Арнайы есепшот ашылады
Арнайы есепшот ашылады
5,280
оқылды
Алматыдағы Өңірлік ком­муникациялар қыз­меті ала­ңында Nur Otan партиясы Ал­маты фи­лиалы төраға­сының бі­рінші орынбасары Станислав Канкуровпен он­лайн-брифинг өтті. Ол пан­демиямен күресу барысын­дағы Nur Otan партиясының атқаратын негізгі мәселе­леріне тоқталды. Станислав Канкуров Nur Otan  партиясы еліміз үшін күрделі және қиын кезеңдерде ешқашан шет қалмай алдыңғы қатардан табылатынына тоқталды. «Өздеріңіз білетіндей, Елбасы – Nur Otan пар­тиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша «Ардагерлерді ардақтайық», «Кедергісіз келешек» және «Бақытты отбасы» пар­тиялық жобалары аясында Nur Otan партиясы тара­пынан 75 миллион теңгеден карантин жарияланған Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларына жеке қорғану құралдары түрінде атаулы көмек көрсету үшін жалпы сомасы 150 миллион теңге бағытталды. Біз шұғыл түрде көмек көрсету бойынша ұйымдастыру шараларын бастадық. Қазіргі уақытта жеке санитарлық қорғану жиынтықтары дайындалуда. Жиынтықтарды Jas Otan  Жастар қанатының еріктілері тікелей байланыссыз әдіспен тарататын болады. Көмек ең алдымен аз қамтылған азаматтарға, оның ішінде ардагерлер, мүмкіндігі шек­теулі жандар мен аз қам­тылған көп балалы отба­сыларға көрсетіледі» деді. Ол қарапайым партия мүшелері мен қамқор аза­маттар ешқашан назардан тыс қалмайтынын айта келіп, кәсіпорындардан, бас­тауыш партия ұйым­да­рынан, депутаттық фрак­ция мүшелерінен және қа­ра­пайым қалалықтардан көмек көрсету туралы көп­теген ұсыныс  түсіп жат­қа­нын айтты. Сондықтан Ал­маты қаласы әкімдігінің қол­дауымен  Nur Otan  пар­тиясының Алматы қалалық филиалы мен «Жаңа Алатау» қоры бірлесе отырып арнайы есепшот ашпақ. Оған барлық азаматтар қаражат аудара алады. Одан түскен ақшалай қаражат аз қамтылған аза­маттар үшін санитарлық қорғау құралдарын сатып алуға жұмсалады.  Ол – маскалар, антисептиктер, санитайзерлер, бактерияға қарсы сабындар және тағы басқалар. «Біздің қайырымдылық қорлармен, сонымен қатар 1 жылдың ішінде 5 мыңнан астам көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға кө­мек көрсеткен «Бақытты от­басы» қорымен нәтижелі жұ­мыс жа­сауда тәжірибеміз мол. Сондай-ақ төтенше жағ­дайлар мен апатты оқиға кезінде зардап шек­кен азаматтарға қолдау көр­сететін «Жаңа Алатау» қоры бар. Сол себепті «Жаңа Алатау» қорының базасында арнайы есеп-шот ашуға шешім қабылданды. Қор жұмысы айқын түрде ұйымдастырылып, көрсетілген көмек жөніндегі тиісті есептер жарияланатын болады» деді Станислав Канкуров. Осы мақсатта арнайы ко­миссия құрылып, оның құрамына Nur Otan пар­тиясының, Алматы қаласы әкімдігінің өкілдері, со­ның ішінде Әлеуметтік әл-ауқат, Қоғамдық даму, Қоғамдық денсаулық сақ­тау басқармалары, аудан­дық әкімдіктердің, ар­дагерлер кеңесінің, мүгедек­тер қо­ғамының және БАҚ өкілдері, блогерлер енгізілетін бо­лады. Көмек көрсету жөнін­дегі шешімдер алқалы түрде қабылданып, әр оқиға жеке қаралмақ. Станислав Канкуров болып жатқан жағ­дай­ға бейжай қарамайтын тұлғаларды аз қамтылған және айналамыздағы аза­маттарды қауіп-қатерден және індеттің таралуынан сақтауға бірге көмектесуге шақырды. Сондай-ақ ол Nur Otan пар­­тиясының қалалық фи­лиалының бастауыш пар­тия ұйымдары мен Алматы қалалық филиалының қыз­мет­керлері «Жаңа Алатау» қорына бір күндік жалақыларын аударғанын айтты. Соны­мен қатар Алматы қала­сы мәслихатының депу­таттары – партияның депу­тат­тық фрак­циясының мүше­ле­рі­мен демеушілік көмек көр­сету жөнінде келіссөздер бар. Шоттың деректемелері қала әкімдігі мен Nur Otan партиясының әлеуметтік желілердегі парақшаларында көрсетіледі.  

Гүлнар ТӘЖИЕВА