Базалық ставканы өсіруден кім ұтады?
Базалық ставканы өсіруден кім ұтады?
322
оқылды
Сыртқы секторда қалыптасқан белгісіздік, COVID-19 вирусының таралуы мен геосаяси шиеленістің өсуі әлемдік экономиканың дамуын ұзақ мерзімге баяулатып тастады. Халықаралық сарапшылар биыл әлемдік ішкі жалпы өнімнің өсу қарқыны 2008 жылғы дағдарыс кезіндегі көрсеткіштен де нашарлайтынын болжап отыр. Экономикамыз әлемдік дағдарыстың алғашқы соққысын алды. Экономи­касы мұнайға тәуелді елдің теңгесі теңселіп кеткеніне куә болдық. Осы тұста Ұлттық банк базалық мөлшерлемені және пайыздық дәлізді жылдық 12% + /- 1,5 п.т. деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады. Осылайша, теңгені жаңа макроэкономикалық ахуалға бейімдейтінін мәлімдеді. Ұлттық банк төрағасының ­ор­ын­басары Әлия Молдабекова­ның айтуынша, сыртқы нарықта­ғы ахуал мұқият бақылауда. На­рықтың құлдырау үдерісі тоқтар емес. Со­ның бір мысалы, мұнай бағасының төмендегені.
«Мемлекет басшысы айтқандай, мәселе бүкіл әлемнің эконо­мика­сының қайта форматталуында бо­лып отыр. Бұл сыртқы ахуал ғана емес, ішкі фундаменталды фак­тор­лардың нашарлауы болса керек. Қалыптасқан жаңа экономикалық ахуалға Қазақстан бейімделуі керек. Өткен аптада жүргізген интер­венция барысында ең алдымен макроэкономикалық тұрақтылық жайлы ойладық. Негізсіз алып­сатарлықтың алдын алуға тырыс­тық», – дейді ол.
Әлемдік экономикадағы ахуал нашарлаған жағдайда баға тұ­рақтылығын, елдің валюта және қаржы нарығындағы жағдайды ұстап тұру үшін Ұлттық банк Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бір­­­лескен шаралар қабылдауы ық­ти­мал. Ал Ұлттық банктің базалық мөл­шерлеме бо­йынша кезекті жос­парлы шешімі алдағы 27 сәуірде жарияланады. Жалпы, базалық мөлшерлемені көтеруді әркім әрқалай қабылдады. Мысалы, қаржыгер Расул Рысмам­бетовтің пікірінше, қалай болғанда да базалық мөлшерлемені көтеру алыпсатарлықты тежеу үшін қажет.
«Базалық мөлшерлеме – бұл тек несиеге ғана емес, депозиттерге де қатысты. Мөлшерлемені арттыру теңгедегі депозиттер мен оның та­бысын сақтап қалады. Шетел валю­тасындағы депозиттер бойын­ша мөлшерлеме әлдеқайда төмен», – дейді ол.
