Биыл ардагерлерге төленген арнаулы мемлекеттік жәрдемақының мөлшері белгілі болды

2025 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша, Қазақстанда 80 932 ардагер тұрады, оның ішінде Ұлы Отан соғысының (бұдан әрі – ҰОС) 96 ардагері, жеңілдіктер бойынша ҰОС ардагерлеріне теңестірілген – 16 630 ардагер, 26 580 –басқа мемлекеттердің аумағында ұрыс қимылдарының ардагерлері, 37 626 – ҰОС жылдарындағы тыл
еңбеккерлері.

2025 жылы аталған санаттардағы азаматтарға 8,5 млрд теңге сомасында арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төленді. Биылға 17 млрд теңге қарастырылған, – деп хабарлайды Аikyn.kz

Республикалық бюджеттен берілетін ай сайынғы арнаулы мемлекеттік жәрдемақы ардагерлердің барлық санаттарына, өзге де әлеуметтік төлемдерді алуына қарамастан, мынадай мөлшерде төленеді:

1) ҰОС ардагерлері – 16 АЕК (2025 жылы – 62 912 теңге);

2) жеңілдіктері бойынша ҰОС ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер, олардың ішінде:

- ҰОС кезеңінде жарақат алуы, контузия алуы, мертігуі немесе ауру салдарынан мүгедектігі бар адамдарға жеңілдіктер бойынша теңестірілген адамдар – 7,55 АЕК (2025 жылы – 29 687 теңге);

- жеңілдіктер бойынша ҰОС қатысушыларына теңестірілген тұлғалар – 6,19 АЕК (2025 жылы – 24 339 теңге);

3) басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері, оның ішінде:

- Ауғанстандағы ұрыс қимылдарына қатысушылар – 6,19 АЕК (2025 жылы – 24 339 теңге);

- Тәжік-Ауған учаскесінде ТМД шекарасын қорғауды күшейту жөніндегі міндеттерді орындаған, Ирактағы халықаралық бітімгершілік операцияға, Таулы Қарабақтағы этносаралық қақтығысты реттеуге қатысқан әскери қызметшілер – 4,8 АЕК (2025 жылы – 18 874 теңге);

4) ҰОС жылдарындағы тыл еңбеккерлері – 2,13 АЕК (2025 жылы – 8 376 теңге).