Тергеу мәліметінше, Перизат Қайраттың толық орта білімі жоқ, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Ол 2018 жылы Haluk қорын және birgemiz.kz платформасын құрған. Бұл жоба пандемия кезінде кеңінен танымал болды. Сол кезде кең таралған «Біз біргеміз» ұраны әлеуметтік желілерде белсенді қолданылып, осыны олар тиімді пайдаланған.
Айыптаушы тараптың нұсқасына сәйкес, қайырымдылыққа деп жиналған қаражат айғайы басым ұрандардың астарында жиналғанымен, көп бөлігі қолма-қол ақшаға айналдырылып, жұмсалып кеткен. Барлығы шынайы көрінуі үшін қаражаттың бір бөлігі расымен мұқтаж жандарға бағытталған. Тергеушілер мұны көзбояушылық үшін жасалған деп есептейді.
«Психиатриялық немесе наркологиялық есепте тұрмайды. Орта білімді аяқтамаған. Бұрын сотты болмаған. Алайда ҚР ІІМ деректеріне сәйкес, 2012 жылы қылмыстық қудалау аясында тартылған, бірақ іс тараптардың татуласуына байланысты тоқтатылған. Қазіргі уақытта 2024 жылғы 14 қарашадан бастап бұлтартпау шарасы ретінде қамауда отыр», - деді прокурор.
Сондай-ақ бұл іске Перизаттың туыстары мен жақындары да қатысқан болуы мүмкін деген болжам бар. Олар қаражатты «тазалауға» көмектескен деп күдікті болып жатыр. Сонымен қатар Перизат өзінің жеке бейнесін де белсенді түрде қалыптастырып, өзін бизнесвумен ретінде көрсетіп, медиа мен әлеуметтік желілерде жиі көрініп жүрген.