, мигранттар да еш кедергісіз өз мем­ле­кетіне қайта алады. Бұл ретте қазақ­стандық және шетелдік дипло­маттар Қа­зақстанға еркін кіріп-шығу мүмкін­дігіне ие. Теміржол пойыз­да­рының бри­гадалары, ұшақ және кеме эки­паждары, шетелдік трансшекаралық құ­рылыстарға қызмет көрсетуші пер­сонал да бұрынғы режимде жұмыс істей бермек. Өзге елдерге тұрақты емес рейс жа­сап, жолаушы тасудан өз бетінше нәпақа табатын барлық автобус және микроав­тобус та­сымалына тыйым са­лынды. Ав­товокзалдардан шығатын тұ­­рақты автобус қатынасы шек­телді. Шет­елдік автобустар транзиті тоқта­тылды. Жүк тасушы фуралар қозға­лысы іркілмейді, бірақ олар ка­ран­тиндік және санитарлық-ін­детке қарсы шараларды сақтауы тиіс.  

Кемшін түссе, кім жауапты?

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өз Жар­лығымен Бас прокурор Ғизат Нұр­дәуле­товті құжатта белгіленген шаралар мен уа­қытша шектеулерді іске асыру кезінде заңдылықтың сақталуын қамта­масыз етуге жауапты тұлға ретінде бекітті. Ал Президент жанындағы Төтенше жағдай режимін қамта­масыз ету жөнін­дегі мемлекеттік комиссия, ҰҚК, Ішкі істер ми­нистрлігі, Қорғаныс министр­лігі, Денсаулық сақтау министрлігі, Индус­трия және инфрақұры­лымдық даму министрлігі, Қар­жы министрлігі, үш ме­гаполистің және барлық облыстың әкім­дері «төтен­ше жағдай режимі кезінде қолда­нылатын шаралардың іске асыры­луына жауапты болып ай­қындал­ды». Әрине, бетін әрі қыл­сын, бірақ оқиға басқаша өрбіп, төтенше жағдай шарала­ры орындалмай қалса, оған осы ла­уа­зымды тұлғалар айыпты болмақ. «Қазақстан Республикасында тө­тенше жағдайды енгізу тура­лы» Жарлық Асқар Мамин Үкі­метіне жаңа міндеттер жүктеді: Ми­нистрлер кабинеті бірін­ші­ден, төтенше жағдай режимін қамтама­сыз ету үшін Үкімет резервінен қажетті қа­ражаттарды бөлуі тиіс. Екіншіден, медициналық тексеру­ден, емделуден, каран­тин­дік режимді сақ­таудан бас тартатын, эпидемиоло­гиялық жағ­дайды айқындау үшін ма­ңы­зы бар дерек­терді, мысалы кіммен ара­­ласқанын жасыратын адамдарға ба­қылауды арт­тырып, ол адамдарды жа­заға тарту ша­раларын күшейтуі керек. Үшіншіден, Үкімет жергілікті билік­пен бірлесіп, Қазақстан аумағында COVID-19 таралуын болдырмау мақса­тында осы Жар­лықты іске асыру жөнін­де өзге де шараларды қабылдауға жауапты. Осы орайда, отандық кәсіп­керлерді қолдауға және жаңа жұ­мыс орындарын құруға мемле­кет ең кемі 300 миллиард теңге (шамамен 700 млн доллар) бөле­тіні белгілі болды. Билік халық көп тұ­тынатын қарапайым зат­тардың өз елімізде жаса­луына баса мән бермек. Халыққа телевизиялық Үн­деуінде Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның ха­лықаралық ре­зервтері, алтын қорын қоса ал­ғанда, 90 миллиард долларға жуық­тап қалғанына назар ау­дартты. Оның байламынша, бұл экономика тұрақтылығын сақ­тау­дың кепілі әрі мемлекеттің өз мойнындағы әлеу­меттік міндет­темелерін орын­дауына жетеді.  

Бизнес қалай жұмыс істейді?

«Атамекен» ұлттық палатасы тө­тенше жағдай (ТЖ) режимінде бизнес­тің қалай жұмыс істейтінін түсіндіруге тырысуда. Бірінші­ден, заңға сәйкес ірі сауда ны­санда­рының жұмысы шектелді. Егер сауда нысанының сауда ала­ңы 2 мың шаршы метрден үл­кен болса, ол ірі болып танылады. Сауда және интеграция ми­нистрлігі ТЖ аясында азық-түлік сататын супер­маркеттер, базарлар және дүкендер өз жұ­мысын жалғастыратынын, бұқара өте көп жиналатын сауда, ойын-сауық орта­лықтарының (СОО) қызметі шектелетінін хабарлады. Нақтылай түссек, олар тек таңғы 10.00-ден кешкі 18.00-ге дейін ашық болуы шарт. Тәулік бойы немесе түнде жұмыс істей алмайды. Оларда еден жиі жуылып, баспалдақ пен эска­ла­тор тұтқалары, лифтілер, есіктер және басқа­сы ұдайы дезинфек­циялануы, микробқа қарсы ан­тисептикалық зат толтырылған санитайзерлер орнатылуы мін­дет. СОО ішіндегі кинотеатрлар, балаларға арнал­ған ойын-сауық алаңдары, кез келген көңіл көте­ру орындары жабылуы тиіс. Азық-түлік емес тауарлар сата­тын базарлар таңғы 11.00-ден түскі 17.00-ге дейін ғана сау­да жасай алады. Оларда да са­нитарлық және дезинфек­циялық шаралар күшейтілуде. Нан және ұн өнімдерін, кон­дитерлік тағамдарды, салатты тек жабық, қорап­тал­ған күйде сатуға рұқсат етіледі. Өйт­кені мұнысы да­йын өнім, халық оны қай­натпайды, қуырмайды, сол күйінде тұ­тынады. Демек, вирус түссе, ағзаға енбек. Айтпақшы, «бейбіт заман­дағы» шағын бизнес тексеріл­мейді деген заң талабы төтенше жағдайға жүр­мейді: бақылаушы, қадағалаушы органдар Пре­зи­­дент Жарлығындағы шектеулер мен тыйымдардың қан­шалықты орын­далып жатқанын анықтау үшін кез келген кәсіп­керлік ны­санына жоспар­дан тыс тек­серу­мен сау ете қалуы ықтимал.  

Айхан ШӘРІП