Павлодардық әйел екі баласын терезеден лақтырып, артынан өзі де секіріп кеткен, - деп хабарлайды Аikyn.kz. Бұл туралы "Криминальный Казахстан" Telegram арнасы жазды.
Жантүршігерлік оқиға бүгін, 30 шілдеде Павлодар қаласындағы Нұрмағамбетов көшесінде орналасқан үйлердің бірінде болған. Келіншек 5-қабаттағы терезеден екі баланы лақтырып жіберіп, артынан өзі де секірген. Оқиға туралы жедел жәрдемге өтіп бара жатқан адам хабарлаған.
Павлодар облыстық Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бірінші кезектегі шұғыл шақырту бойынша оқиға орнына үш жедел жәрдем тобы жіберілген.
"Олар 6 минут ішінде жеткен. Екі бала ауыр халде облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Әйел де ауыр халде Павлодар қалалық №1 ауруханасына жеткізілді. Сағат 02:08-де балалардың жасы белгілі болды, олардың бірі - 1,5 жаста, екіншісі 5 жаста екен", - деп хабарлады Денсаулық сақтау басқармасы.
Павлодар облысының Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Сәуле Шакеневаның айтуынша, оқиға болған сәтте пәтерде зардап шеккендерден басқа ешкім болмаған.