Елімізде 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланғаны белгілі. Бұл бастама – қоғамда еңбек адамының мәртебесін арттырып, жастарды нақты кәсіпке бет бұрғызудың тиімді жолы. Десе де, жастарды баулу үшін әр өңірдегі жұмысшы мамандық иелері үлгі етуіміз керек. Міне, солар – қоғамның көрінбейтін тірегі.
Жұмысшы мамандық иелері – қоғамның көрінбейтін тірегі
janaarqa.kz
579
оқылды

Оның бірі – электр энергети­касы саласында еңбек етіп жүрген мамандар. Осы саладағы жұмыс барысы мен кадр мәселесі туралы «Атырау Жарық» ЖШС-нің Махам­бет аудандық электр желісі басшысы Исатай Мұханбеталиев әңгімелеп берді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Оның айтуынша, «Атырау-Жарық» ЖШС-нің негізгі қызмет бағыты – Атырау облысы аумағындағы электр энергиясын беру және таратуды қамтамасыз ету. Ал Махамбет аудандық электр желісі – осы құрылымның бір бөлігі ретінде 7 ауылдық округтің тұрғындарын, әлеуметтік нысандарын және өндірістік мекемелерін тұрақты әрі үздіксіз электр қуатымен қамтамасыз етіп отыр. Бүгінде олар 6390 жеке және 497 заңды тұтынушыға қызмет көрсетіп отырған күйі бар.

– Қазір ауданымыз­да штаттық жұмысшылар қарастырылмаған. Электр желілеріндегі техникалық ақауларды жою мақсатында барлық жұмысшылар «Атырау-Жарық» ЖШС-нің орталық құрылымдарынан уақытша жіберіліп отырады. Алай­да болашақта жергілікті жерден білікті мамандарды тарту – басты мақсатымыз. Электр энергетика­сы – қауіп-қатері жоғары сала. Сондықтан мұндағы мамандардан тек техникалық сауаттылық емес, жоғары жауапкершілік пен тәртіп те талап етіледі. Мұнда жұмыс істеу үшін, ең алдымен, мұқияттылық пен физикалық төзімділік қажет. Электрмен жұмыс – адамның өміріне тікелей әсер ететін жұмыс. Сондықтан еңбек қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтау – басты міндет, – дейді И.Қамиұлы. 

Ел ішінде үздіксіз жарық беріп, мыңдаған тұтынушының тұрмысын қамтамасыз етіп отырған электр мамандары – қоғамның нағыз қайраткерлері. Олардың еңбегі бағалауға тұрарлық. «Атырау-Жарық» ЖШС қызметкерлері күн-түн демей жарықты үздіксіз жеткізу үшін тер төгуде. Қиындыққа қарамай, боран мен шілдеде сым бойлап, ақауларды қалпына келтіретін электромонтерлердің қызметі – ерлікпен пара-пар. Мұндай адамдардың тәжірибесі мен көзқарасы жастарға бағыт-бағдар бо­лып, еңбекке деген сүйіспеншілікті қалыптастырады.

– «Жұмысшы мамандықтар жылын» атап өту – өте орынды әрі маңызды шешім. Қоғамда еңбек адамына деген құрмет ар­тып, әсіресе ауылдық жерлердегі жұмысшы мамандықтарына оң көзқарас қалыптасады. Өндіріс пен инфрақұрылым салаларында еңбек ететін мамандар ел дамуына зор үлес қосып келеді. Сондықтан мұндай бастамалар – болашаққа салынған инвестиция, – дейді ол.

 

Қ.АЙТҚАЛИЕВ, Махамбет ауданы