Жыл басында Біріккен Ұлттар Ұйымы қаржы жетіспеуіне байланысты Швейцария, Тайланд, Мьянмадағы қызметкерлеріне қысқарту жүргізетінін, Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйым тағы 6 мың адамды жұмыстан шығаратынын жариялаған еді.
БҰҰ: дағдарыс һәм даму
309
оқылды

Желтоқсанның басында әлемдегі ірі басылымдар бұл қысқартулар ендігі басталып кеткенін жазды. Тапшылықтың басты себебі – кей елдердің ұйымға міндетті жарнасын аудармауы болып отыр. Бұл тосын жағдайға не себеп?

80 жылдық тарихы бар бірлестіктің адамзатқа тигізген пайдасы аз емес: бітім­гер­лік бастамалары, лидерлерді жөнге салған айбарлы шағы, түрлі қиындықтан қажыған халықтарға көмек бергені есте, әлі де игі ісі мол. Әйтсе де, өткені мен бү­гінін салыстыра отырып, болашағын ба­ғам­дауды қажет ететін тұстар бар.

Идеалистіктен туындаған тоқырау

Жалпы, Біріккен Ұлттар Ұйымының жол тосқан мәселесі тұтастай көрінгенімен, оны бірнеше тармаққа бөліп қарастыруға болады. Ең әуелгісі – қаржылық қиындық. Мысалы, бірлестіктің маңызды бір тарма­ғы саналатын Гуманитарлық көмек үйлес­тіру жөніндегі БҰҰ басқармасы 2026 жыл­ғы қызметін қамтамасыз ету үшін до­нор елдерден қазір 33 миллиард доллар сұ­рап отыр. 2025 жылға 45 млрд доллар сұра­ған болатын. Алайда елдер тек 12 млрд доллар беріп, кейінгі 10 жылдағы ең тө­мен­гі көрсеткіш тіркелді. Жоспардағыдан 3 есе аз. Бұған қарап, келер жылы да қар­жыландыру аз болатынын болжай аламыз.

Сарапшылар бұның себебін гео­саяси жағдайлармен ұштастырып отыр. Түрлі қақтығысты желеу еткен АҚШ пен Еуропаның ірі мемлекеттері қаржы беруін қысқарта бастады. Дегенмен бір ғана тарапты айыптауға болмайды, мәсе­ленің түп-төркіні көзқарастардың қайшы­лығынан шығып отырғанын айтушылар кезігеді.

– Кез келген халықаралық ұйымның, кез келген жобаның және жалпы мемле­кет­тер арасындағы қатынастардың тиім­ділігін бағалаудың екі түрлі тәсілі бар: идеалистік және реалистік тәсілдер. Идеа­листік тәсіл белгілі бір құндылықтарға сүй­е­нсе, ал реалистік тәсіл «кім мықтыға» не­гізделеді. Осы тұрғыдан алғанда, Бірік­кен Ұлттар Ұйымының ішінде ұзақ уақыт бойы идеалистік тәсіл күшейе берді. Бұл тәсілмен қалай болса да жету қажет деп саналатын белгілі бір құндылықтар жария­ланады. Ал шын мәнінде әлемді реализм басқарады. Реализм біреуді «жақсы», бір­еуді «жаман» деп бөлмейді, ол мемлекет­тер­дің өз ұлттық мүдделерін қорғайтынын, тарихи үдерістер аясында әрекет етуге мәж­бүр екенін, әр елдің өзіне тән, басқа ел­дердің мүдделеріне қайшы келуі мүмкін тарихи мүдделер жиынтығы бар екенін негізге алады, – дейді саясаттанушы Ғазиз Әбішев.

