Спортшы қыз зорлық құрбанына айналды
Спортшы қыз зорлық құрбанына айналды
257
оқылды
Қазақстанның семсерлесу спорты бойынша федера­циясы ұлттық құрамасынан шу шықты. Еліміздегі үздік семсерлесушінің бірі әрі халықарылық жарыстардың бір­не­ше дүркін чемпионы Тамила Муридова әріптесі өзін зор­лағанын айтып айыптады. Бұл ақпарат туралы еліміздегі БАҚ таратты. Тамиланың ақпарат құралда­рына айтқан сөзіне сүйенсек, ба­сында бәрі ойдағыдай басталған. Спортшы әріптесімен бірге жат­тығу залында бірге жаттығып жү­реді. Ол кезде Тамиланың жасы 16-да болыпты. Ал қызға көңіл білдіріп, сөз салғанда жігіттің жасы 23-те болған, яғни жеті жас үл­кен. Әуелгіде сезімнің жетегінде жүр­ген бойжеткен көп ұзамай жі­гіт­тің өзіне агрессия жасай бас­тағанын байқайды. Бірнеше рет қарым-қатынасын үзуге бел бай­лағанымен жас қыз өзіне қор­ға­ныш, тірек таба алмағанын айтады. Ер адам оны қорқытып, егер полицияға айтса қыздың өзіне және әжесі мен анасына қауіп төнетінін айтып қоқаң-лоққы көрсетеді. Осылайша, арамызда махаббат бар деп ойлаған бой­жеткен ал­данғанына кейін барып көзі жетеді. Спортшының айтуынша, ер адам бірнеше рет қол көтеріп, зорлық көрсеткен. Алайда 19 жасқа енді аяқ басқан бойжеткен осы уақытқа дейін кешіріммен қарап, көндігіп келіпті. Осы жыл­дың 24 ақ­па­нында екеуінің ара­сын­дағы қарым-қатынас өзі­нің шыңына шығып, іс насырға шабады. «Бет-аузым көгеріп жүрген кездер жиі болатын, тіпті тістерім де түсіп қалды. Соңғы рет 24 ақ­пан күні ол мені мұрнымнан қатты ұрды, өте көп қан ақты», – дейді жәбірленуші ақпарат құралдарына берген жауабында. Бұл жолы қатты соққы алған Тамила амалсыз құрбысының үйіне барады. Құрбысы Аннаның сөзінше, ол үйге қанға малынған заттарын көтеріп келген. «Ол қатты жылады. Дала қараңғы болатын, үйге кіргенде мұрны мен ерні қатты ісіп кеткенін байқадым. Бірден оған полиция шақырайық дедім. Ол өзі не істерін, қайда барарын білмейтінін айтты. Ақыры, «жарайды шақырсаң, шақыр» деп келісті», – деп еске алады Анна Королева. Полиция арызды алып, «Зорлау ісі» бабы бойынша іс қозғады. Алматы полиция департаменті 2020 жылдың 24 ақпанында Тамила Муридованың атынан шағым түскенін растап отыр. «Аталған іс Қазақстан Респуб­ликасы Қылмыстық кодексінің 120-бабының 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бі­рыңғай тізіліміне тіркелді және Алмалы ауданының ТЖ полиция бөлімінде тергелуде. Қазіргі уақытта аталған қыл­мыс­­­тық іс бойынша тиісті са­рап­­тамалар тағайындалды, тер­­геу шараларының кешені жүр­гі­зілуде, нәтижесінде қорытын­ды процессуалдық шешім шы­ға­рылады», – делінген Алматы қа­ласындағы ПД баспасөз қыз­метінің хабарламасында. Тамила Муридова 19 жасына дейін спортта айтарлықтай же­тістікке қол жеткізген. Ол сем­­­сер­лесуден жасөс­пірімд­ер ара­сын­да әлем біріншілігінің қола медалін иеленген. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері және «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының қа­тысушысы. Материал дайындау бары­сында Facebook әлеуметтік же­лісі арқылы «Немолчи.kz» қоғам­дық қорының өкілі Дина Тәңсәріге хабарласып, аталған оқиға жайлы пікірін білгенбіз. Дина қазір Тамила Муридованың ісі бойынша заңды өкіл ретінде Алмат Мұхамеджанов айналысып жатқанын айтты. Дегенмен Дина Тәңсәрі осыған ұқсас оқиғаның біздің қоғамда көп кездесетінін және көбінесе әйел затының құ­қығы қорғалмай, аяққа тапта­лып жататынын жасырмады. «Көбінесе біздің қоғам да, құқық қорғаушылар да әйел мен ердің арасындағы осындай қылмыстық оқиғаларды олардың ішкі шаруа­сы деп қабылдап, зорлық-зомбы­лық қылмыстары жабылып қалып жатады. Сондықтан бұл мәселеге түсінігімізді түбегейлі өзгертіп қара­ғанымыз дұрыс», – дейді ол. Жәбірленуші тарапынан по­лицияға 24 ақпанда арыз түскенін айттық. Енді 24 сәуірге дейін, яғни екі ай ішінде тергеу амал­дары жүргізіледі. Осы мез­гіл ішінде сараптама, сұрақ-жауап, тер­геу-тексеру барлығы жаса­лып бітуі тиіс. Содан кейін барып іс сотта қаралады. Десе де, жақ­тастарының айтуынша, қа­зір спорт­шы қыз өмірі мен отба­сы­ның қаупсіздігі үшін алаңдап, қоғамнан көмек сұрап отыр.   Алмат МҰХАМЕДЖАНОВ, «Немолчи. kz» қоғамдық қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы: «Мен қазір жәбірленуші Тамила Муридованың ісі бойынша заңды өкіл ретінде жұмыс істеп жатырмын. 18 наурыз күні сот-медициналық сараптама қызметінің қорытындысын алдық, таныстық. Енді оны сот-биологиялық сараптама қызметіне жібереміз. Тамиламен үнемі байланыс ұстап, хабарласып отырмын. Дәл қазір барлық метариалдарды жинастырып, Тамила мен әріптесінің жазған, сөйлескен дерек материалдарын скриншоттап дайындап жатырмыз. Ал сотқа дейін екі ай тергеу уақыты бар. 18 наурыз күні Семсерлесу федерациясынан хат алдық. Хатқа сүйенсек, олар өз ішінде пленарлық комиссия отырысын өткізіпті. Бірақ, хат қолмен жазылған, мөр қойылмаған. Біздің түсінбейтініміз Тамиланы ұрып-соққан, зорлық жасаған ер адамның әлі күнге қамалмай еркіндікте жүруі. Биылғы 10 қаңтардан бастап аталған бап ауыр қылмыс қатарына жатқызылды. Демек, арыз түсісімен күдікті қамауда болуы керек болатын. Неге екені белгісіз, ол әлі бостандықта жүр. Кеше тергеу қызметкерлеріне де, федерация басшылығына да осы сауалды жолдадық. 20 наурыз күні бұл сауалды тағы көтереміз.  

Дастан ДУМАН