14 мамырда сағат 17:10 шамасында Қостанай теміржол стансасында қайғылы жағдай бола жаздады. Перрон аумағында кезекшілік атқарып жүрген Қостанай стансасындағы желілік полиция бөлімінің патрульдік қызметкері Арсен Әбілмажинов жаяу жүргіншілер көпірінде ер адамның күмән тудыратын әрекетіне назар аударды. Ол көпір қоршауынан асып, өмірімен қоштасуға оқталған, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Бір сәт те ойланбастан әрекет еткен тәртіп сақшысы көпірге қарай жүгірді. Сол сәтте сол маңнан өтіп бара жатқан 18 жастағы Аян Карбаев есімді студент те жағдайды байқаған. Полицейдің: "Ұста оны!" деген айғайын ести сала, жас жігіт өз қауіпсіздігін елеместен, батыл қимылмен әлгі азаматты қолынан шап беріп ұстап қалды.
Азамат қатты қарсыласқанына қарамастан, оқиға орнына дереу жеткен полицей бар күшін салып, көпірдің қоршауынан асып тұрған ер адамды қауіпсіз жерге алып шықты. Қатты күйзелісте болған азаматты сабырға шақырған соң, Арсен Әбілмажинов бұл туралы бірден кезекші бөлімге хабар берді.
Жедел түрде жеткен тергеу тобы мен Қостанай станциясының желілік полиция бөлімінің басшылығы жағдайдың мән-жайын анықтады. Тексеру нәтижесінде 29 жастағы қала тұрғынының ауыр психологиялық жағдайда болғаны белгілі болды. Қазіргі таңда оған тиісті психологиялық көмек көрсетілуде, әрі оқиғаның барлық аспектілері жіті тексеріліп жатыр.
Бұл оқиға – полиция қызметкері Арсен Әбілмажинов пен студент Аян Карбаевтың бірігіп жасаған қайсарлығы мен жанашырлығының айқын көрінісі. 2024 жылғы тамызда ішкі істер органдарына қабылданған Арсен Серікұлы кәсіби шеберлігін ғана емес, биік адамгершілік қасиеттерін де көрсетті. Ол қысылтаяң сәтте дұрыс шешім қабылдап, бір адамның өмірін аман алып қалды.
Ал Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің заң факультетінің студенті Аян Қарбаевтың әрекеті де – ерлікке пара-пар қадам. Ол сол сәтте көмектесуге бел буып, адам өмірін сақтап қалуға атсалысты.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.