Кредиті және ломбардта қарызы бар азаматтарға жеңілдіктер жасалады
Кредиті және ломбардта қарызы бар азаматтарға жеңілдіктер жасалады
Фото: "Спутник Қазақстан"
387
оқылды
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мадина Әбілқасымова тұтынушылық несие нарығында тәуекелдерді төмендету шаралары туралы айтты. «Кепілсіз тұтынушылық несиенің шамадан тыс өсуіне жол бермеу бойынша тапсырманы іске асыру үшін мынадай шаралар көзделеді: төтенше жағдай кезеңінде және тұлғалардың барлық кепілсіз тұтынушылық қарызы бойынша 90 күн өткен кезде сыйақы есептеуге тыйым салынады. Бұдан ары аталған шара заңнамалық негізде енгізіледі. Жеке тұлғалардың несие тарихын қалпына келтіру үшін 50 пайыздан астам мерзімі өткен берешекті 12 айда өтеген және міндеттемелерді кейіннен орындаған жағдайда қарыз алушы үшін жағымсыз несие тарихын түзету бойынша мүмкіндік көзделеді», - деді ол. Ол сондай-ақ халық және бизнес үшін борыш өтемесінің өсуіне жол бермеу бағытында да тиісті шаралар жасалып жатқанын айтты. Оның айтуынша Қазақстанда төтенше жағдай енгізіліп, экономиканың жекелеген салаларына шектеу шараларының енгізілуіне байланысты халық пен ШОБ субъектілерінің қаржылық жай-күйінің нашарлауына жол бермеу үшін қосымша шаралар қабылдау қажет. Агенттік Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығымен, екінші деңгейлі банктермен және несие нарығындағы басқа да субъектілермен бірлесіп, мынадай шараларды қолданады. «Біріншіден, Азаматтық кодекстің 359-бабына сәйкес несие бойынша міндеттемесін орындамаған қарыз алушы аса күрделі, яғни төтенше және тойтаруға болмайтын мән-жайларға тап болған кезде мүліктік жауапкершілікті атқармайды. Мұндай жағдайға төтенше жағдай режімінің енгізілуі де жатады. Соған байланысты жеке және заңды тұлғалардың қарыздары мен микронесиелері бойынша төлемдер мерзімінің өтуі төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты туындаған кезде – айыппұлдар мен өсімпұлдар есептелмеуі тиіс. Бұл норма жеке және заңды тұлғаларға, банктер ғана емес ломбардтарды және несиелік серіктестіктерді, қарыз беретін барлық кредиторды қоса алғанда барлық микроқаржы ұйымдары берген қарыздарға қолданылады», – деді ол. Қазақстанда коронавирусқа байланысты жарияланған төтенше жағдай кезінде азаматтарға мынадай жеңілдіктер жасалады: ⠀ *Банктер кредитін кешіктіріп төлегендерге өсімпұл салмайды. Демек, тұтыну несиесін рәсімдеп, оны өтеу мерзімін 90 күннен асырып алған жеке тұлғаларға банк тарапынан комиссия есептеуге тыйым салынады. ⠀ *Жеке тұлғалардың несие тарихын қалпына келтіруге мүмкіндік беріледі. Қарыз алушы 12 айда мерзімі өтіп кеткен несиесінің 50%-дан астамын өтесе және банк алдындағы міндеттемесін орындауын ары қарай жалғастырса, несие тарихы дұрысталады. ⠀ *Банктер мен микроқаржы ұйымдары қаржылық жағдайы нашарлаған кәсіпкерлер үшін қарыз төлемін 90 күнге дейін шегеруі тиіс. ⠀ *Шағын және орта бизнестің жекелеген санаттары 1 жылға мүлік салығынан босатылады. Бұл - ірі сауда объектілері, кинотеатрлар, театрлар, көрмелер, спорт нысандары. Сондай-ақ, оларға 1 тоқсанға өсімпұл есептеу тоқтатылады.