Сарапшының пайымына салсақ, БҰҰ неғұрлым идеалистік сипат алған сайын, соғұрлым ақ-қараға бөліп ойлауға бейім­дел­ген. Мұндай жағдайда ірі мемлекет­тердің БҰҰ-ны қолдауға деген ынтасы төмендейді. Қазір көріп отырмыз, ұйым бюджетінің тапшылығы Вануату немесе Уругвай сияқты елдердің жарнаны төле­меуінен емес, кері­сінше ірі державалардың өз үлесін толық өтемеуінен туындап отыр.

Ұйымның ендігі амалы – үнемдеуге көшу. Қазір бірлестік гуманитарлық қыз­меттің құрылымын қайта қарап жатыр. Яғни, көмекке мұқтаж кей аймақ тізімнен сызылуы мүмкін. Ал қазір әлемде қақты­ғыс, індет пен табиғи апаттардан зардап ше­гіп жатқан адамдардың саны 135 мил­лионға жетіп отыр. Гуманитарлық көмек үйлестіру жөніндегі БҰҰ басқармасының басшысы Том Флетчер осы жайтты ашын­ып айтқан.  

– Қазір бүкіл жерде отбасылардың қиындық көріп жатқанын білемін. Бірақ өт­кен жылы әлем қорғанысқа, қару-жа­раққа 2,7 трлн доллар жұмсады. Ал біз сол соманың 1 пайызынан сәл асатынын ғана сұрап отырмыз, – деген ол.

Осы орайда айта кететін бір жайт бар. Қазір дүниежүзілік ұйымға мүше 190 мемлекеттің тек 61-і барлық қар­жылық міндеттемесін уақытылы өтеп келеді. Қазақстан алғашқы бестіктен түс­кен емес: белгіленген 30 күн ішінде қар­жы­лық міндеттемесін соңғы тиынына дей­ін аударуды дәстүрге айналдырған. Кейбір елдер жарнаны кешіктіргенімен, түбі төлеуге мәжбүр болады. Егер мемле­кет­тің қарызы екі жылдық жарнасына тең болса, БҰҰ Бас Ассамблеясындағы дауы­сы­нан айырылады. Кейін Бас Ассамблея арнайы шешім қабылдамайынша, борыш­кер ел дауысын кері қайтара алмайды. Бұл тұста ең ірі бюджеттік донор саналатын АҚШ ұйымға 2,7 млрд доллар берешек болып отырғанын айта кетейік. Жалпы, қазір БҰҰ-ның тұрақты бюджетіне – 2,4 млрд доллар, бітімгершілік қызметке 2,7 млрд доллар төленбеген жарналар бар. 

Саясаттанушы Ғазиз Әбішев бұған қоса мұнда мемлекеттерге экономикалық қы­сым­ның да бар екенін түсіну қажет екен­ін жеткізді. Оның айтуынша, қазір көп­теген ел қарыз жүгінің астында отыр. АҚШ-тың борышы ондаған трлн доллар, Ресейде де, Қытайда да экономикалық қиын­дықтар бар, Еуропада да жағдай бір­қа­лыпты емес. Германия әлеуметтік мін­дет­темелердің шамадан тыс ауыр екенін ашық мойындап отыр. Ұлыбритания би­лі­гі сайлау алдында салықты көтермеймін деп уәде бергеніне қарамастан, енді са­лық­ты арттыруға жақындап келеді. 

– Мұндай жағдайда мемлекеттер өз қаражатына әлдеқайда мұқият қарай бас­тайды. Бұған қоса, сыртқы саясаттың праг­матизациясы байқалып отыр. Қазір халық­аралық қауіпсіздік жүйесінің «тақта­лары» қозғалды, ал әрбір ірі мемлекет өз ұлттық мүд­делерін мүмкіндігінше қорғауға ұмты­луда, – дейді сарапшы Әбішев.

Алайда бұл бүгін ғана емес, ұзақ жыл­дар бойы қалыптасқан жүйелік теңсіз­діктердің салдары. Әлемдегі гуманитарлық дағдар­ыстар көлемі үнемі ұлғайып келеді. Саясат­танушы Бөріхан Нұрмұхамедовтің сөзінше, кейбір мемлекеттердің қаражатты уақыт­ында аудармауының негізгі себебі эконо­ми­калық қиындықтардан гөрі жа­һан­дық институттарға көзқарастың өзгеруінен болып отыр. 

