Асанәлі Әшімов. Ол – Бекежан. Ол – Қасымхан Шадияров еді. Ол өзі сомдаған мыңдаған кейіпкерлері арқылы көрерменнің жүрегінде мәңгі қалды. Ол сомдаған кейіпкерлердің әрқайсысының шоқтығы биік. Кино өнерінде де, театр өнерінде де Асанәлі Әшімовтың дара жолы бар.
Аспанға кетті Асағаң
204
оқылды

Асанәлі Әшімов 1937 жылы 8 ма­мырда Жамбыл облысы Сарысу ауданы Жайылмада дүниеге келген. 1956-1961 жылдары Құрманғазы атындағы қазақ ұлт­тық консерваториясының театр фа­куль­тетін актер мамандығы бойынша бі­тірген.

Ол Мұхтар Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театры сахнасында М.Әуе­зовтің «Абайында» Керім, «Еңлік-Ке­бегінде» Кебек, «Қара қыпшақ Қо­быландысында» Айшуақ, «Таңғы жаң­ғырығында» Жарасбай, Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлуында» Қодар, Қ.Мұхамеджанов, Ш.Айтматовтың «Көктөбедегі кездесуінде» Иосиф Та­таевич, Шекспирдің «Юлий Цезарінде» Юлий Цезарь, М.Фриштің «Дон Жуан­ның думанында» Дон Жуан, Ә.Нұр­пейісовтің «Қан мен терінде» Еламан, И.Вовнянконың «Апатында» бас кейіп­кер, тағы да басқа көптеген қойы­лымда көрнекті актердің айшықты өнегесі мен өрнекті ізі жатыр. Ал А.Әшім­овтің театр­дағы  соңғы күрделі жұмысы Г.Гауп­т­манның «Ымырттағы махаббат» драма­сындағы доктор Клаузен болды.

Әшімов – қазақ киносын әлемдік деңгейге көтерген актерлердің бірі. Оның кинодағы Бекежан («Қыз Жібек»), Ша­дияров («Атаманның ақыры»), Мәмбет («Сарқырама»), Қасымханов («Транссібір экспресі») Кемел («Нан дәмі»), Нұрғазы («Алатаудың ай мүйізі»), Қаражал («Жау­шы»), Шыңғыс хан («Бұлғар даласынан ескен жылы жел») рөлдері нағыз шебер­ліктің шыңына шығарды. 

Таулар алыстаған сайын биіктей түседі. Асанәлі Әшімов бейнесі де алыстаған сайын шыңға айналары сөзсіз. Қазір сахна үнсіз, залдың ауасы ауыр тартқандай болып тұрғанымен, Асанәлі Әшімовтың өнері, рухы – мәңгілік.  Ол халқының жүрегінде, көрерменнің жа­дында, сахна төрінде өмір сүре береді. 

Аңызбен өткен отыз үш жыл

Біз Асанәлі екеуміз сахнада отыз үш серіктес болыппыз. Бір ғана рөл емес, бір ғана қойылым емес, тұтас 33 жыл бірге сахнада өткізген жылдар. «Ғашықтарды» ойнадық. Сол сахнада айтылған әр сөз, әр үн, әр қимыл-қозғалыс – бүтін бір тарихқа айналды.

Асанәлі Әшімов сахнаға күліп шыға­тын, әзілмен келетін, қалжыңы бөлек еді. Қандай көңіл күйде болса да, айналасына шуақ шашып тұратын еді. Оның сол бір табиғи жылылығы адамды еріксіз баурап алатын. Сахнада қасында жүрген адам өзін еркін, сенімді сезінетін. 

Жылдар өте жас та ұлғайды. Бірде өзім­нің сексенге таяғанымды айттым. Сон­да Асекең баяғы өзіне тән шынайы күлкісімен:

«Қой, сен әлі жап-жассың ғой» деді. Сол сөздің өзінде қанша мейірім, қаншама рух бар десеңші... Өзгеге күш беріп, өзгені жігерлендіріп жүретін адами қасиеті бөлек-тін.

Асанәлі жай ғана әріптес емес, сахна­дағы тірек, өмірдегі медет, рухани аға еді. Ол сахнаға шыққанда уақыт тоқтап қал­ған­дай сезілетін. Сөзді ғана емес, жанын сөйлететін ерекше жан еді. Ол кейіпкерін ойнаған жоқ, сол кейіпкердің өзіне ай­налды. Сондықтан көрермен оны актер деп емес, тағдыр деп қабылдады.

