"Терезесін қағып, оятқан": Фельдшерлер ұйқыдағы бір отбасын өрттен құтқарып қалды

Үйде 5 ересек адам мен 2 бала, оның ішінде нәресте болған.

Жетісуда фельдшерлер түнде шырт ұйқыда жатқан екі балалы отбасын өрттен құтқарды. Олар үйдің жанып жатқанын кезекті шақыртудың бірінен қайтып бара жатқанда байқаған, – деп хабарлайды Аikyn.kz  сайты Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Олардың мәліметінше, Ескелді ауданының №6/6 жедел жәрдем бригадасы шақыртудан қайтып келе жатқан. Жол бойында үйде өрттің шығып жатқанын байқап қалған. 

"Фельдшерлер Ғабит Ерғажы, Дамира Рахимова және жүргізуші Мұрат Сәтеков бірден іс-қимылға көшті: олар тоқтап, сирена мен жарық сигналын қосты. Үй жабық болған. Бірақ бригада оған қарамастан терезелер мен есікті қағып, ұйықтап жатқандарды оятып, бәрін далаға алып шығарған", – делінген хабарламада.

Үйде бес ересек адам мен екі бала, оның ішінде нәресте болған. Олар құжаттарын ғана алып үлгерген. Оларды құтқарғаннан кейін бірнеше минутта үй толығымен өртеніп кеткен.