– Қаржы бөлу немесе оны кешіктіру қазір саяси сигналға айналды. Елдер осы арқылы ұйымның бюрократиялық баяу­лы­ғына, жұмысындағы басымдықтарға немесе ірі державалардың ықпалына нара­зылығын білдіреді. Демек, бұл жағдайды ұйымға деген құрметтің төмендеуі деп бір­жақты түсіндіру дұрыс емес. Кейінгі жыл­дары донорлар көмекті тікелей екі­жақты арналар арқылы беру тәсілін жиі қолдана бастады. Дәстүрлі дипломатиялық алаңдарда қайшылықтар көп болған сай­ын бюджет мәселесі сол келіспеушіліктің ал­ғаш­­қы белгісіне айналады. Яғни, БҰҰ қазір әлемдік текетірестердің өзіне тән салмағын көтеріп отыр. Дегенмен бұл үр­дістерді көпжақтылықтан бас тарту деп қабылдау ағаттық. Керісінше, мемлекеттер халық­аралық құрылымдардан тиімділік, ашық­тық, жеделдік және жауапкершіліктің әділ бөлінуін талап етіп отыр. Қаржылық қы­сым – ұйымды жаңғыртуға итермелейтін сигнал. Сондықтан қазіргі дағдарыс БҰҰ үшін тек сынақ емес, көпполярлы дәуірде өз рөлін қайта айшықтап, жұмысын жаңа­ша құруға берілген мүмкіндік, – дейді сарапшы.

Бейбітшіліктің бағасы

Біреу білсе, біреу білмес, тарихта Бірін­ші дүниежүзілік соғыстан кейін Ұлттар Лигасы құрылғанын білеміз. Жұмыс фор­маты, рөлі Біріккен Ұлттар Ұйымына ұқсас еді, сондықтан БҰҰ-ны Ұлттар Лигасының мұрагері санайтындар бар. 1919 жылы құ­рыл­ған алғашқысының ғұмыры 27 жылға ғана жетті. Басты мақсаты халықаралық бейбітшілікті сақтау, дауларды диплома­тиялық жолмен шешу, ұжымдық қауіпсіздік қағидасын орнық­тыру болғанымен, күткен нәтижені бере алмады. Бір жағынан түсіну­ге болады, БҰҰ секілді оның бітімгерлік күштері болмады. Әйтпесе, БҰҰ-ның ай­барлы шағында бітімгершілік күштеріне қай елдің де әскері қарсы келе алмайтын. 

Ұлттар Лигасы да сол қауіпсіздік идея­сын насихаттаумен шектелгендей болып тарихта қалды. Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда маңызын толық жоғалтты. Ал БҰҰ сол қателіктерден сабақ алып құрыл­ған ұйым болатын. Бұл әңгімені неге қозға­дық? Біріккен Ұлттар Ұйымының іргелі бір тармағы – Қауіпсіздік Кеңесі. Бірақ қазір әлем толыққанды бейбіт емес. Осы күні жаһанда 120 қақтығыс ошағы бар. Ірілері Таяу Шығыста, іргедегі Ресей мен Украина жерінде. Жалпы, геосаяси ахуалды тұрақты деп бағалай алмаймыз. Сонда Қауіпсіздік Кеңесінің де маңызы жойылып бара ма? 

