Сенат Спикері Мәулен Әшім­баевтың төрағалы­ғы­мен палата бюросының отырысы өтті. Онда депутат­тар 18 жел­тоқсанда өтетін Сенат оты­рысының күн тәр­тібін бел­гіледі.
Отырыстың  күн тәртібін бекітті
149
оқылды

Отырысты ашқан Мәулен Әшім­баев әріптестерін еркіндік пен еге­мендіктің символына айналған мем­лекеттік мереке – Тәуелсіздік күнімен құттықтады.

«Біздің басты мақсатымыз – мем­лекеттілік пен ұлттық бірлікті нығайту және азаматтарды Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен жүргізіліп жатқан реформалар төңірегіне топтастыру. Бұл күнді ел дамуының негізгі жетістіктері мен сын-қатерлерін терең саралайтын маңызды кезең деп қабылдаған жөн», – деп Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысының Ішкі саясат мәселелері бойынша Жарлығына сәйкес бұл бағыттағы негізгі қағидаларға, құнды­лықтарға және басымдықтарға назар аударды.

Бекітілген күн тәртібіне байланысты сенаторлар алдағы бейсенбіде «Құ­қық бұзушылық профилактикасы туралы» заңды қарайды. Құжатта құқықбұзушылықтың алдын алу са­ласында адам мен азаматтың құ­қықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауды және сақтауды қамтамасыз ету, құқықтық тәртіпті сақтау және нығайту жөнінде маңызды нормалар бар. Отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқықбұзушылық про­филактикасы және Қазақстан Рес­публикасы заңнамасының жекелеген салаларын жетілдіру мәселелері бо­йынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе заң да қаралады.

Сонымен қатар Сенат отырысының күн тәртібіне «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қа­зақстан Республикасының Ко­дексіне Мемлекет басшысының тап­сырмаларын іске асыру бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң шығарылды. Бұл заңға сәйкес геологиялық ақпараттың ашық дерекқоры бар саланың негізгі цифрлық инфрақұрылымы ретінде Жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасын бекіту ұсынылады. Платформа қатты және кең таралған пайдалы қазбаларды барлау және өндіру саласындағы барлық бизнес-процесті қамтиды.

Депутаттар Мемлекет басшы­сы­ның тапсырмаларын орындау ая­­сында әзірленген «Қазақстан Рес­­­публикасының кейбір заң­нама­­­­лық актілеріне Қазақстан Рес­публикасының Конституциялық Сотының шешімдерін орындау және заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару мәселелері бо­йынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды да қарайды. Аталған заң арқылы сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл, мем­лекеттік қызмет, заңсыз сатып алынған активтерді мемлекетке қайтару, жер пайдалану құқықтарын мұрагерлікке алу, сондай-ақ алименттік міндет­теме­лерді орындау мәселелерін реттейтін бірқатар заңнамалық актілерге тү­зетулер енгізіледі.

Сонымен қатар палата отыры­сында тағы басқа да заңдар топтамасы қаралады. Нақты айтқанда, «Қазақ­стан Республикасының кейбір заң­намалық актілеріне тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және бі­лім беру-сауықтыру қызметтері мә­селелері бойынша өзгерістер мен то­лықтырулар енгізу туралы», «Қа­зақ­стан Республикасының кейбір заң­намалық актілеріне архив ісі және құқыққа қайшы контенттің таралуын шектеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы» заңдар Сенат отырысының күн тәртібіне шығарылды.

Сондай-ақ палата отырысында алдыңғы аптада сенаторлар жолдаған «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында қаражаттың пайдаланылуын тиімді бақылау және «Дипломмен – ауыл­ға» бағдарламасының жекелеген ере­желерін қайта қарау туралы депутаттық сауалдарға Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаевтың ауызша жауабы тыңдалады. Сенат Төрағасы атап өткендей, мәселенің маңызын еске­ре отырып, талқылауға мәслихат де­путаттары мен басқа да мүдделі мем­лекеттік органдардың өкілдері қа­тысады.

Бюро отырысында депутаттар Мәжіліс қабылдаған заңдарды жұмыс үшін Сенаттың тұрақты комитеттеріне бөліп берді және сенаторлардың 26 желтоқсан мен 11 қаңтар аралығында өңірлерде өтетін көшпелі отырыстары мен кездесулеріне қатысты мәселелер талқыланды.