Бекежан Тілегеновтің «Сексен алтыншы жыл» романы – 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының рухани һәм тарихи болмысын көркем сөзбен кестелеген тағылымды туынды.
«Сексен алтыншы жылдың» шындығы
260
оқылды

Цензура ма, әлде белгілі бір себептер болды ма, көп айтыла бермеген, тәуелсіздік алғаннан кейін, оның өзінде бертінде ғана кітаптары шыға бастаған жазушының бірі – осы Бекежан Тілегенов. Оның бұл  романы  ұзақ жыл оқырманын күтіп, шаң басып архивтерде қалып қойды. Шығармада кеңестік жүйенің қасаң саясатына қарсы шыққан қазақ жастарының жанайқайын, ұлттық намысы мен әділетке деген адалдығын шынайы бейнелейді.

Жазушы роман кейіпкерлері арқы­лы сол кезеңдегі қоғамның ішкі қай­шы­­лығын, жастардың тағдырын, ер­кін­­дікке ұмтылған жүректердің қайсар­лы­ғын баяндайды. «Сексен алтыншы жыл» – Желтоқсанды қасірет қана емес, ұлт санасын сілкіндірген, тәуел­сіздікке бастар жолдың алғашқы қа­дамы ретінде танытатын, оқырманды елдік пен ерлік рухына жетелейтін көр­кем шығарма.

«Бекежан Тілегеновтің «Сексен ал­тыншы жыл» романы алғаш рет 1994 жылы республикалық «Жұлдыз» жур­на­лы­ның №7-9 сандарында басылып, Алаш баласының азаттығы жолында шейіт болған қазақтың қайсар қыздары мен намысын жігеріне жаныған жігіт­тердің жан әлемін әйгілеп берді. Бір қарағанда, тәуелсіздікке тілекші болған жастармен қатар өткен ғасырда сая­саттың сойылын соғып, дойыр қам­шысымен дүрсе қоя беретін,  биік мін­бер­лерде мінсіз болып көрінген жан­дардың кескін-келбеті, бірінің аузына екіншісі түкіріп қойғандай сөйлей жөне­летін саяси персонаж­дардың өзі жазушы суреттеуінде ерекше реңк тапқан», – дейді жазушы Қуат Қиықбай.

Романның өзегі – кеңестік биліктің әділетсіз шешіміне қарсы алаңға шық­қан қазақ жастарының жанайқайы. Автор Желтоқсанды бірсәттік толқу немесе кездейсоқ бас көтеру емес, ұлт санасында ұзақ жылдар бойы қорда­ланған наразылықтың заңды көрінісі ретінде бейнелейді. Алаңдағы суық күн, қаһарлы күш, жазықсыз жапа шеккен жастардың тағдыры  – барлығы да оқырманды сол бір кезеңге жете­лейді. 

Шығармадағы кейіпкерлер – нақты бір адамның бейнесінен гөрі тұтас бір ұр­пақтың символы деуге де болады. Олардың бойынан қайсарлықты, ұлт­тық рухты байқайсың. Шығарманың өн бойында сол заманның үні сезіліп тұрғандай әсер қалдырады. Автор әр кейіпкердің ішкі жан әлемін, қорқы­ныш пен үмітті, күйініш пен сенімді шынайы суреттейді. Өзінің де бұл жөнінде: «Бұл роман менің өмірімде, твор­чествомда ерекше орын алады. Бұл – көркем шығарма. Бірақ таза ойдан шы­ғарылған дүние де емес, жалаң фак­тілерге құрылған шығарма деуге бол­майды. Бұл романның кейіп­керлерін ойдан шығарған жоқпын. Кітап жазылып, жарық көргеннен кейін ғана, әбден қалжыраған бойға қуат шақырып, ес жиғаннан кейін ғана, осынша үлкен де кеңкөлемді тақырыпты, қат-қабат өмір көрініс­терін, соншама адамның тағдырын баяндауға әрекеттенгеніме қайран қала­мын. Осы қиындықтан қалай өт­тім, қалай еңсердім, оны айтып жет­кізе алмаймын. Оған менің шамам келетін емес. Творчествоның бірсәт­тік мезеті осылай туатын болар. Осындай күрделі шығармаға енген, өмірде орны бар, болмысы бар, белгісі бар жандарды жансыз қағазға енгізіп, жан бітіріп, әдебиеттегі өміріне дем беріп, кейіп­кердің өміріне араласып, солардың өмірін өз басыңнан кешу де оңай емес. Ал оны сөзбен жеткізу де қиын ба дей­мін», – деп жазғаны бар.  

Тұтастай алғанда, туынды шарықтау шегі мен шиеленісу тұсындағы лири­калық шегіністерді есепке алмағанда, бар болғаны он бір айдың ішінде болған оқиғаларға ғана құрылған. Жазушының байқампаздығын біл­діретін, аңғарым­паздығын айқын­дайтын «Сексен ал­тыншы жыл» ро­маны: «Бұл еңбегімді «Декабристер» деген атаққа қалып, 86-жылдың бас қасіреті мен тауқыметін көтерген қазақ жастарына арнадым» деген ескертпесімен бетін ашып, Мәс­кеудің кино институтын тәмамдап, Алматыға кинорежиссер болып оралған Айдын­ның тұрмыстағы кикілжіңінен баста­лады.