Ол – аңыз адам. Аңыз адамды «жоқ» деу, «кетті» деу – қандай қиын! Мұндай жандар өмірден кетпейді, олар әрдайым халқының жүрегінде, сахна төрінде қала­ды. Оның үні, оның келбеті – қазақ теа­т­ры­мен бірге мәңгі жасай бермек. 

Асанәлінің артында жалғасы бар: тағы бір Асанәлісі қалды. Ол – тек әке аманаты емес, ұлт рухының жалғасуы.  

Жаратқан иеміз ұрпағын қолдасын! 

Біз үшін Асанәлі – сахнадағы серік қана емес, тұтас бір дәуір еді. Сол дәуір­мен бірге жүргеніміз – өміріміздің ең үлкен бақыты!

Қош бол, Асанәлі!

Сізбен өткізген сахнадағы жылдар – жүректе мәңгілік қалады. 

Гүлжан ӘСПЕТОВА,

Қазақстанның Халық әртіс

 

Дәуір көшіп барады...

Қабырғамыз сөгілді. Көз жасымыз тө­гіл­ді. Жүрегіміз езілді. Ел-жұрты егілді. Алаш аспаны бір сәтке аласарды. «Қараң­ғы түнде тау қалғыды»... Бұл қайғы – халық­тың қайғысы болғанда басқаша қалай деуге болады?  Дүниеден бір дәуір көшіп барады. 

Көзі тірісінде аңыз-абызға айналған, танымалдылығы төрткүл  дүниенің түк­пі­ріне жеткен, Алаш атын аспандатқан, Аймановтардың аманатын алға апарып, арманын асыра орындаған  Асанәлі Әшім­ұлы – Бекежан баһадүр бұ жалған­ның есігін жылы жауып, өзі жиі жазып, жиі айтатын сағынышқа айналған само­родок – сары алтындарына аттанды.

«Әлі талай мың өліп, мың тірілерсің» деуші еді  жанындай жақсы көрген досы Оралхан. Күні кеше ғана жарық көріп, тұсауы кесілген  «Актермін мен, мың өліп, мың тірілген» атты кісілік кітабы соңғы аққу әніндей болған екен. Сәбит досы екеуі «біз айтып кетпегенде, кім айтады?» деп кітап жазудан жарысқа түсіп еді. Артында тағы да беті ашылмай қанша кітапқа арқау болар алты дәптер қалды. 

Тәңірден оған талант берілді. Сан қырлы, көл-көсір талант. Оған ғана тән тартымдылық, тектілік көп кісінің бойынан кездеспейтін еді. Ол жұртты өзінің дарын қуатымен мойындата тұра, сол дарын атрибуттары былайғы өмірінде де сәтті жалғасып, тәнті етіп жататын. Ойынында бір фальш жоқ, оның қал­жыңында да  халтура болмайтын. Ол жа­ғым­паз, жасанды емес, жасампаз ғұ­мыр кешті. 

... «Егемен Қазақстанға» «Жаңаөзен оқиғасы туралы мақала беріңіз» деп қыштағанда: «Мен «маскүнем, нашақор» деп айыптағанға түп-тамырымен қар­сымын, мен халық артисімін, қашанда халық жағындамын, халық өз құқын та­лап етті»-деумен шектелдім», деп жазды соңғы кітабында кинода да, сахнада да қайта тумас қаһарман кейіпкерлерді сомдаған Асаға. Иә, ол шынында халық артисі еді. Ол отырған жердің бәрі жарқырап кететін. Атшаптырым үлкен залдарға, ғимараттарға әкім-қаралар кіріп келе жатқанда селт етпейтін халық, оны тік тұрып қарсы алатын. Көшеге шыға  қалса, жұрт кес-кестеп жүргіз­бейтін. Халықтың құшағында болған, шексіз сүйіспеншілігіне бөленген мұндай тұлғалар аз да емес, көп те емес. Солардың қатарындағы санаулы санаткердің бірі еді ол. Түнеу жылдары   оның басына қара бұлттай қаптаған  қайғыны еңсерген де сол  халықтың өлшеусіз құрметі еді.  

