Ұлт сапасын салмақтайтын сынақ
Ұлт сапасын салмақтайтын сынақ
277
оқылды
Қазақстанның тарихында алғаш рет бүкіл республика аумағында төтенше жағдай жарияланды. Себебі белгілі, күллі жұртты дүрлік­тірген коронавирус. Бұрын-соңды біздің елді Эбола, құс және шошқа тұмауы, SARS не MERS секілді ХХІ ғасырдың кең таралған вирустары шарпымаған еді. Алайда коронавирус шекарадан өтті. Енді бізді үлкен сынақ күтіп тұр. Әрекетіміз қандай болмақ: үрейге бой алды­рып, әркім басын алып қаша ма, әлде біртұтас халық болып, ка­рантиннің жүгін бірге көтереміз бе? 2011 жылы 11 наурыз күні Жапо­ния 9 балдық жер сілкінісінен туған цу­намиден қатты зардап шекті. Он мың­даған кісі баспанасыз қалды, көп­шілігі мұхит түбіне мәңгілікке кет­ті. Бұл апат аралдардағы инфра­құ­рылымдарды бұзды. Фукусима айма­ғындағы тұрғын­дар электр қуатынсыз, сусыз, тамақсыз қалды. Алайда осыған қарамай, жапондар үкімет таратқан азық-түлікке ұзын-со­нар кезекке тұрып, асықпай, аптықпай, сабырлық танытты. Дүкендерді то­науға, жаппай қылмысқа жол бермеді. 2005 жылы тамыз айында «Кат­рина» ураганы АҚШ-тың Жаңа Ор­леан қала­сына үлкен шығын әкелді. Табиғаттың тосын мінезінен құрбан болғандар аз емес еді. Дегенмен жағ­дай­ды қалыпқа келтіруде полиция біраз қиындыққа кезікті. Себебі кей­бір тұрғындар ас-су­дың жетіспеуінен жергілікті супермар­кеттерді тонауға кірісті. Қалада ара-тұра атыстар да бо­лып тұрды. Кейде полиция жазық­сыз кісілерге оқ жаудырған сәттер де болды. 1997 жылы Оңтүстік Корея Азия­дағы қаржылық дағдарысты сезінген елдердің қатарында еді. Сондықтан Халықаралық валюта қорынан көмек сұрады. Бұл ұйым корейлердің көкірегін итермеді, бірақ шығынды қысқарт деп шарт қойды. Банктер бұрынғы деңгейде жұмыс істеу үшін валюта жетпей жатты. Жағдайдың ушыққанын көрген қатардағы корей азаматтары банкке алтын әшекей­лерін өткізе бастады. Спортшылар түрлі халықаралық турнирлерде жеңген алтын медальдарын тапсырды. Тіпті, бағалы заттарын өткізушілердің қарасы көбей­гені сонша, олар ұзын-сонар кезекке тұрған. Ал жұмысқа асыққандары кезегін күте алмай, алтынын алдында тұрған кісілерге тапсырып, ақшасын алмай кеткен. Корея Республикасы 1999 жылы-ақ жағдайын түзеп, экономикасының даму көрсеткіші 10 пайызға жетті. 2010 жылы Грекия бұрын-соңды тарихында болмаған қаржы дағда­рысы­на ұшырады. Бұл ел Еуроодақ пен Халықа­ралық валюта қорынан 110 млрд еуро қарыз алды. Алайда екеуі де белді бекем буып, артық шығынды кемітуді талап етті. Бұл ел бойынша тарифтердің қым­баттауына әкелді. Соның бірі қоғамдық көлік ақысы еді. Сонда Грекия тұрғын­дары көшеге «Төлемеймін» деген атақты ұранын алып шықты. Елде тек қар­жы-экономикалық қана емес, саяси дағдарыс та байқалды. Ежелгі Элла­даның ұрпақ­тары аталған дағдарысты тек 8 жылдан кейін ғана ауыздықтауға шамасы жетті.  

Ұлт – тобыр емес. Алғашқы қа­жетін қанағаттандырумен шектелетін адамдар жиынтығы емес. Бұл – өткені бір, түсінігі ортақ, дүниетанымы ұқ­сас, құндылықтары мен салт-санасы қалыптасқан, бағыты мен бағдары айқын жұмылған жұрт. Ұлттың сапасы сын сәтінде байқалады.

