Алматы облыстық мәслихатындағы «AMANAT» партия­сы депутаттық фракциясының отырысы өтті. Жиын барысында облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев өңірде партияның сайлауалды бағдарламасы аясында атқар­ылып жатқан жұмыс туралы баяндады.
Үш ауысымды мектептер азайды
128
оқылды

Оның айтуынша, биыл облыс экономикасында өсім бар. Қаң­тар-қараша айларында облы­стың қысқамерзімді эконо­мика­лық индикаторы 109,8 пай­ыз­ға жетті. Өндіріс, сауда, құрылыс және тұрғын үй сала­лары алға жылжы­ды. Ал инвес­тиция көлемі бір жылда 26%-ға артты.

«Биыл «AMANAT» партия­сы­ның Жол картасында жоспар­ланған 95 іс-шараның 65%-ы орын­далды. Жалпы, Жол карта­сын­д­а көзделген 106 іс-шара кез­ең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Оның ішінде, ауыл тұр­ғындарының табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» пар­тиялық жобасы аясында жалпы сомасы 10,8 млрд теңге болатын 1 231 несие бері­ліп, 1 471 жұ­мыс орны ашылды. Ал «Жер аманаты» партиялық жобасы аясында пайдаланылмай жатқан 91,1 мың гектар жер мем­лекет мен­шігіне қайтарылды», – деді Марат Сұлтанғазиев.

Сонымен қатар биыл облыста жалпы құны 180 млрд теңге бола­тын 12 ірі инвестициялық жоба іске қосылды. Соның нәти­жесінде 6 мыңнан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Балмұздақ өндіретін «Шин Лайн» зауыты, «КегенМясПром» ет ком­бинаты, «Hong Shun» сұйық әйнек зауыты және ірі логистикалық «Focus Logistics» компаниясы жұмысын бастады. Сондай-ақ «LC Waikiki» компаниясының кө­тер­ме-тарату орталығы пайда­лануға берілді. Аталған жобалар өңір экономи­касына нақты сер­пін беріп отыр.

«Партияның сайлауалды бағ­дарламасы аясында білім беру саласында 2022 жылдан бері 69 жаңа мектеп салынды, 55 мектеп күрделі жөндеуден өтті. Соның нәтижесінде үш ауысымда білім беретін мектеп саны 52-ден 28-ге дейін азайды. Биыл денсау­лық сақтау саласында 19 медици­налық нысан пайдалануға беріліп, медициналық ұйымдардың жаб­дық­талу деңгейі 92%-ға жетті. Сонымен қатар өңірде 1 млн шар­шы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Облыстық маңызы бар 254 шақырым жол жөнделіп, елді мекендердегі 702 шақырым ішкі жол жаңартылуда. Таза ауызсумен қамту деңгейі 99,6%-ға жетсе, жыл соңына дейін облыс тұрғындарының 80%-дан астамы газға қол жеткізеді. Жол картасына енгізілген жобалардың барлығы тұрақты бақылауда және кезең-кезеңімен жүзеге асыры­лады», – деді облыс әкімі.

Отырыс барысында «AMANAT» партиясы жанындағы облыстық әйелдер қанатының ат­қарған жұмысы да назарға ал­ынды. Бүгінде Алматы облы­сын­да партия мүшелерінің басым бөлі­гі – әйел­дер. Атап айтқанда, өңір­дегі 57,6 мың партия мүшесі­нің 43,2 мыңы  – қыз-келіншектер. Соны­мен қатар облыс аумағын­дағы әр төртінші депутат – әйел, ал бір аудан мен жеті елді мекенді тікелей сайланған әйел әкімдер басқарып отыр.

«Жыл басынан бері 200-ден астам іс-шара өткіздік. Тұрмыс­тық зорлық-зомбылыққа тап бол­ған 78 әйелге құқықтық және психологиялық көмек көрсеттік. Кәсіп ашуға ниетті 250-ден астам әйелді оқытып, бүгінде олардың бір бөлігі өз ісін бастады. Ерекше баласы бар отбасылармен тұрақты жұмыс жүргізіп, балалар мен ана­ларға нақты қолдау көрсеттік», – деді облыстық әйелдер қанаты­ның төрағасы, мәслихат депутаты Меруерт Молдашева.

Жиын соңында облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев партияның сайлауалды бағдарламасының ор­ын­далу барысын жеке бақылауға алғанын мәлімдеді. Оның айту­ынша, Жол картасына енген жоба­ларды өзі, орынбасарлары және жауапты басқарма басшы­лары тікелей қадағалап отыр. Атқары­лып жатқан жұмыстар өңір дамуы­на және халықтың тұр­мысын жақ­сартуға бағытталған. 

Елнар ЕЛТАЙ