Депозит дегеннен шығады, 16 наурызда Қазақстанның депо­зит­терге кепілдік беру қоры теңге­дегі жи­нақ, мерзімді және мерзімсіз де­позиттер бойынша ұсынылған ең жоғары мөлшерлемелерді ұлғайтты. Енді бір жыл мерзімге ашылған және толықтырылмайтын жинақ салым­дар бойынша ұсынылған ең жоғары мөлшерлеме 15,1 пайызға, екі жыл мерзімге ашылған салым­ның мөл­шерлемесі 15,5 пайызға өседі. Ақ­шаның құны өзгеріп жат­қан жағдайда бұл салымдар едәуір жоғары табыс әкеледі. Себебі атал­ған салымдар ҚДКБҚ тарапынан қорғалады. Толықтыруға және кез келген уақытта алуға болатын мерзімсіз депозиттер барлық банктің депозит желісінде бар. Банктер бүгіннен бас­тап мерзімсіз салымдарды 13 па­йыз­ға дейінгі мөлшерлемемен қабыл­дауға құқылы. Үш және алты айлық қысқамерзімді жинақ са­лым­дар да жоғары табысты салымға айналады. Бүгіннен бастап бұл де­позиттер бойынша мөлшерлеменің ең жоғары мәні – 14,0 пайызды құрайды.    width= Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры төрағасының міндетін атқарушы Бота Ақбае­ваның айтуынша, қор мерзімді са­лымдар бойынша мөлшер­ле­мелер­дің ең жоғары мәнін өзге­ріссіз, яғни 10 наурызда бекітілген дең­гейде қалдырды. Алайда бір жыл­ға ашылған депозиттер бо­йынша мөл­шерлемені – 12,2 па­йызға, екі жылға – 12,9 пайызға дейін өсірді. Базалық ставканы бұлай көтеру депозит салымшылары үшін де, банктер үшін де тиімді. Себебі са­лымшы қаржы нарығындағы ахуалдан сескеніп, депозиттегі қар­жысын «шешіп» алмайды. Ал банктер айналымдағы қаржының сақталатынына сенімді болады. Ал «Атамекен» ұлттық палата­сы қайта қаржыландырудың 12 пайыз­дық мөлшерлемесіне қарсы. ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мыр­захметов бүгінгі нарықтағы сұраныс пен нақты секторды не­сиелеудің төмендеуі кезінде ба­залық мөл­шерлемені жоғарылату бизнес үшін ауыр соққы болаты­нын айтады.
 «Мемлекеттік бағдарламаларға қатыспайтындар үшін несиелердің базалық мөлшерлемесі 17 пайыздан төмен болмайды. Жұмсартып айтқанда, пайыздық мөлшерлемені 12 пайызға көтеру тиімсіз. Егер біз ұсынымдарын орындап жатқан елдерге қарайтын болсақ, онда мөлшерлемелер нөлге түсірілген. Ресей – басты сауда серіктесіміз, бұл ел мөлшерлемені 6 пайыздан сәл жоғары деңгейде қалдырған. Аталған мәселеде саяси шешім қабылдануы қажет», – дейді ол.
Ұлттық банк базалық мөл­шер­лемені көтергенде өзге елдер мө­л­шерлемені төмендетіп жатты. «Ұлттық банктің мұнысы несі, интервенция жүргізетін болса, базалық ставканы көтерудің қажеті бар ма?» деген сұрақтардың туын­дағаны рас. Расында, АҚШ Феде­рал­ды резерві, Еуропаның орталық банктері, Англия, Жапония, Авс­тралия банктері базалық ставканы төмендетті. Ал Чехия мөлшерлемені 2 пайыздан 2,25 пайызға, Қыр­ғызстан 4,25 пайыздан 5 пайызға дейін өсірді. Ал бүгінгі таңда па­йыздық мөлшерлемесі 9 пайыз құрайтын Грузия мен Швеция да ставканы өсіруді көздеп отыр. Мұның барлығы экономикалық себептермен түсіндіріледі. Бұл елдердің экономикалық пробле­масы да екі бөлек. Мәселен, АҚШ Федералды резервінің ставкаларды 0-0.25 пайызға дейін төмендетуі және облигацияларды сатып алуды ұлғайту туралы шешімі жағдайды тұрақтандыруға бағытталған. «Сондықтан бұл жағдайда базалық мөлшерлеменің, оның ішінде 2,75 п.п. шкаласын ұлғайту Ұлттық банктің деструктивті әре­кеті, қателігі деп айту қиын», – дейді сарапшылар. Қазіргі уақытта әлемдік қаржы нарығындағы оқиғалардың дамуы туралы болжам жасау қиын. Со­нымен бірге мұнай нарығындағы жағымсыз сценарийдің қалай өрбитіні де белгісіз. Болашақта мұнай бағасы ірі жеткізушілердің келісімдеріне және коронавирус пандемиясына қатысты мәселе­лердің шешілуіне, сондай-ақ орта­лық банктердің әрекеттеріне бай­ланысты дамиды. Ал Ұлттық банк кез келген сценарийге дайынбыз деп отыр.  

 width=Халима БҰҚАРҚЫЗЫ