Үшінші мегаполис қысқа уақыт ішінде экономикалық әлеуетін нығайтып, инфрақұрылымын жаңғыртып, заманауи урбанистикалық талаптарға сай жаңа деңгейге көтерілді. Өнеркәсіп пен кәсіпкерлікке серпін беріліп, ірі инвестициялық жобалар іске асырылса, тұрғын үй құрылысы мен әлеуметтік нысандардың саны артты.
Қала экономикасы алға ілгеріледі
Биыл он айдың қорытындысы бойынша мегаполис экономикасы 14,8 пайызға өсіп, республика көлемінде алдыңғы қатардан көрінді. Бұл көрсеткішпен Шымкент 114,8 пайыздық өсімге қол жеткізіп, Астанадан кейінгі екінші орынға орнықты. Қаланың қарқынды дамуы туралы Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді. Қала экономикасының әр саласында үлкен ілгерілеу байқалады. Сауда көлемі 24,6 пайызға, байланыс саласы 18,3 пайызға, өнеркәсіп өндірісі 14,7 пайызға, құрылыс жұмыстары 7 пайызға артты. Инвестиция көлемі де 4,7 пайызға ұлғайып, нәтижесінде 982 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл мыңдаған отбасының жаңа баспанаға қол жеткізуі, қаланың келбеті мен тұрмыс сапасының жаңаруы деген сөз.
Экономикалық өсімнің негізгі қозғаушы күші өңдеу өнеркәсібі десек, бұл бағыт қала дамуының стратегиялық өзегіне айналып отыр. Өңдеу өнеркәсібінде өндірілген өнім көлемі былтырмен салыстырғанда 16,5 пайызға артты. Соңғы үш жылда өнеркәсіп саласында 150 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылып, 40 жаңа жоба іске қосылды, нәтижесінде 2,5 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылды. Бұл адамдардың еңбекке араласуы, табыс табуы, өмір сапасының жақсаруы. Алдағы межелер бұдан да ауқымды. Қала экономикасын орнықты дамыту үшін алдағы бес жылда 6,6 триллион теңге инвестиция тарту жоспарланған. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, инвестиция өңірлік дамудың басты тірегі. Осы мақсатта Шымкентте инвесторлар үшін қолайлы орта қалыптасып, жүйелі қолдау көрсетілуде. Соңғы үш жылда қала экономикасына 2 триллион теңгеден астам инвестиция тартылып, оның 75 пайызы жеке сектордың үлесіне тиесілі болды. Орташа жылдық өсім 11 пайызды құрады. Бүгінде жалпы құны 4,6 триллион теңгені құрайтын 221 инвестициялық жобадан тұратын пул жасақталған. Бұл жобалар іске асқанда, қалада 29 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады.
Шымкент тек өсіп келе жатқан қала емес, болашағына нық сеніммен қадам басқан мегаполис. Мұндағы әрбір инвестиция, әрбір жоба тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға, қаланың экономикалық қуатын күшейтуге бағытталған. Қарқын бар, жоспар айқын, мақсат биік. Осы экономикалық өсімнің нақты көрінісі ретінде үшінші мегаполисте ірі инвестициялық жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Соның ішінде Alsera KZ түрік компаниясымен бірлесіп, құны 322 млрд теңгені құрайтын, 650 гектар аумақты қамтитын еліміздегі ең ірі заманауи жылыжай кешенінің құрылысы 2024 жылы басталып, биыл 98 млрд теңгелік алғашқы кезеңі толық аяқталды. Нәтижесінде, 42 гектар жылыжайдан алғашқы өнім жиналып, жоба нақты нәтижесін бере бастады. Сонымен қатар Польшаның Fabe Agro компаниясымен құны 68 млрд теңге болатын жоғары технологиялы жылыжай кешенін салу үшін 144 гектар жер телімі бөлініп, құрылыс жұмыстары басталды. Бұл жоба жылына 36 мың тонна қызанақ пен қияр өндіруге мүмкіндік беріп, 800-ден астам адамды тұрақты жұмыспен қамтуды көздейді.
Индустриялық және аграрлық әлеует
Индустриялық бағыттағы бастамалар да қарқын алуда. Түркиялық YDA Group компаниясымен 313 млрд теңгеге өндірістік технологиялық материалдар өндіру, ал отандық INTERTRANS компаниясымен 80 млрд теңгеге мұнай өнімдерінен ұнтақталған полипропилен шығаратын зауыт салу жоспарланған. Бұдан бөлек, жуырда Астана қаласында өткен инвестициялық форум аясында қытайлық Shaanxi Construction Engineering компаниясымен 55 млрд теңгеге тұрмыстық қалдықты жағу арқылы 24 МВт электр энергиясын өндіретін зауыт салу жөнінде келісім жасалып, жобаға қоқыс полигоны маңынан 12 гектар жер телімі бөлінді.