«Өнердің жаны – құштарлық, жауы – іштарлық» деп өткен ол қашанда осы ұстанымынан айнымады.  Басқасын былай қойғанда,  «Қыз Жібек», «Атаман­ның ақыры», «Транссібір экспресі» три­логиясы – ұлт руханиятының тарихында мәңгілікке қалатыны алғаусыз ақиқат.

Асағаңның кластасы, досы Октябрь әкеміз «Асанәлінің төбесін көргеннен бар екенбіз ғой, бар екенбіз деп шүкір­шілік етемін» дейтін еді.  Бұл сөздің қазақ аманда әлі талай айтылатынына, айтыла беретініне шүбә жоқ. 

...Ол енді биіктей береді.

Қали СӘРСЕНБАЙ,

жазушы

 

Асанәлі Әшімов феномені

Асанәлі Әшімов – тек Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының ғана емес, тұтас қазақ театр өнерінің рухани темірқазығы, көркемдік бағдары, ары мен ұяты болған дара тұлға еді. Оның есімі сахнамен қатар аталып, болмысы театрдың өзімен біте қайнасып кеткендей қабылданатын. Қазақ театрын Асанәлі Әшімовсіз елестету мүмкін емес болатын.

Республиканың түкпір-түкпіріндегі, шалғайда жатқан шағын театрлардың өзі жаңа қойылымының премьерасын ең әуелі осы ұлы өнер иесінің назарына ұсынуға тырысатын. Себебі Асанәлі ағаның бір ауыз пікірі, бір ишарасы, тіпті үнсіз қалуының өзі спектакль тағдырына, тұтас театр ұжымының шығармашылық бағытына ықпал ете алатын айрықша салмаққа ие еді.

Жасының ұлғайғанына қарамастан, ол кісі өнер алдындағы жауапкершілігін бір сәтке де әлсіреткен жоқ. Шақырған жерге баруға, әр өнер ордасын үкілеп, назардан тыс қалдырмауға тырысты. Өмірінің соңына дейін көрген спектакль­деріне жан-жақты, терең кәсіби талдау жасап, шынайы әрі әділ бағасын беруден танған емес. Оның сараптамасы біз үшін бағыт-бағдар, өлшем-таразы болатын. Сондықтан да баршамыз Асанәлі ағаның пікіріне зәру едік, оның бағасын тағат­сыздана күтетінбіз.

Ол – нағыз абыз қарияға тән кеңдік пен кемеңгерлікке ие, жүрегі мейірімге толы, жанашырлығы шексіз жан еді. Өнерде «менмін» деп, атақ-даңққа бө­леніп, биік мінберлерден көрініп жүрген талай тұлғаның өздері оның қамқор­лығын, қорғауы мен қолдауын бастан кешкен. Сонымен бірге ол ашық мақ­таумен емес, қажет жерінде тура айтылған сөзбен, кейде бір ғана көзқарас, ишара­мен жас талантты қанаттандырып, ал шалыс басқан, өз жолынан жаңыла бас­та­ған азаматтарды есін жинатып, орнына келтіріп отыратын төреші де болатын.

Иә, қазақ мәдениеті тағы бір аңыз тұлғасынан айырылды. Асанәлі Әшімов­тің өмірден өтуі – жекелеген бір актердің дүниеден қайтуы емес, бұл – тұтас бір дәуірдің тәмамдалуы, сол дәуірге тән сахна этикасының, актерлік ойлау мәдениетінің, көркемдік жауапкер­шіліктің, биік талғамның тарихқа ай­налуы. Енді оның есімі қазақ театры мен киносының шежіресінде рухани меже, кәсіби биіктік, көркемдік ар-ождан ұғымдарымен қатар аталатын феномен ретінде орнықпақ.

Мен өзім де осы бір ұлы тұлғаның тікелей тәрбиесін көріп, үлкен рухани әрі кәсіби мектебінен өткен жанмын. Асан­әлі ағадай алып бәйтеректің жанында бой түзеу – мен үшін зор мәртебе, тағдырдың маған берген үлкен несібесі болды.

Асанәлі Әшімовпен Әкемтеатрда жиырма жылдан астам уақыт бойы қоян-қолтық еңбек еттік. Сол жылдардың бар­лығында ол кісі мен үшін биік пара­саттың, адалдық пен жауапкершіліктің өлшемі болды. Ол ешқашан әкелік қамқорлығын аяған емес, ұстаздық өнегесімен жол көрсетті, қиын сәтте сүйеніш, даулы кезеңде ақылгөй абызым болды.

Оның әрбір сөзі мен ісі – тәрбиенің, көркемдік талғамның, адамдық болмыс­тың айқын үлгісі еді. Мен үшін Асанәлі аға театрымыздың көркемдік жетекшісі емес, рухани темірқазық, бағыт-бағдар беретін Ұлы Ұстаз болып қала береді.

Асанәлі Әшімов – табиғаттан берілген сирек талантты үздіксіз ізденіс, интел­лектуалдық еңбек, ішкі мәдениет пен сахналық тәртіп арқылы кемелдендірген феномен болатын. Кәсіби тұрғыдан бағалағанда, ол актерлік өнерді эмо­циямен шектемей, оймен, философиялық тереңдікпен, мәтінге деген айрықша жауапкершілікпен ұштастыра білген хас шебер еді. Ол сахнада да, экранда да кейіпкер тағдырын жай ғана «ойнап» қоймай, оны зерделеп, талдап, көрермен санасына этикалық сұрақ ретінде ұсын­ды.

Оның театрдағы рөлдері – классика­лық драматургия мен ұлттық болмыстың табиғи синтезі. Әшімов сомдаған образ­дарда артық пафос, жалған эффект бол­ған жоқ. Керісінше, ішкі драматизм, үн­сіз пауза, ойлы көзқарас арқылы ашы­латын психологиялық тереңдік басым болды. Бұл – актердің сахна тілін жетік меңгеріп қана қоймай, оны интеллек­туалдық құрал деңгейіне көтере алғаны­ның айқын дәлелі. Ол көрерменмен ұран арқылы емес, ой арқылы тілдесті. Сол себепті де оның өнері уақытқа бағынбады.

Кино өнеріндегі Асанәлі Әшімов – өз алдына дербес, бірақ театрлық образымен тығыз сабақтас тұтас бір әлем еді. Ол қазақ киносына бұрын болмаған ер мінезді, күрделі, ішкі қайшылыққа толы тұлғаларды әкелді. Оның кейіпкерлері біржақты батыр немесе шартты қаһарман емес, тарихи, әлеуметтік, моральдық тартыстардың ортасында тұрған тірі адамдар болатын. Осы арқылы ол қазақ киносының көркемдік көкжиегін кеңей­тіп, актерлік мектептің жаңа сапалық деңгейін қалыптастырды.

Асанәлі Әшімовтің өнердегі мис­сиясы жеке шығармашылықпен шек­телген жоқ. Ол театрды тек сахна емес, тұтас институт, мектеп, рухани орта ретінде түсінген тұлға болды. Ұстаздық қызметінде ол шәкірттеріне актерлік техникамен қатар сахна мәдениетін, көрермен алдындағы жауапкершілікті, өнерге адалдықты үйретті. Оның тәлімі­нен өткен актерлер бойындағы кәсіби жинақылық пен ішкі тәртіп – осы мек­тептің өміршеңдігін дәлелдейді.

Мемлекеттік марапаттар мен атақтар – оның еңбегінің заңды бағалануы ғана еді. Ал Асанәлі Әшімовтің ең басты марапаты – көрерменнің сенімі мен құрметі, кез келген өнер адамына бұйыра бермейтін биік мәртебе халықтың шартсыз махаббаты болды.

Біз бүгін биік парасат иесінен, рухани тірегімізден, өнердің өлшемін ұстап тұрған кемеңгер төрешімізден айырыл­дық. Оның орны қазірдің өзінде үңірейіп тұр, жоқтығы әлі талай сезілер. Асанәлі Әшімов өмірден өтті, бірақ ол қалыптас­тырған көркемдік талғам, актерлік ойлау мәдениеті, өнерге деген талапшылдық қазақ театры мен киносының кәсіби санасында өмір сүруін жалғастыра береді.

Нағыз тұлғалар уақыттан өтсе де, мәдени жадта мәңгі қалады.Ас­ан­әлі Әшімов – дәл сондай, өнер ар­қы­лы ұлттың рухани келбетін айқындаған мәңгілік адам.

