Ақмола облысының Дін істері басқармасының мәліметінше, бүгінде Ақмола облысында ресми тіркелген 25 миссионер уағыз-насихат жұмыстарын жүргізуде. Олардың ішінде Польша, Ресей, Филиппин азаматтары бар, – деп хабарлайды Аikyn.kz сайты. Бұл туралы Айқын газетінде жазылды.
Олардың айтуынша, тұлғалар негізінен католиктік және протестанттық бағытта қызмет етеді. Барлық миссионерлік әрекет заң талаптарына сәйкес қатаң бақыланады.
Оның үстіне сала мамандары халықтың діни сауаттылығы – деструктивті ағымдарға қарсы негізгі құрал екенін атап, бұл бағытта кешенді жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.
– Облыс халқының діни сауаттылығын арттыру мақсатында 202 адамнан құралған 24 ақпараттық-түсіндіру тобы жұмыс істейді. 2025 жылдың бірінші жартысында 2 968 іс-шара өткізіліп, 42 мыңнан астам адам қамтылды. Діни деструктивті ағымдарға негізінен оң-солын танып үлгермеген жастардың еніп кетуінен жастардың діни сауатын арттыруға ерекше назар аударылады. Жыл басынан бері 15 мыңнан астам студент пен оқушыға арнап семинарлар мен дәрістер ұйымдастырылды. Сонымен қатар түзету мекемелерінде жазасын өтеп жатқан азаматтармен теологтар белсенді жұмыс жүргізуде, – дейді Ақмола облысы Дін істері басқармасының конфессияаралық қатынастарды талдау және дамыту орталығының басшысы Нүркен Тілеубаев.
Жалпы, облыс аумағында биыл дін саласына 294,3 млн теңге бөлінген. Бұл қаржы ақпараттық түсіндіру жұмыстарына, әлеуметтік зерттеулерге, семинарлар мен тренингтерге бағытталыпты. Ведомство мәліметінше, бұл – өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай артық қаражат.