Қазақ киносында қандай өзгерістер, жетістіктер бар, қазіргі ұрпақ экраннан не тамашалап жүр деп бір ауық ойға шомарыңыз анық.
Киносыншының «қазынасы»
238
оқылды

Көрерменнің көңілін күпті еткен қалың сұраққа жүйелі жауап табатын, жас киногерлерге бағыт беретін кинотанушы, сыншы мамандардың да аздығын мойындауға тура келеді. Осы орайда кинотанушы, киносыншы, кино тарихшысы Назира Рахманқызының «Кино және уақыт» кітабының жарыққа шыққанына қуанып, жарияға жар салғың келеді.

«Кино және уақыт» – Н.Рахманқызының қазақ кино өнеріне, кинотану ғылымына қос­қан сүбелі үлесі, алтын қазынасы. Кинотану­шының бұл еңбегін 2017 жылы жарық көрген «Қазақ киносы: кеше және бүгін» жинағының жалғасы деп санауға болады. Автордың «Қа­зақ киносы: кеше және бүгін» еңбегінде отандық кино жайында 1994-2016 жылдары жазған зерттеу еңбектері, сыни мақалалары мен сұхбаттары топтастырылған, ал «Кино және уақыт» кітабы 2017 жылдан бүгінге дей­інгі қазақ кино өнерінің кезең-кезеңін анық-қанық сөз етеді. Қазақ киногерлерінің еңбек жолы, отандық кино тарихы жөнінде ілім-білім жиғысы келген әр оқырман бұл кітаптан  керегін аларына сенімдіміз. Дерек бойынша, қазақ жерінде ең алғашқы киноқұжат 1925 жылы тіркелген. Сол тарихи сәттен бүгінге дейінгі кино тарихын сараптап-саралау – ұзақ уақыт пен терең ізденістің жемісі. Кітап таныстырылымында жазушы, драматург Роза Мұқанова да өнердегі әріптесінің еңбегіне куә екенін әңгімелеп берді. 

– Назира Рахманқызы жастайынан қазақ киносын зерттеді, сонау Мәскеудегі мұрағат­тар­дан бастап, біздің орталық, ұлттық мұра­ғаттардың шаңын жұтып, саусақтары сүйел­денгенше сол жерде талай отырды. Кешегі Мәжит Бегалин, Абдулла Қарсақбаев сынды ре­жиссерлердің еңбегін, кино тарихын зерт­теді. Қазақ тілінде кино тарихын жазған адам­дарды тізсек, бес саусақпен де санап айта ал­майсың, – дейді драматург. 

«Кино және уақыт» кітабы негізгі үш бөл­ім­нен тұрады. «Мақалалар, зерттеулер» атты алғашқы бөлім заманауи қазақ киносы мен көрермен, әдебиет пен кино байланысы, әлеу­меттік желінің әсері, қазақ киносының насихатталуы, ұлттық құндылықтар, кино­архив, коммерциялық фильмдер, қысқаметрлі фильмдер, сценарий, тіл мәселелері, тарихи тұлғаларға арналған фильмдер жайында сыни мақалалар мен талдауларды қамтиды. Соны­мен қатар «Қазақ деректі киносы: уақыт, қо­ғам, тұлға» тарауында сонау 1925 жылдан бастап бүгінге дейінгі деректі фильм мәселесін баян етеді. Екінші бөлімге Н.Рахманқызының қазақ киносындағы әрқилы мәселелерге қатысты баспасөз бетіне берген сұхбаттары, соңғы бөлімге автордың кинорежиссер, педаг­ог Болат Қалымбетовпен, сценарист Ұлар­бек Нұрғалыммен жүргізген, еш жерде жария­ланбаған сұхбаттары енді.

Автор бұл еңбекте отандық кино өнерінің қазақ болмысы мен құндылығына сай бол­ға­нын қалап, жанашырлықпен қарайды. Мы­салы, «Парасат пен дарақылық» мақала­сында «Өлмейтін шығарманың діңгегі – парасат. Шығарманың өн бойында талант та, ниет те, шеберлік те сезілуі мүмкін, алайда парасат жоқ жерде алдыңғы үшеуінің арзандап кетуі әп-сәтте» екенін жеткізеді. Автор өткен ғас­ыр­да экранға жол тартқан  «Атамекен», «Тұл­пар­дың ізі», «Қилы кезең», «Қайрат» сынды кино­туындыларды негізге ала отырып, зама­науи фильмдердегі дөрекілік пен ессіз дарақ­ы­лықтан сақтануға шақырады. «Отандық кино­дағы ауыл бейнесінде» қазақ киносындағы ауыл тақырыбы солғын, тек кеңестік жүйенің көрінісі ретінде ғана көрініс тауып жүргенін, жас режиссерлердің жаңаша ізденіске түсуін жеткізеді. Автор өткен ғасырда түсірілген фильм­дерді киномұрағаттан қарап зерттегенде, фильмдердің әдеби, режиссерлік сценарийінің бірнеше нұсқасынан бастап,  есеп-қисабына дейінгі түрлі құжаттың барын айтады. Өкінішке қарай, бүгінгі кино саласы жайлы деректер жоқ болып отыр. 