Аталған бастаманың барлығы Шымкенттің инвестициялық тартымдылығы артып келе жатқанын, қала экономикасын әртараптандыру мен жаңа жұмыс орындарын құру бағытындағы жүйелі жұмыстың нақты нәтижесін көрсетеді. Осылайша, Шымкентте жүзеге асып жатқан ауқымды инвестициялық жобалар мен білім саласындағы жүйелі жаңғырулар мегаполистің ұзақмерзімді дамуына берік негіз қалап отыр. Жылыжай кешендері, өндірістік зауыттар мен «жасыл» энергетика нысандары қала экономикасын әртараптандырып қана қоймай, мыңдаған тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтып, өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін күшейтуге және экологиялық жауапкершілікті арттыруға бағытталған. Бұл бастамалар Шымкенттің индустриялық әрі аграрлық әлеуетін жаңа деңгейге көтеріп, үшінші мегаполисті инвестиция тартуға қолайлы, заманауи өндіріс орталығына айналдыруда.

Сонымен бірге білім беру саласындағы түбегейлі өзгерістер қаланың адами капиталын дамытуға бағытталған нақты қадамдарға ұласып отыр. Үш ауысымды мектеп мәселесінің түбегейлі шешілуі, жаңа мектептер мен балабақшалардың салынуы, білім нысандарының күрделі жөндеуден өтуі болашақ ұрпақтың сапалы білім алуына жасалған маңызды инвестиция. Ал Президент резиденциясының балаларға арналған сауықтыру лагеріне айналуы – әлеуметтік жауапкершіліктің жарқын көрінісі, мемлекет қамқорлығының нақты нәтижесі. Цифрландыру мен жасанды интеллектіні білім саласына енгізу арқылы Шымкент басқарудың жаңа мәдениетін қалыптастыруда. «Айқын» жобасы арқылы мектеп қауіпсіздігі күшейіп, оқу процесін тиімді бақылау мүмкіндігі артса, «Әлеуметтік әмиян» мен бірыңғай ваучерлік жүйе бюджет қаржысының мақсатты әрі әділ жұмсалуын қамтамасыз етті. Ал QARQYN жүйесінің іске қосылуы ашықтықты арттырып, жемқорлық тәуекелдерін барынша азайтуға бағытталған.
Әрбір тұрғын өз ұсынысын айта алады
Мегаполистің жаңару қарқыны тек экономикалық көрсеткіштермен емес, тұрғындардың күнделікті өмірінде сезілетін нақты өзгерістермен де айқындалып отыр. Соңғы екі жылда Шымкент қаласында көшелер мен жолдарды жарықтандыру жұмыстары бұрын-соңды болмаған ауқымда жүргізіліп, рекордтық нәтижеге қол жеткізілді. Қала басшысының айтуынша, түнгі жарықтандыру тек жайлылық емес, ең алдымен қауіпсіздіктің кепілі. 2023 жылға дейін мегаполисте жыл сайын орта есеппен 115 көше ғана жарықтандырылып, қамту деңгейі небәрі 30 пайызды құраған. Сол кезеңге дейін барлығы 2 028 көше жарықпен қамтылған еді. Ал соңғы екі жылда бұл бағыттағы жұмыс көлемі 40 есеге ұлғайып, қосымша 4 686 көше жарықтандырылды. Нәтижесінде, жыл соңына дейін қала аумағында түнгі жарықтандыру деңгейі 100 пайызға жетпек. 2024-2025 жылдары атқарылған жұмыстар аясында көшелер бойына 95 223 жарықшам орнатылып, кешенді паспорттау жүргізілді. Бүгінде Шымкенттің жол желісі 3 840 шақырымнан асатын 6 882 көшені қамтиды. Бұл инфрақұрылымды жүйелі дамыту арқылы қала келбетін жаңа сапалық деңгейге көтерудің нақты көрінісі.
Шымкент тек инфрақұрылымымен емес, басқару мәдениетімен де жаңарып келеді. Қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің бастамасымен іске қосылған «Шымкентті дамытуға халықтың үлесі» жобасы тұрғындардың пікірін ескеріп, шешім қабылдау процесіне халықты тікелей тартуға бағытталған тың бастама. Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын басшылыққа алған жоба аясында қоғамдық орындар мен қоғамдық көліктерге QR-кодтар орнатылып, әрбір тұрғынға қала дамуына қатысты өз ұсынысын жолдауға мүмкіндік берілді. Осылайша, енді әрбір шымкенттік қала болашағына бейжай қарамай, өз идеясын ашық әрі оңай жеткізе алады. Жүйеге келіп түскен барлық ұсыныс мұқият сараланып, ең өзекті әрі тиімді бастамалар нақты іске асырылатын болады. Бұл әкімдік пен халық арасындағы сенімге негізделген ашық диалогты нығайтып, Шымкентті бірлесе дамытуға бағытталған маңызды қадам.
Осы өзгерістің барлығы Шымкенттің тек өсіп келе жатқан мегаполис емес, тұрғындарының пікірімен санасатын, қауіпсіз әрі жайлы қалаға айналып келе жатқанын айқын көрсетеді. Жалпы алғанда, бүгінгі Шымкент тек қарқынды дамып жатқан қала емес, болашақты ойлайтын, технология мен адам капиталын тең ұстаған мегаполис. Экономика мен әлеуметтік саланы қатар дамытқан бұл жүйелі саясат шаһардың бәсекеге қабілеттілігін арттырып, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған нақты нәтижелерін беріп отыр.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы