Шалғайдағы ауыл мектебінен үлкен аренаға шыққан жас спортшылар Қырғызстанда 2008–2010 жылы туған жасөспірімдер арасында өткен халықаралық волейбол турнирінде ел намысын қорғап, мерейін үстем етті.
Ауыл балалары халықаралық волейбол турнирінде жеңіске жетті
баспасөз орталығы
369
оқылды

Бұл жарысқа «Auyl sport - 2024» республикалық турнирінің жеңімпаздары – Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданы Бескөл ауылының қыздар командасы мен Алматы облысы Қарасай ауданы Үшқоңыр ауылының ұлдар командасы қатысты.

Қарапайым жаттығу залынан басталған жол Қырғызстан төріндегі жеңіске ұласты.

Бұл тек спорт жеңісі емес, ауыл баласының жігері мен елге деген адал махаббатының айғағы. Осындай рухты жастарды қолдау – еліміздің болашағына салынған инвестиция.

Жарыс барысында үлкен тартысқа толы ойындар өтті. Ұлдар арасындағы финалда Үшқоңыр ауылының командасы Қырғызстанның Чу облысы, Мраморное ауылының ұжымын 2:0 есебімен ұтып, чемпион атанды.

Қыздар арасындағы додада Бескөл ауылынан барған волейболшы қыздар тамаша ойын көрсетіп, жүлделі үшінші орын иеленді.  Команда жаттықтырушысы Анастасия Эйникис осындай бастаманың болғанына алғысын айтты.

«Бұл жарысқа біз «Auyl sport» жобасында чемпион болған құраммен қатыстық. Халықаралық деңгейдегі сайысқа алғаш рет қатысып, қола жүлдегер атандық. Қырғызстанда алғаш рет келуіміз. Бұл жоба болашақта да жалғасын тауып, жақсы нәтижелер әкелетініне сенеміз»,  - деді ол.

Ал жарысқа қатысқан спортшы Таисия Высоцкая халықаралық турнир үлкен тәжірибе болғанын жасырмады.

«Халықаралық турнирге бірінші рет қатысып тұрмын. Бұл – мен үшін үлкен тәжірибе. Осы сапардың арқасында шекара асып, ел намысын қорғадық», – дейді волейболшы.