«Расында да, Бекежан Тілегеновтің 90-жыл­дары жазылған көркем дүние­лері арқылы көлемді дүние­ге кең құлаш сермегені айдан анық көрінеді. Үлкен дайындықпен келгені  – тақырыпты ашу мен сөз саптауы өзгеше мұратты танытады. Шығар­маның негізгі кейіпкерлері – Ай­дын мен Жібек, Айдын мен Нәзік айна­ласында өрбитін оқиғалар барынша адам жанынан, олардың арман-аңсарынан хабар беріп отырады. Шын­ын айтсақ, оқиғаның даму­ы­нан асып, шиеленісу тұсы­на дейінгі аралықта Айдын­ның отба­сы, ошақ қасы маңында өрбіген оқиғалар жиынты­ғы мен бірсыдырғы баяндау да, көпсөзді диалог­тар да кейіпкерді мейлінше аша түсуді көздегенін ұғуға бо­ла­ды. Жазушы кейбір көріністер мен сезім қы­тық­­тайтын әсерлі суреттер ар­қылы романның негізгі жүгін ұмыт­тырып, тіптен басқа қиырға тарта­тындай көрінетіні рас-ты. Ал, шын мәнінде, Желтоқсан оқиға­сының құрбаны болып оққа ұшқан, жүкті әйелі көз жұм­ған Айдынның жанай­қайымен, бірді-екілі адамдар арқылы жазушы мың­дардың мұңын, қыршы­нынан қиылған жастардың қасіретті тағдырын жарияға шығарып отыр деуге болады», – дейді Қуат Қиықбай.

Роман 1994 жылы жарыққа шыққанын айттық. Алғаш шыққан кезде ағалық лебізін білдіргендердің бірі Әзілхан Нұршайықов болған екен. Ол  бұл туралы пікірін «Қазақ әдебиеті» газетіне жариялайды. «Сексен алтын­шы жыл» романын оқып жатырмын. Қызық­тырып, тартып әкетіп барады. Бас алдыратын емес... Бекежанға әб­ден риза болдым. Шешен де, шебер де, батыл да екен. Сонысы сүйсіндірді... Апыр-ау, Бекежан қандай білімді, жорғадай тайпалған сөз шебері болып қалыптасқан», – дейді қаламгер.  

Нұршайықовтың сүйсінетін жөні бар. Өйткені бұл романның тағы бір артықшы­лығы – тарихи әділетті қал­пы­на кел­тіруге деген ұмтылысы. Шы­ғармада Желтоқсан оқиғасынан кей­інгі қуғын-сүргін, жазықсыз жаза­лан­ған жастардың тағдыры, олардың өмір бойы арқалап өткен рухани жара­сы ашық көрсетіледі. Бұл – тек өтк­еннің шежіресі емес, келешек ұрп­ақ­қа қал­дырған аманаты іспеттес.

«Диалог үлкен жүк көтереді. Дәл айтылған диалог арқылы талай ойды, талай нәрсені айтып үлгересің. Мыса­лы, махаббат туралы сезімді ұзақ баян­дап, мезі қылғаннан гөрі қысқа диалог арқы­лы дәл жеткізіп, шынайы көрсету­ге болады. Диалог адамның мінезін де, бейнесін де бере алады. Менің айтып отырғаным орынсыз шешенсіген мыл­жың диалог емес, өмірдің өзінде­гідей шынайы, адамдардың өзіндей түрлі де тартымды диалогтарды айта­мын. Сондықтан «Сексен алтыншы жыл­да» мен диалогқа көп мән бердім» деп жазады қаламгер өзі туралы жазба­ларында.«Сексен алтыншы жыл» романы тарихи әділеттілікті қалпына келтіруге, сол бір зұлмат жылдардың ақиқатын кейінгі ұрпаққа жеткізуге бағытталғаны сөзсіз еді.

Жазушының бұл шығармасы әлі де лайықты бағасын ала қойған жоқ. Де­генмен бір кездері  көрнекті жазушы Мұхтар Мағауиннің «Бекежан Тіле­генов деген өте үлкен жазушы шықты. Классикалық екі роман жазды, біреуі «Қара жер» деген шығарма, полигон тура­лы, біреуі – «1986 жыл». Ол – жел­тоқсан емес, партноменклатура тура­лы. Мен кезінде айтқам: «қазақ үлкен халық болса, полигон қазаққа үлкен қасірет болса, қазақ әдебиеті дамыған әдебиет болса, жазылуы керек еді осындай шығарма». Ал «1986 жылы» болса, партно­мен­клатура, біздің пар­тия­ның басшылығы, оның ақыры қан­дай апатқа әкелгені туралы» деп айтқаны бар-ды. Мағауиннен асырып, ештеңе айта алмаспыз.  

Қалай десек те, «Сексен алтыншы жыл» –  тәуелсіздік рухын ұлықтайтын тағылымды шығарма екенін мойын­дауы­мыз керек.  Әлі де оқырман бұл шы­ғармаға өз бағасын бере жатар. Бастысы, роман оқыр­манды ел тари­хына бейжай қарамауға, еркіндіктің қадірін терең сезінуге үндейді. Шығар­ма сонысымен құнды, бағалы болары сөзсіз. 

Айна ХАСАН