Алматы облысы Қарасай ауданында бокстан республикалық ашық турнир өтті. Додаға Қазақстанның барлық өңірлері мен Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан боксшылары қатысты, - хабарлайды Aikyn.kz
Турнир 2010-2011 жылы туған жасөспірім боксшылардың басын қосты. Оған барлығы 300-ге жуық спортшы қатысты. Жарыс ұйымдастырушысы Жеңіс Бектасовтың айтуынша, бұл доданы өткізудегі басты мақсат – жас боксшыларға жігер беріп, болашақ әлем және Олимпиада чемпиондарына жол ашу.

Жарыстың құрметті қонақтары қатарында Сидней Олимпиадасының чемпионы Ермахан Ыбырайымов, Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев, ММА шебері Арман Оспанов, кәсіби боксшы Садриддин Ахметовтер бар.
«Бокс қазақ халқы үшін әрдайым нөмірі бірінші спорт түрі болып қала бермек. Осы орайда, жас боксшыларды ынталандыратын кереметтей турнирдің куәсі болып отырғанымызға қуаныштымын. Мұндай бәсекелер жастарға жол ашып қана қоймай, шеберлігін шыңдап, техникасын жетілдіруге көмектеседі. Біз әлемдегі мықты бокс державаларының біріміз. Сондықтан, біздегі резерв азаймау керек, қазақ жұдырығының құдыреті асқақтай беруі тиіс», — дейді Олимпиада чемпионы Ермахан Ыбырайымов.
Турнирді ұйымдастырушылар жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне естелік мүсіншелер, чемпиондық белбеулер мен ақшалай жүлделер тағайындаған.