«Мен Qazaqпын» халықаралық балалар құрылтайы өтті

Жиынға әлемнің жеті елінен келген 288 бала қатысты.

9 шілдеде Ақмола облысындағы «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығында шетелде тұратын қандас балаларға арналған ерекше шара – «Мен Qazaqпын» халықаралық балалар құрылтайы өтті, деп хабарлайды Аikyn.kz сайты.

Құрылтайдың негізгі мақсаты – шетелдегі қазақ балаларының тарихи Отанына деген сүйіспеншілігін арттыру, ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрлерді тереңірек тануына мүмкіндік жасау. Жоба аясында қатысушылар ұлттық-мәдени бағдарлама негізінде арнайы дайындалған танымдық және тәрбиелік шараларға белсене қатысты.

"Өтініш білдірген қандастардың арасынан түрлі салада жетістікке жеткен, жүлдегер және дарынды балалар іріктелді. Мақсат – шетелдегі қазақ балаларының Атажұртымен байланысын нығайту. Қазақ тілі мен дәстүрін тереңірек танып, өз тамырын сезінуге жол ашу. Бұл олардың болашақта Отанына оралып, елдің дамуына үлес қосуына үлкен мүмкіндік береді", – деді Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының кеңесшісі Қарлығаш Бекпатшақызы.

Құрылтайда ұлттық құндылықтарды дәріптеумен қатар, балаларға бизнес, заманауи кәсіптер мен әлеуметтік желінің мүмкіндіктері туралы маңызды дәрістер оқылды. Сондай-ақ, биылғы бағдарламада этномузыкалық сабақтар, ұлттық аспаптармен танысу, музейлерге бару және тарихи жәдігерлерді зерттеу секілді бағыттар қамтылды.

Моңғолиядан Қазақстанға алғаш рет келіп отырған 13 жастағы Інжудің қуанышында шек жоқ. 

"Қазақстанға келуді көптен армандадым. Әжем үнемі «сенің елің – Қазақстан» деп айтып отыратын. Енді өз Отанымды көріп, басқа елдердегі қазақ балаларымен дос болу арманым орындалды. Ана тілінде сөйлей алатыным үшін мақтанамын", – деді жас қатысушы.