– БҰҰ-ның дағдарысы ең алдымен негізгі органы – Қауіпсіздік Кеңесінің тиім­ділігіне тікелей қатысты. БҰҰ Жарғы­сына сәйкес, халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау жауапкершілігі дәл осы органға жүктелген. Кейінгі жылдардағы ірі халықаралық қақтығыстар Қауіпсіздік Кеңесінің бұл міндетті атқара алмай отыр­ғанын көрсетті. Бұл XX ғасырдың басында құрылған Ұлттар Лигасының тағдырын еске түсіреді. БҰҰ құрылған кезде кемші­ліктер ескерілген сияқты еді. Қауіпсіздік Кеңесіне міндетті шешім қабылдау құқы­ғы, санкция енгізу және күш қолдану те­тіктері берілді. Алайда тұрақты бес мүшеге берілген вето құқығы уақыт өте келе бей­бітшілікті сақтаудың емес, Қауіпсіздік Кең­есінің жұмысын блоктау, тұсаулау құ­ра­лына айналды. БҰҰ Жарғысына сәйкес, бір тұрақты мүшенің қарсылығы шешім қабылдауға жеткілікті. Қауіпсіздік Кеңесі реформаланбаса, ұйымның функционал­дық әлсіздігі тереңдей түседі. Мұндай жағ­дайда мемлекеттер БҰҰ шеңберінен тыс әрекет етуге көбірек жүгініп, халық­а­ра­лық құқықтың орнына геосаяси мүдде­лер үстем бола бастайды, – дейді Халықара­лық сарапшы, саясаттанушы Жанат Момын­құлов.

Қарарлардың күші және вето қою де­геннен шығады. Бұнда да ескеретін бір­неше дүние бар. Біріншіден, көптеген қарар «ұсыныс», «ұйымдастыру», «қоңырау шалу» сияқты сипатта болған, яғни заңды міндеттемесі жоқ әрі орындауға мәжбүр­лемейді. Екіншіден, Қауіпсіздік Кеңесінің кейбір шешімін орындамау жайына кегенде мысал ретінде Газа секторын ша­бу­ыл­даған Израильді айта аламыз. Бұл ел Қауіпсіздік Кеңесі мен Бас Ассамблея жаса­ған «1967 жылы басып алынған жер­лер­ден шығу», «пропалестиналық босқын­дардың қайтарылуы», «Израильдің еврей олжаларын кеңейту саясатын тоқтату» секілді талаптарын орындаған жоқ. Өйт­кені осы талаптарға АҚШ секілді алпауыт елдердің бірі вето қоя салса болғаны, Израиль міндетінен құтыла салды.

– БҰҰ-ның шамадан тыс идеалистік бағыты кей тұстарда АҚШ-тың, Қытайдың, кейде Ресейдің, кейде Батыс Еуропа ел­дерінің мүдделеріне қайшы келіп жатады. Соның салдарынан сенімнің әлсіреуі мен ірі донор мемлекеттердің салқын көзқара­сы қалыптасты. Өйткені күштердің нақты үлесін ескермей, шағын мемлекеттердің топтасып алып, Бас Ассамблеядағы әмбе­бап дауыс беру арқылы ірі мемлекеттерді басып озуы әрине наразылық тудырады. Ірі елдер бұл ұйымды бастапқыда өздері жиналып, шағын елдерге пікір айтуға мүм­кіндік беретін, өзара қатынастарын реттей­тін алаң ретінде қабылдаған. Алайда шағын мемлекеттер бұл теңдік туралы тезиске шын мәнінде сеніп, әлемде бәрі тең деп ой­лай бастады, ал іс жүзінде әлемде бәрі тең емес, – дейді Ғазиз Әбішев.

Саясаттанушының айтуынша, АҚШ әлемді өз ұлттық мүдделерінің ал­дында тізе бүктіруге ұмтылуды, Ресей әлем тағдырын айқындайтын ірі ойыншылар үстеліндегі орнын қорғауды, Қытай тоқтау­сыз экономикалық өсім жолына түсіп, үстем­дікке қол жеткізуді көздейді. Үндістан да өз «інінен» шығып, ірі державаға ай­налуда. Мұндай жағдайда БҰҰ-ның жұм­сақ, әдемі әрі әмбебап риторикасы мемле­кеттерге жарамайды. 