Еркін ЖУАСБЕК,

Мұхтар Әуезов атындағы

Қазақ ұлттық драма театрының директоры

 

Алаштың Асанәлісі

Қай ғасырда, қай кезеңде де есімі өз халқымен біте қайнасып, тағдыры ұлт тағдырымен тұтасқан заңғар тұлғалар болады. Қазақ руханиятына адал қызмет етудің асқақ үлгісін көрсеткен Асанәлі Әшімов өмірден өтті дегенге көңіл сенер емес. Бірақ Жаратқанның жазуына шара бар ма…

«Алаштың Асанәлісі» деп ардақтаған халқымызға, Бағдат жеңгемізге, кішкен­тай Асанәлі бауырымызға, барша Әшім­овтер әулетіне қайғыра көңіл айтамыз.

Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО және Қазақстанның халық әртісі, Мем­лекеттік сыйлықтың лауреаты, көрнекті театр және кино актері, профессор Асанәлі Әшімовпен бірге қазақ өнерінің тұтас бір дәуірі тарих қойнауына аттанды.

Асанәлі аға – қазақтың кәсіби өнерінің негізін қалаған ұлы абыздар мен бүгінгі ұрпақтың арасын жалғаған алтын көпір. Алпысыншы жылдардың басында қазақ театр мен киносына «жанартау» болып келіп, сахнадағы шын мәніндегі құбылысқа айналды.

Мұхтар Әуезовтің «Абай» трагедия­сындағы Айдар бейнесімен өнер жолына қадам басқан жас Асанәлінің сол қойы­лымдағы серіктестері – Қаллеки, Ел-ағаң, Сері-ағаң, Қапан аға сияқты қазақ өнерінің абыздары еді. Асағаңның шы­ғар­машылық жолы сол ұлылардың батасымен басталып, Сәбира мен Ха­дишадай асыл актрисалармен, Нұр­мұхан, Ыдырыс, Әнуар, Фарида, Райым­бек, Сәбит сынды сахна саңлақтарымен жа­ра­сым тапты.

Актерлік өнердің көркемдік көк­жиегін биіктеткен Асанәлі Әшімов Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов, Әбдіжәміл Нұрпейісов драма­тургиясындағы кейіпкерлер арқылы ұлттың мұраты мен мінезін, арманы мен асқақтығын өз болмысымен өрнектей білді.

Сондықтан да театр сахнасында ол сомдаған Кебек, Қодар, Жарасбай, Ай­шуақ, Сырым батыр, Амангелді, Еламан бейнелері – қазақ рухының мәңгілік галереясы.

Ал кино өнеріндегі Бекежан образы –  ұлттық рухтың хрестоматиясы. Беке­жандай батырдың ішкі қайшылығы мен ерлік болмысын халық жүрегіне шынайы жеткізе білді. «Атаманның ақыры», «Транс­сібір экспресі», «Бұлғар даласынан ескен жылы жел», «Сіз кімсіз, Ка мыр­за?», «Аруақ» фильмдеріндегі кейіпкер­лері – қазақ киносының алтын қорына айналған бөлек-бөлек әлемдер.

Асанәлі Әшімовтің суреткерлік бол­мы­сы­ның тағы бір биік қыры –режиссура мен ұстаздық. Театр педагогикасында оның қайталанбас үні, өзіне ғана тән машығы, мәнері мен мектебі қалыптасты. Ол тәрбиелеген шәкірттер – бүгінгі қазақ өнерінің тірегі.

Қазақ өнерінің абызы әрдайым халқымен бірге болды. Осыдан бір апта бұрын ғана Астанаға өзі жетекшілік еткен театр ұжымымен, шәкірттерімен келіп, елордадағы Ұлттық театр сахнасында өнер көрсетті. Қойылым соңында сахнаға шығып, Алашына ақ батасын арнады. Бұл – ұлы өнер иесінің халқымен соңғы қауышуы іспетті еді…

Алла Тағала рақымы мен мейіріміне бөлесін!

Қош болыңыз, өнердегі ардақты аға, рухани әке, ұлы ұстаз Асанәлі аға!

Асхат МАЕМИРОВ,

Музыкалық жас көрермен театры директоры,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері