Ірі сауда нысандары, кинотеатрлар 1 жылға салықтан босатылады
Ірі сауда нысандары, кинотеатрлар 1 жылға салықтан босатылады
Фото: Интернеттен алынды
330
оқылды
Ірі сауда нысандары, кинотеатрлар мен спорт нысандары бір жылға салықтан босатылады, – деп айтты Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов. Премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов кәсіпкерлікті және отандық өндірісті қолдау шаралары туралы баяндама жасады.   https://youtu.be/CQn93GI8Khk Министрдің айтуынша, Мемлекет басшысының бизнесті қолдау және еңбек нарығында тұрақтылықты қамтамасыз етуге қатысты тапсырмасын орындау үшін 7 негізгі бағыттан тұратын жедел шаралар топтамасы әзірленуде. Бұл  – қолжетімді қаржыландыру, кепілдіктер беру, салықтық ынталандыру және бизнесті тексерулерді азайту, сондай-ақ халықты жұмыспен қамтамасыз ету. Сол 7 бағыттың төртінші бағыты аясында, Ұлттық экономика министрінің айтуынша, шағын және орта бизнестің жекелеген санаттары үшін салықтық жеңілдіктер қарастырылады. Атап айтқанда, ірі сауда объектілері, кинотеатрлар, театрлар, көрмелер, спорт объектілеріне салықтық жеңілдік жасалады. Бұл санаттағы заңды тұлғалар және жеке кәсіпкерлер үшін бір жылғы мерзіміне мүлік салығынан босату ұсынылады. Бір тоқсанға өсімпұл есептеуді тоқтату керек. ІІІ тоқсан үшін салықтық есептілік мерзімін ауыстыру қажет деді ол. Алтыншы бағыт аясында жалпыға бірдей белгіленген режимде жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлерді салықтан босату ұсынылады. «Арнайы салық режимдері бойынша жұмыс істейтін кәсіпкерлердің кірістері осы жылдың басынан бастап салықтан босатылғанын атап өткен жөн. Жалпыға бірдей белгіленген режимді пайдаланатын кәсіпкерлерді қолдауға болады деп санаймыз», – деді министр. «Кеше Мемлекет басшысы телевизия арқылы жасалған үндеуінде атап өткендей, кәсіпкерлікті қолдауға және жаңа жұмыс орындарын құруға кем дегенде 300 млрд теңге бөлінетін болады. Несиелерді субсидиялау және салықтық ынталандыруларды беру мәселелері қосымша пысықталды, сондай-ақ «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы шеңберінде 400 млрд теңгеге дейін қосымша теңгедегі өтімділік берілетін болады. Қызметтік белсенділікті сақтаудан басқа 160 мың жаңа жұмыс орны құрылады. Жалпы, аталған жедел шаралар еңбек нарығына және экономикаға тұрақтандыру ықпал етеді», – деді Дәленов.