Ал Бөріхан Нұрмұхамедов ірі елдердің вето құқығын жүйенің кемшілігі емес, керісінше, ядролық державаларды тікелей қақтығыстан сақтап қалу үшін енгізілген «тежегіш» санайды. Бұл механизм шешім қабылдауды баяулатуы мүмкін, бірақ жаһандық тұрақтылық үшін маңызды рөл атқарады екен. 

– Бірақ бұл реформа қажет емес деп ойламаған жөн. Қазіргі көпполярлы әлем­де Қауіпсіздік Кеңесінің құрамы да, оның жұмыс тәсілдері де жаңа шындыққа сай келмей отыр. Кейбір аймақтарда жаңа көшбасшылар пайда болды, қауіпсіздік түсінігі кеңейді, ал 1945 жылғы құрылым қазіргі геосаяси тепе-теңдікті толық бейне­лей алмайды. Сондықтан ұйымның леги­тим­дігі мен тиімділігін күшейту үшін өкіл­дікті кеңейту, аймақтық ұйымдардың ықпалын арттыру секілді қадамдар қажет, – дейді саясаттанушы. 

Баламасы жоқ игі бастамалар

Қанша жерден ұйымның кемшіліктері аталғанымен, саяси салмағы азайғанымен, оның гуманитарлық, климаттық және әлеуметтік бағыттардағы рөлі бұрынғыдан да артып отыр. Мысалы, АҚШ-тың USAID қызметінің орны ойсырап бос қалды. Есесіне UNHCR, UNICEF секілді агент­тіктер миллиондаған адамға көмек көр­се­туде. Климат мәселесін де БҰҰ-сыз шешу мүм­кін емес. COP саммиттері жаһандық келі­сімдердің жалғыз алаңы болып отыр. COVID-19 пандемиясы кезінде дәл осы БҰҰ мен ДДСҰ халықаралық үйлестірудің негізгі орталығына айналды. Яғни, БҰҰ-ның практикалық қызметін басқалар ал­мас­тыра алмайды.

Климат дегеннен шығады, келе­шек­тегі қақтығыстар басқа емес, дәл осы табиғи ресурстар үшін болуы мүмкін. Қазақстан тарапы бұл мәселені терең ұғынып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл бір емес, бірнеше жа­һандық жиында су тапшылығы мәселе­сін көтерді, өзіміздегі Аралдың, Каспийдің ахуалын атап, бір елдің емес, түгел аймаққа ортақ мәселе болып отырғанын жеткізді. Өткен аптада ғана Ашхабадта өткен бей­біт­шілік пен сенім форумында Қазақстан Президенті Біріккен Ұлттар Ұйымы ая­сында Халықаралық су ұйымын құруды ұсынатынын жеткізді. 

– Былтыр адамзат тарихындағы ең ыстық маусым болды. Бұл ретте Орталық Азияда ауа температурасы әлемдегі орташа көрсеткіштен екі есе жоғары екенін айтқан абзал. Алатау мұздықтары тез ери бастады. Бұл миллиондаған халықтың су және азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төндіреді. Қа­зақ­стан Арал қасіретінен сабақ алды. Жос­парлы іс-әрекетіміздің арқасында, сон­ың ішінде халықаралық деңгейдегі ынтымақ­тас­тық нәтижесінде теңіздің солтүстік бөлігін сақтап қалдық. Халықаралық Ар­ал­­ды құтқару қорының төрағасы ретінде елі­міз бұл маңызды бағыттағы белсенді жұмысты жалғастырады. Дегенмен Каспий теңізі күннен-күнге тартылып барады. Бұл бір өңірдің ғана проблемасы емес, жаһан­дық деңгейде дабыл қағатын мәселеге ай­нал­ды. Сондықтан аймақтағы серіктес­тері­мізді және барша халықаралық қоғам­дас­тықты Каспийдің су қорын сақтау үшін же­дел шараларды бірлесе қабылдауға ша­қыра­мыз, – деген болатын Мемлекет басшысы БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-ші сессиясындағы Жалпы дебатта. 

Бұл айтылған мәселе Орталық Азия немесе Таяу Шығысқа ғана тән мәселе емес. Биыл Иранның қалай құрғақ­шы­лықты бастан өткеріп жатқанын біле­міз, осыдан 10 жыл бұрын Оңтүстік Амери­ка­дағы ірі көлдердің бірі саналатын Поопо толық жойылды. 30 млн адамға тіршілік нә­рін беріп келген Африкадағы Чад көлі 1960 жылдан бері 10 есе кішірейді. АҚШ-тағы Колорадо өзені теңізге жетпей қалып жатыр. Бұл мәселелер күрделене берсе, келешекте адам уран немесе мұнайға емес, табиғи тіршілік көзіне зар бола бастайды. Ал бұл тұрғыда БҰҰ біраз игі іс атқарып жат­қанын жасыра алмаймыз. Жыл сайын климатқа қатысты есептеулерді, мәселе­лер­ді шешу жолдарын мінберлерде қозғай­ды. Яғни, ұйым белсенді, жұмысын басқа ешбір бірлестік алмастыра алмайды. Өз кезегінде осы қыры Қазақ­стан­ға тиімді екенін халықаралық сарапшы Жанат Момынқұлов айтып отыр. 

– Қазақстан үшін бұл халықаралық медиациядағы рөлін күшейтуге, су және климат дипломатиясында бастамашы болуға, аймақтық қауіпсіздік архитектура­сында белсенді ойыншыға айналуға мүм­кіндік береді. Сонымен қатар БҰҰ-ның гуманитарлық және даму агенттіктерімен тікелей жұмыс істеу Қазақстанға халық­аралық бедел жинауға жол ашпақ, – дейді саясаттанушы. 

Ұйым қайта ұйыта ала ма?

Барлық жайтты айта келе, біздің басты меңзегеніміз – БҰҰ-ның болашағы еді. Уақытша тоқырау, күдік болғанымен, ұйым келешегін бұлыңғыр деп ешкім сеніммен айта алмайды. Кей салаларда ықпалы сақталып қана қоймай, артып отырғанын көрдік. Дегенмен саяси тұрғыдағы ықпалы әлі де арта қоймауы мүмкін.

– Біріккен Ұлттар Ұйымы толық күй­реп кетпейді. Әрине, оның жұмысын қа­рап, жекелеген институттарын қайта баға­лау қажет. Бірақ «реформа керек» деп айта­тындардың өздері шын мәнінде оған аса мүдделі емес, әрі ортақ бағыт әзірге қалыптасқан жоқ. Шағын және орта мем­лекеттер БҰҰ-ны әділеттілікке қарай өз­герту керек дейді, ал ірі державаларға бұл тиімсіз. Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүше­лері үшін де вето құқығындағы моно­полиядан айырылмайды. Себебі өздеріне халықаралық процестерді бұғаттау мүмкін­дігінен айыратын әрі болашақта өздеріне қарсы қосымша қысым тетігіне айналуы ық­тимал механизмді қолдан жібергісі кел­мейді. Ірі державалар өзара жаңа халық­аралық қауіпсіздік архитектурасын және тепе-теңдік жүйесін қалыптастырмайынша, бұл мәселе алға жылжымайды. Ал олар егер келісіп, бұл жүйе орнықса, бәрі бірден жүйе­лі түрде жұмыс істей бастайды да, БҰҰ жаңа сипатқа ие болады, – дейді саясат­танушы Ғазиз Әбішев.

Бұған қарамастан Біріккен Ұлттар Ұйымы әлемдегі көптеген ел үшін легитимділік пен дипломатиялық қорған­ның жалғыз көзі болып қала бермек. Себебі ұйым кейбір қақтығыстарға, әділетсіз­діктерге қарсы жаһандық деңгейде дабыл қаға алады, кей ірі мемлекеттерді осыған үндей алады. 

