2025 жылдың алғашқы жартысында Ұлттық қордың валюталық активтері өсті. Бұл өсімге қандай инвестициялық шешімдер әсер етті? Қай активтер табыс әкелді? Жалпы, жаһандық нарық қалай құбылды? Осы және өзге де сұрақтарға Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова “Капиталға” берген сұхбатында жауап берді, – деп хабарлайды Аikyn.kz
2025 жылдың маусым айының соңында Ұлттық қордың валюталық активтері 60,3 млрд АҚШ долларын құрады. Ол жыл басынан 1,5 млрд долларға артық.
“Бұл сома «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясындағы нысаналы аударымдарды есепке алмағанда есептелген. Яғни, қор қарқынды өсім көрсетіп отыр”, – деп атап өтті Молдабекова.

Сондай-ақ Ұлттық банк төрағасының орынбасары, биылғы алғашқы жартыжылдықта әлемдік қаржы нарықтары қалай құбылғанын айтып берді.
“Әлемдік қаржы нарықтары сенімді өсім көрсетті. Бұл жаһандық экономиканың біртіндеп қалпына келуі мен көптеген өңірлерде инфляциялық қысымның бәсеңдеуінің нәтижесі. Нарықтарға макроэкономикалық көрсеткіштердің тұрақтануы және бірқатар елдерде ақша-несие саясатының жұмсаруы мүмкін деген күтулер де оң әсер етті”, – деп хабарлады Әлия Молдабекова.
Оның айтуынша, кей сәттерде тұрақсыздық та байқалды. Мысалы, сәуір айында АҚШ президенті Дональд Трамп енгізген сауда тарифтерінен кейін нарықтарда уақытша белгісіздік байқалды. Дегенмен кейінірек риториканың жұмсаруы мен сауда келіссөздері туралы мәлімдемелердің арқасында жағдай қайта қалпына келді.
“Жалпы алғанда, Ұлттық қорды басқаруда ұстанған теңгерімді тәсіліміз және нарықтардағы салыстырмалы тұрақтылықтың арқасында алдын ала деректер бойынша, 4,7 млрд АҚШ доллары немесе 7,8% мөлшерінде инвестициялық табыс табуға мүмкіндік берді”, – деп атап өтті Ұлттық банк төрағасының орынбасары.
Сонымен қатар ол Активтерге биыл қор портфелінде ең жоғары табыс әкелген бағытты атады.
“Әлемдік акциялар нарығында оң динамика сақталып отыр. Бұған тұрақты корпоративтік табыстар, өндіріс өнімділігінің артуы және ақша-несие саясатына қатысты белгісіздіктің бәсеңдеуі әсер етті. Әсіресе, ішкі сұранысқа және технологияға бағытталған, цифрландыру мен жасанды интеллектті енгізіп жатқан компаниялар ерекше қарқынмен дамыды”, – деп айтты Молдабекова.
Айта кету керек, Ұлттық қордың акциялар портфелі биылғы алғашқы жартыжылдықта 1,9 млрд АҚШ долларын немесе 9,8% табыс әкелді.
“Сонымен қатар дамыған елдердің мемлекеттік облигациялар портфелі де өсім көрсетті – 1 млрд доллар немесе 6,7%. Бұл нәтижеге инфляцияның төмендеуі, базалық мөлшерлемелерді азайтуға қатысты орталық банктердің болжамдары, сондай-ақ бірқатар дамыған елдердің валюталарының АҚШ долларына қатысты нығаюы оң әсер етті. Нәтижесінде, шетелдік облигациялардың доллармен бағаланған құны артты, бұл Ұлттық қордың табысын жақсартты”, – деп хабарлады Молдабекова.
Ұлттық банк жүргізіп отырған валюталық әртараптандыру саясаты да өзін тиімділігін көрсетті – бұл бағыт та Қор үшін қосымша табыс көзіне айналды.
“Алғашқы жартыжылдықта алтын бағасы тарихи максимумды жаңартып, бір унциясы 3 400 долларға жетті. Бұл геосаяси тәуекелдерге байланысты қорғаныс активтеріне сұраныстың артуы, АҚШ-та мөлшерлемелерді төмендету туралы болжамдар мен доллардың әлсіреуінің әсері. Сонымен қатар дамушы елдердің орталық банктері алтын қорын көбейтіп жатыр. Осы үрдісті ескере отырып, Қазақстан Ұлттық банкі де шетел валютасындағы активтердегі алтын үлесін 62%-ға жеткізіп, көшбасшы елдердің қатарынан көрінді. 2025 жылғы ақпанда Ұлттық банк геосаяси тұрақсыздыққа байланысты алтын сатуды уақытша тоқтатты. Кейін АҚШ президенті енгізген тарифтер мен Таяу Шығыстағы шиеленіс алтын бағасын одан әрі қымбататты. Нәтижесінде, алтын портфелінің құны 0,8 млрд долларға, немесе 25,5%-ға өсті”, – деп айтты Молдабекова сұхбат кезінде.
Сонымен қатар дамушы нарықтардың активтері де 600 млн долларға, яғни 5,7%-ға өсті. Бұған шикізат бағаларының тұрақталуы, сауда белсенділігінің қалпына келуі және жаһандық тәуекелге төзімділіктің артуы әсер етті. Корпоративтік облигациялар портфелі 400 млн долларға немесе 8,4%-ға өсті. Бұл кредит спредтерінің тарылуы және пайыздық мөлшерлемелердің төмендеуі мүмкін деген болжамға байланысты тіркелді.
Ұлттық қордан биыл бюджетке үлкен аударымдар жасалды.
“Бұл жалпы динамикаға айтарлықтай ықпал еткен маңызды фактор. Биылғы алғашқы жартыжылдықта республикалық бюджетке тікелей аударымдар 3,12 трлн теңгені құрады. Одан бөлек, мұнай секторынан қорға 1,8 трлн теңге түсті”, – деп атап өтті Ұлттық банк төрағасының орынбасары.
Осы кезеңде бюджетке аударымдарды қамтамасыз ету үшін ішкі валюталық нарықта 4,95 млрд доллар көлемінде валюталық активтер кезең-кезеңімен доллардан теңгеге айналдырылды.
Бюджетке трансферттер мен валюталық сатылымдарға қарамастан, Ұлттық қор валюталық активтерінің көлемі 2025 жылдың алғашқы жартысында негізінен инвестициялық табыстың арқасында өсті. Бұл табыс қаржы нарықтарындағы өзгермелі конъюнктура жағдайында тиімді басқарудың нәтижесі болды.