Оның басына екі рет ота жасалды.
«Миына қан құйылды»: Астанада 6 жасар қыздың үстіне футбол қақпасы құлады
www.istockphoto.com
533
оқылды

Қазір оның жағдайы – ауыр, жансақтау бөлімінде жатыр, – деп хабарлайды Аikyn.kz "Информбюроға" сілтеме жасап. 

Зардап шеккен баланың әке-шешесі футбол алаңын салып, оның қауіпсіздік шараларына немқұрайлық танытқан мердігерлерді жазалауды сұрайды. 

Куәгерлердің сөзінше, түстен кейін топ болып ойнап жүрген балалардың біріне футбол қақпасы құлап кеткен. Ауыр ми жарақатын алған Ямур қазіргі уақытта өмірі үшін арпалысып жатыр. 

– Миына екі ота жасалды. Біріншісі, миына қан құйылды. Сол қанды тоқтатып, оны шығару үшін басына дренаж қойылды. Екінші ота мидың ісігі болғаннан кейін жасалды. Содан соң оның сүйегін алып, пластик қойды. Қазір жағдайы ауыр, – деді Ямурдың анасы Ақпейіл Қаратаева.

Қаршадай қыздың әкесі бар кінәні алаңды салған компаниядан көреді. 

– Жұмысын дұрыс жасамағанның әсерінен қызым осындай жағдайға түсіп отыр. Бұған дейін де осындай жағдайлар көп болған. Бірнеше рет біздің айтуымызға қарамастан, ол кісілер құлақ асқан жоқ. Бұл жерде мүлде қызмет көрсету мүмкін емес, – дейді Тимур Жұмашев.

Оқыс оқиғадан кейін қақпа тез арада қалпына келтірілген.