Ендігі сауал: «халықаралық ұйымдар­дың әлсірей бастауы Қазақстан секілді орта державаларға қалай әсер етуі мүмкін?». Саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамедов оның бір жағынан қауіп, екінші жағынан жаңа мүмкіндік саналатынын айтады. Се­бе­бі жаһандық ережелер бұрынғыдай жұмыс істемей қалса, әлем тұрақсыз және құбылмалы бола бастайды. Бірақ дәл осы жағдайда орта державалар өз сыртқы саясатын бұрынғысынан да еркін жүргізіп, бастамашыл әрекет етуге жол аша алады. Үлкен державаларға немесе жаһандық институттардың шешімдеріне толық тәуелді болу деңгейі төмендейді. 

– Көпжақты тетіктер баяулап, тиім­ділігін жоғалтқан сайын орта державалар қауіп­сіздігін қамтамасыз етудің жаңа жол­дарын іздеуге көшеді. Бұл аймақтық алья­н­с­тарды нығайтуға, екіжақты қатынас­тар­ды тереңдетуге және дипломатиялық құ­ралдарды кеңінен қолдануға алып келеді. Алайда мұндай жағдай қауіпті де арттыра түспек, ірі державалар арасындағы бәсе­ке­лестік күшейген сайын орта державаларға көрсетілетін геосаяси қысым да артуы мүмкін, стратегиялық таңдау бұрынғыдан да күрделене түседі, – дейді сарапшы.

Десе де, жаһандық институттардың әлсіреуі орта державалардың аймақтық деңгейде белсенді рөл атқаруына мүмкіндік беретінін көрсеткен айқын мысалдар бар. Бастамашыл ойыншыға айналып, келіс­сөз­дер жүргізуде, интеграциялық жоба­ларды дамытуда, энергетикалық саясат пен қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты ұйымдастыруда жетекші рөл алғандар кезігеді. Түркия, Сауд Арабиясы, Оңтүстік Корея, Индонезия, Бразилия секілді ел­дердің кейінгі жылдарда ықпалының арт­уы – осы үрдістің айқын дәлелі. 

– Өз кезегінде бұның жауапкершілігі де болады. Бұрын ғаламдық ұйымдар атқарған гуманитарлық координация, бітімгерлік, миграциялық процестерді бас­қару сияқты міндеттердің бір бөлігі енді аймақтық күш­тердің мойнына түседі. Бұл қаржылық рес­урстарды, тұрақты диплома­тиялық белсен­ділікті және институцио­нал­дық дайын­дықты талап етеді. Егер орта державалар мұн­дай жүкті көтеруге дайын болмаса, аймақтық тұрақсыздық тереңдеуі әбден мүм­кін. Ұзақмерзімді перспективада халықара­лық ұйымдардың әлсіреуі орта державаларды экономикалық дербестігін арттыруға, тех­нологиялық жаңғыруға ын­та­ландырады. Егер бұл үрдіс жүйелі түрде жал­ғасса, жаңа көпполярлы жүйе тірек­терінің біріне айнала алады. Бірақ бұл үшін кеңейген мүмкін­дік­терді ғана емес, күшей­ген қысымды да ескеріп, өз мүддесін қорғау­­дың жаңа стратегияларын қалыптастыру қажет, – деп түйіндеді сөзін Б.Нұрмұха­медов.

Сонымен, қазіргі картина, болашақта болуы мүмкін сценарийлер айқындала түс­ті. Біріккен Ұлттар Ұйымын нақты әлсі­реді немесе күшейді деп бағалау қиын, біз­дің тұжырымымыз бойынша, бірлестік жаңа әлемдік тәртіпке бейімделіп жатқан­дай көрінеді.

Мадияр ТӨЛЕУ