"Жаңа заң әзірленуде": Перизат Қайрат ісінен кейін қайырымдылық қорларына талап күшеймек

Бұған дейін Президент Тоқаев қайырымдылықты сылтау етіп, интернет арқылы халықты алдап жүргендерге қатысты қатаң шара қолдануды тапсырған.

Қазақстанда қайырымдылықпен және қоғамдық көмекпен айналысатын ұйымдарға (ҮЕҰ) қатысты заң өзгереді. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Искаков мәлімдеді, – деп хабарлайды Аikyn.kz сайты. 

Оның айтуынша, енді ондай ұйымдар қалай жұмыс істейді, олар кімге көмектеседі, қайдан ақша алады және сол ақшаны қайда жұмсайды – бәрі заңмен реттелмек.

– Біз жаңа заң әзірлеп жатырмыз. Онда халыққа көмектесеміз деп ашылған ұйымдардың жұмысы ашық әрі нақты болуы керек. Кім басқарады, қалай есеп береді соның бәрі көрсетіледі, – деді вице-министр.

Мұндай шешімге Перизат Қайрат ісі себеп болған. Ол өзін қайырымдылықпен айналысамын деп таныстырып, миллиондаған теңге жинап алған.

Сондықтан Үкімет енді:

 • қайырымдылықпен айналысатын ұйымдарға рұқсат (лицензия) керек пе – соны анықтайды;

 • осындай ұйымдарды басқаратын адамдар не үшін жауапты болатынын нақтылайды;

 • халықтан жиналған ақшаның қайда кеткені туралы ашық есеп беруді міндеттейді.

Сондай-ақ қайырымдылық туралы заңға да өзгерістер болады. Енді ондай ұйымдар халыққа қайда, қанша ақша жұмсағанын БАҚ-та ашық жазып отыруы керек. Бүгін Перизат Қайрат ісі бойынша сотта жәбірленушілер сөз сөйледі. Сағат 15:00-ге дейін үзіліс жарияланды. Кейін сот жабық түрде жалғасады – айыпталушылар сөйлемек.