Сәбилер арбамен серуендегенде, анасының қолында немесе арнайы кеудеге тағылатын сөмкеде болған сәтке қарағанда, күйзелісті баяу өткереді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Бұл туралы Journal of Environmental Psychology (JEP) журналында жарияланған Нидерланд зерттеуі мәлімдеді. Ғалымдар анамен физикалық байланыс сәбидің күйзеліс деңгейін төмендетуге әлдеқайда тиімді әсер ететінін анықтаған.
Зерттеу аясында 101 ана мен сәбиі жеңіл күйзеліс туғызатын «жалған шомылу» тәжірибесінен өтті. Одан кейін олар екі түрлі ортаға бөлінді: бір бөлігі қаладағы жасыл аймақта серуенге шықса, қалғандары үйде қалды. Ал сәбилер бір жағдайда анасының қолында, екіншісінде арбада болған.
Ғалымдар бала ағзасындағы күйзеліс деңгейін сілекейдегі кортизол гормонының мөлшері арқылы бағалаған. Нәтиже бойынша:
- Анасының құшағында жүрген балалардың кортизолы әлдеқайда жылдам төмендеген, бұл серуенде ме, әлде үйде ме – маңызды емес.
- Мұндай балалар серуеннен кейін ұзақ ұйықтаған, ал аналары өздерін жақсы сезінген.
- Ең төмен күйзеліс деңгейі үйде қалып, баланы қолында ұстаған аналар мен сәбилерде байқалған.
Зерттеушілер бұл құбылысты «эмпатиялық реттеу» (co-regulation) деп түсіндіреді: анасының дауысы, дене жылуы және тыныс алуы баланың жүйке жүйесін тыныштандырып, оның физиологиялық тұрақтылығын қалпына келтіруге көмектеседі. Бұл процесс арқылы сәби өзінің ішкі күйін сезінуді, күйзеліс белгілерін тануды және оны реттеуді үйрене бастайды.
Зерттеу нәтижелері ананың қолындағы «терімен теріге жанасу» тек эмоционалдық емес, сонымен қатар физиологиялық жағынан да аса пайдалы екенін көрсетті. Сонымен қатар жасыл табиғи ортадағы серуендер де сәбилердің ұйқы сапасын жақсартатыны белгілі болды.
Ғалымдар сәбилермен серуенге шыққанда арба орнына переносканы жиі қолдануға кеңес береді. Бұл – баланың күйзелісін азайтып, ананың да психологиялық саулығын қолдаудың қарапайым әрі тиімді тәсілі.