Кітапты жарық көре сала қолына алған­дардың бірі – драматург, кинорежиссер Ермек Әмірханұлы да еңбектің маңызын айтып, студенттерге оқу құралы ретінде қажет дейді.

– Н.Рахманқызының кітабын ерекше риза­лықпен оқып шықтым, себебі кітапта көптеген мәселені сөз еткен. Кино әлемінде қандай жаңа есімдер бар, жастар арасында кімдерге көңіл бөлу керек деген сұраққа жауап іздеген. Кинотану ғылымында мамандар өте аз. Сту­денттердің білім алуына қажет оқулықтар да жетіспей жатыр. Белгілі бір тақырыпқа жауап берерде, Еуропа мәдениетіндегі тенден­ция­ларды, голливудтық жүйені сөз етеді, қазақ киносы жөнінде хабар аз. Бірде емтихан кез­інде студентке шытырман оқиғалы фильмдер жайлы сұрақ түсті, ол Голливудтың детек­тив­терін тоқтаусыз айтып жатыр, қазақ өнерінен нені айтар деп күтіп отырмыз. «Бандыны қуған Хамит» жата ма деп сұрасақ, әрең жауап берді, – дейді Е.Әмірханұлы.

Ермек Әмірханұлы кітап таныстыры­лымында авторға тілек білдіре отыра, кино мамандарын оқытуға қатысты идеяларын да ұсынды, мәселен студенттердің диплом жұ­мысын түсіруге қолдаудың жоғы оны қынжыл­тады. Жоғары оқу орындары дипломдық жұ­мыстардың сапалы шығуын қолдап, қаржы бөл­уге тиіс дейді. Мысалы, шетелде жоғары оқу орындары студенттердің дипломдық жұ­мыс шығындарына кемінде 300-500 доллар төлейді. 

– Қазір студенттер әркімнен қарыз алып, екі ортада қиналып жүр. Осы мәселені жүйелеп, рет­тестіру керек. 2013 жылдары Эмир Байгаз­иннің дипломдық жұмысын көріп, фильм түс­ірейік дегенбіз. Екі фильм алып келген, бірақ қабылдамай қойдым. Сонда жас режис­сер «мен барып, асылып өлемін» деп, бізді шошытқан. «Университетті бітіріп, пәтер жал­дап, жағдай жоқ, қиналып жүрмін» деп мәсе­лесін айтты. Сосын біз шарт жасасып, сцен­арий­ін қайта көрейік деп келістік. Келесі кел­генде, «Асланның сабақтары» («Уроки гар­монии») фильмінің сценарийін көрсетті. Бұл қазақ киносына тың идея алып келген туынды болды. Бұдан кейін қанша жастар түр­лі эксперимент жасауға тырысты, бірақ сол қалыптасқан жаңа толқын қайда, не істеп жүр деген сұрақ туады? Бітіруші студенттердің дип­­ломдық жұмысымен танысып жүрмін, қан­шама талант бар, алайда кино түсіруге қар­жылай қолдау жоқ, – дейді Е.Әмірханұлы.

Е.Әмірханұлы отандық киноны дамытуда көп­теген жоба керегін жеткізді. Сәтті жоба­лар­дың біріне айналға «Жаужүрек мың бала­ны» осы орайда айта кеткен жөн. Бұл фильмнен соң жастар ана тіліне, тарихына қызығып, ұлт­тық спорт түрлеріне жазыла бастаған, көр­ерменнен мыңдаған хат келіп түскен. Демек, бір ғана табысты жобаның өзі қазақ кино­ин­дустриясының деңгейін көтеруге ықпал етеді.

Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орта­лығының төрағасы Құрманбек Жұмағалиұлы болса, отандық кино индустриясында жақсы жаңалықтардың бар екенін жасырмайды.

– Биыл Ұлттық киноны қолдау орталығы ұйымдастырған байқауға 57 жұмыс келіп түс­кен, оның 40-қа жуығы – жас режис­серлердің жобасы. Орталықтың сарапшылар кеңесінде Назира Рахманқызы да бар, бүгінге дейін жас шәкірттерінің жұмысын қолдап, қорғап келеді. Жақында Н.Рахманқызының қолдауы­мен экранға жол тартып, көрермен көңілінен шыққан жобаның бірі «Қайтадан» фильмі екенін айта кету керек. Бұл фильм – тәуелсіздік жылдарында мемлекеттік қаражаттан қолдау тауып, миллиардтан аса табыс түсірген алғашқы жоба, – дейді басшы.

Тәуелсіздік жылдары сапалы киноту­ын­дылар, әрине, жоқ демейміз, алайда саланың қарқынды дамуына жүйелі қолдау керек. Н.Рах­манқызының зерттеу еңбегі де саладағы жай-күйдің тікелей көрінісі болып отыр...

Айсұлу СЪЕЗХАН