  Бұл деректер бір ұлтты ұлықтап, басқасын кемсіту үшін жазылған жоқ. Соғыс барысында, айталық жапон әскерінің көршілеріне көрсеткен азабы аз болмады. Алайда ХХІ ға­сырдағы жағдай басқа. Заманауи түрлі сынаққа әлем халықтары түрліше жауап қатуда. Біреуі сәтті пайдаланып, қара басының қамын күйттесе, бас­қасы «көппен көрген ұлы той, сабыр» ережесін ұстанды. Әрине, бұл әр халықтың ментали­тетіне, түсінік-та­нымына, салт-дәс­түріне, терең та­рихына, өмір филосо­фиясына тікелей байланысты. Бұл жерде біреудікі жақсы, басқанікі на­шар деген ұғым жоқ. Дегенмен қазақ «үйрен де жи­рен» дейді. Елде алғаш рет республика бойынша төтенше жағдай жария­лан­ғанда, біз өзімізді қандай ұлт ретінде көрсетеміз? Өзгеге емес, өзімізге. Ұлт – тобыр емес. Алғашқы қа­жетін қанағаттандырумен шектелетін адамдар жиынтығы емес. Бұл – өткені бір, түсінігі ортақ, дүниетанымы ұқ­сас, құндылық­тары мен салт-санасы қалыптасқан, бағыты мен бағдары айқын жұмылған жұрт. Ұлттың сапасы сын сәтінде бай­қалады. Оның мысал­дарын жоғарыда келтірдік. Бүгін де біраз мысалды байқау­ға болады. Ко­ронавирус біраз мемлекетті әбігерге салды. Осы тұста ақпанның 20-да Қытайдан келген украиндықтар өз еліндегі Жаңа Санжар елді мекенінде санаторийге карантинге орналасу керек еді. Алайда жергілікті тұрғындар өз отандастары ауру тасиды деп үрей­леніп, олар отырған автобусты таспен атқылады. Осыған ұқсас жағдай Иран­да да тіркелді. 29 ақпанда Бен­дер-Аббас қаласының тұрғындары коронавирус жұқтырған науқастардың жергілікті ауруханаға жатқызылуына наразылық ретінде сол аурухананы өртеп жіберді. Бұдан бөлек, ауру шарпыған Иранда вирустан аман қаламыз деп түрлі арақ-шарап, басқа да химиялық сұйықтық ішкен 40 адам қайтыс болды.    width=   Емі қиын дерттің көпті шошыт­қаны рас. Алайда өз отандастарын жамандыққа қиып, науқастанғаны үшін оларға ша­буыл жасау – тобырлық әрекет. Бәлкім, осындайда «әр қазақ – менің жалғызым» дейтін Сабыр Адайдың сөзін еске түсірген абзал шығар. Бірақ кей кездері әр қазағымыз да қазақылық танытпайды. Осыдан бірнеше жыл бұрын жолаушы тасыған автобус Жамбыл облысында жолда қар құрсауында қалғанда жергілікті ауыл тұрғындары ас-сусыз қалғандарға бір нанды 1 000 теңгеден сатып, адам­гершіліктен алшақтағаны есімізде. Ал жақында ғана Алматы қаласында коронавирусты жұқтыр­ған Б. есімді азаматша кіммен бай­ланысқа түскенін қасақана айтпай жүргені мәлім болды. Бірақ уақыт өткен са­йын етек-жеңіміз жиылып, ел болып жатқанымыз рас. Елдікті де танытып жатырмыз. Елордада да қыс мезгілінде ауа райы минус 40-қа жа­қындағанда көшеде автобус не такси күткендерді жүзі жылы аза­маттар көлі­гіне отыр­ғызып, керек жеріне жеткізіп жатты. Немесе Арыс­­­тағы оқ-дәрі қой­масы жарыл­ғанда бас сау­ғалап қашқан жұртты айналасын­дағы ауылдар мен Шым­кент қала­сының тұрғындары бір ата­ның бала­ларындай қарсы алып, қолынан кел­ген көмегін берді. Көп өтпей бү­кіл Қазақстан халқы гумани­тарлық, басқа да көмегін жөнелтті. Адамдық борышың – Халқыңа еңбек қыл. Ақ жолдан айнымай Ар сақта, оны бiл. Президент рес­публика бойынша төтенше жағдай жариялағанда Шәкәрімнің осы бі­рауыз сөзі халыққа нұсқаулық секілді. Себебі адам қазір өзі мен өзгенің ден­саулығы, қауіпсіздігі үшін көптеген нәрседен бас тартуына тура келеді. Сыртқа келіп-кетер әуе рейстері қысқарып, жолаушы жолы­нан қалды. Кәсіпкерлер ісін уақытша тоқтатып, шығын көреді. Той-домалақ өтпей, туысқан көріспейді. Наурыз, Абай­дың 175 жылдығына орай жоспар­ланған ірі қоғамдық шараларға да «тұсау салынады». Мұның барлығы халық­тың денсаулығы, тіпті аман қалуы үшін десек те болады. Өйткені коро­навирустан адамның көм жұмуы кәдуілгі тұмаудан 30 есе жоғары болып тұр. 16 наурыз күні ең дамыған елдің бірі Италияда бір күнде осы дерттен 368 кісі бұл дүниемен қош­тасты. Яғни, төнген қауіптің қатері орасан. Сондықтан осындай сын сә­тінде елдің ережені сақтап, санитар­лық та­лапты орындап, артық сапарын қысқартуы, үйінде қалуы аса маңыз­ды. Мұны бұған дейін коронавирусты ертерек жұқтырып, онымен күрескен елдердің тәжірибесі дәлелдеп берді. «Ат басына күн туса, ауыздығымен су ішер, Ер басына күн туса, етігімен су кешер» дегендей, карантинде қалған Еуропа елдерінің азаматтары әрқалай амал жасауда. Біреулері азиат көрсе, алыстан қашып жатыр. Ал белгілі футболшы Криштиано Роналду өзіне қарасты барлық қонақүйлерін ко­ронавирусты жұқтырған науқастарды емдеуге арналған аурухана ретінде қолдануға келісімін берді. Италия, Испания тұрғындарының басым бөлігі үйден шықпай, таңертең балкондарында тұрып, бірге жаттығу жасап, кешке дәрігерлердің еңбегіне қол шапалақтауда. Тіпті, кейбір жез­таңдай әншілер үйінің балконынан бүкіл ықшамауданға дауысы жет­кенше ән шырқап жатыр. Яғни, әркім қолынан келгенше сабыр сақтап, ұлттық нұсқаулықты орындап, бір-бірін алыстан қолдауға тырысып бағуда. Бәлкім, бұл да әр ұлттың сапасын көрсетер. «Тәртіпке бағынған құл болмай­ды» деп батыр Бауыржан текке айт­паған. Ел амандығы үшін бізге де төзімділік танытып, басқа түскен жағдайдан абыроймен шығуға тура келеді. Басқа жол жоқ, себебі коро­навирус жұқтырған адам саны бүгін онға жетті.    width=Нұрмұхамед БАЙҒАРА