Абай облысында әйел күйеуін көсеумен ұрып, қатты соққыдан ол ауруханаға жеткізілген, - деп хабарлайды Аikyn.kz. Бұл туралы Polisia.kz мәлімдеді.
Олардың мәліметінше, ерлі-зайыпты отбасылық өмірдің 16 жылдығын тойлаған. Дастарқан басында екеуі ішімдік ішкен, содан сөзге келген. Арты дау-жанжалға ұласып, 36 жастағы әйел күйеуін көсеумен ұрып тастаған. Сөйтіп, күйеуі басы мен дене жарақатын алған.
Қазір ол ауруханада. Сот айыпталушыны үш жылға бас бостандығынан айырды. Бірақ әйелдің 2 кішкентай баласы болғанына байланысты жаза шартты түрде тағайындалды. Әйел Затон ауданының пробация қызметіне тіркелді.
«Сотталған адамға жазаны өтеу тәртібі мен шарттары түсіндірілді. Сонымен қатар оған жұмысқа орналасуға көмек көрсетілді. Ол жергілікті ЖК-нің біріне жұмысқа қабылданды», — деді аудандық қызмет бастығы Ерлан Қыдырманов.
Айта кетейік, Қостанайда кәмелет жасына толмаған баланы жарақаттап, өзіне қол жұмсаған ер адамның мәйіті табылды.