Осыдан соң-ақ ол аяғын тартып, түзу жолға түсуі керек еді, бірақ тойымсыздық дегенді қойсаңшы бұл, тағы да көлденең табыс табуға кірісіп кетті. «Іздегенге сұраған» демекші, оған «қайдан оңай олжа табамын» деп жалаңдап жүргендер жол-жөнекей табыла кетті.
Бұл жолы Назира Нұржан серіктестерімен «Назира-голд» атты қаржы пирамидасын ашты. «Егер біздің қорға теңге салсаңыз, бес ай бойы салған қаржыңыздың 41 пайызын алып отырасыз. Бұл дегенің, егер қорға 10 миллион теңге салдыңыз дейік. Соның 4,1 миллионын ай сайын қайтып аласыз. Бес айда табысыңыз 20,5 миллион болады. Ал алтыншы айда алғашқы салған жарнаңыз – 10 миллионды қайтарып береміз», – деді ол жарнамасында. «Бұл неткен батпан құйрық?» десеңізші.
Оңай олжа тапқысы келгендер мен уәдеге сенгіштер 4 мың адамға жетті. Не деген аңқау халық едік десеңші! Ол өзіне ерген адамдарды интернет арқылы алтын сатамын деп те сендірді. Арамзаға сенген бір аңқау үйін сатып,130 миллион теңгесін қаржы пирамидасына салып жіберген.
«Назира голд» қаржы пирамидасына алданған 104 адам экономикалық тергеп-тексеру департаментіне арызданды. Жәбірленушілерге келтірілген залал көлемі 810 миллион теңгеге жетіп, жығылды.
Міне, осы кезде Тілеужан Кішкенебаев деген қорғаушы пайда бола кетті. Ол әлеуметтік желіде өзін күдікті Назира Нұржанның қорғаушысымын деп таныстырған. Бірақ ол экономикалық тергеп-тексеру департаментіне бой көрсетпейді. Тергеу кезінде келіп Назираға араша да түспеген. Республикалық адвокаттар алқасының айтуынша, Т. Кішкенебаевтың адвокаттық қызмет атқаруға лиценциясы жоқ. Сонда қалай? Мәселе былай. Ол зардап шеккендерді Назираның үстінен арыз жазбау жөнінде үгіттеп, қаржы пирамидасының әлі де ұшпаққа шығаратынын айтумен әлек. Демек, бір қу мен екінші қу намаздыгер-намазшамда жолыққан болып тұр ғой. Оның мәліметінше, Назира Нұржан серіктестерімен бірге мемлекетке 1,2 миллиард теңге салық төлеген көрінеді. Бірақ мемлекеттік кірістер департаменті бұл деректі растамайды. Сондай-ақ департамент Назираның жанында жүрген адамдардың алтын бұйымдар сататын кәсіпкерлер ретінде тіркелмегенін анықтаған.

Шымкент қаласы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Алмас Манатұлы Назира бастаған алаяқтық топтың салымшылардан жинаған жалпы сомасы 1,5 миллиард теңгеге жеткенін алға тартады. Оның салымшылардан жинаған қаржысы, сатып алған жылжымайтын мүліктері, көлігі, басқа да заттары тәркіленген.
Сот шешімімен қаржы пирамидасынан тәркіленген заттар сатылып, түскен қаржы жәбірленушілерге қайтарылған. Бірақ әлі қаншама адамның алданғаны туралы нақты мәлімет жоқ. Ал экономикалық тергеп-тексеру департаменті зардап шеккендерді күтіп отыр.
С. ДӘНІҚҰЛҰЛЫ