Маңғыстау облысы халық санының өсімі бойынша соңғы он жылда оң динамиканы сақтап келеді.
Маң дала, маңғаз мекен
140
оқылды

Әсіресе, балалар саны 2015 жылдан 2024 жылға дейін 231 мыңнан 329 мыңға дейін өскен. Аймақта азаматтардың тұрмыс деңгейін жақсартуға, әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға бағытталған ауқымды әлеуметтік реформалар жүзеге асырып келеді. Мемлекет басшысы  Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша халықтың әлеуметтік осал топтарын қорғауға және орта таптың үлесін арттыруға айрықша көңіл бөлініп, білім беру және денсаулық сақтау секілді салаларда ауқымды жұмыс атқарылды.

Өңірде мектепке дейінгі тәрбиеден бастап техникалық және кәсіптік білімге дейінгі барлық деңгейді қамтитын 2025-2029 жылдарға арналған білім сапасын арттыру жөніндегі кешенді жоспар жүзеге асырылуда. Әсіресе, «Келешек мектептері», «Ауыл – Ел бесігі» жобалары аясында және демеушілік есебінен облыста 14 мектептің құрылысы мен 2 мектепке қосымша құрылыс салынып, пайдалануға берілді. Өткен оқу жылында 3 ауысымда оқитын 10 мектеп болса, биыл 3 мектеп қалып отыр. Өңірдегі үш ауысым мәселесін түпкілікті жою үшін 9100 орынға арналған 8 мектептің құрылысына және жапсаржай салу үшін ЖСҚ дайындалуда. 

Облыс бойынша биыл 9 731 түлек мектеп бітіріп, Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесінде жақсы көрсеткіштерге қол жеткізілді. Яғни, мемлекеттік грант иегерлер саны өткен жылмен салыстырғанда, 3362-ден 3549-ға (9%) өсті. Сондай-ақ өңірдегі білім сапасын арттыру және педагогикалық ұжымды ын­таландыру мақсатында алғаш рет «Табыс­ты мектеп» конкурсы өткізілді. Конкурс нәтижесінде мектептің барлық қызметкері кіші қызметкерден бастап мектеп дирек­торына дейін қаржылай сыйақы алды. 

Астана қаласында ауыл оқушыларына арналған пәндік олимпиаданың жараты­лыстану-математикалық бағытына 38 оқушы қатысып, командалық бас жүлдені жеңіп алды. Жаңаөзен қаласында 350 орындық оқушыларға арналған озық үлгідегі болашақ сарайының құрылысы аяқталды, нысан берілуге дайын. 

Инклюзивті орта – тең мүмкіндік

Ерекше балаларға жағдай жасау мақсатында мемлекеттік-жекешелік әріптестік механизмі арқылы облыста 2 балабақша салу бойынша жұмыстар басталып, құрылысы 2027 жылы аяқталады деп жоспарлануда. Бейнеу ауылында алғаш рет ерекше күтімді қажет ететін балаларға арналған оңалту орталығы ашылды. Жаңа орталық жылына 600-ге дейін баланы қабылдап, оңалту курстарын ұйымдастырады. 

2026 жылы кәмелет жасына толмаған балаларға арналған 100 орындық «Аутизм» орталығы өз жұмысын бастайтын болады. Керекті жабдықтардың барлығы демеушілік есебінен алынды. Сонымен қатар өңірде «Маңғыстау жаңа мектебі» жобасы іске асырылуда. Педагогтар мен мектеп басшылары әлемнің дамыған елдердеріне барып (АҚШ, Қытай, Сингапур) тәжірибе алмасудан өтеді.

Биыл аймақ бойынша денсаулық сақтау саласында да ілкімді істер атқарылуда. Мәселен, Мұнайлы ауданында 150 төсек орындық аурухана салынып, іске қосылды. Жаңа аурухана 173 мыңнан астам жергілікті тұрғынды сапалы медициналық қызметпен қамтамасыз етуде. Ақтау қаласында жедел жәрдем станциясының құрылысы аяқталды. Станцияға 34 жаңа жедел жәрдем автокөлігі мен аудандық ауруханаларға 18 дана жаңа арнайы санитарлық автокөліктер табысталды.

«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғыр­ту» ұлттық жобасы аясында 3 алғашқы медициналық санитарлық көмек көрсету нысандары іске қосылды. «Орхун Медикал» түрік компаниясымен келісім шеңберінде позитронды эмиссиялық томография (ПЭТ) орталығы ашылды. Орталық онкологиялық ауруларды ерте кезеңде анықтау және тиімді емдеу жүйесінің маңызды буынына айналатын болады. Осы зерттеуден өту үшін бұрын облыстан жыл сайын 1 мыңға жуық тұрғын Астана мен Алматыға кетсе, қазір оны Ақтау қаласында өткізе алады. Бүгінде 300-ге жуық зерттеулер жүргізілді. Келесі жылға 2 мыңнан аса зерттеулер жоспарланған, көрші облыстардың азаматтарын да қабылдауға мүмкіндік бар.

Халық санының ұдайы өсуі әлеуметтік қызмет көрсету орталықтары мен демалыс орталықтарына деген сұранысты арттырды. Осы орайда лагерь инфрақұрылымын дамыту мақсатында жаңа Aqqu Resort&Camp заманауи демалыс кешені пайдалануға берілді. Кешен көпфункционалды форматта жұмыс істейді, жаз мезгілінде балалар лагері, қалған уақытта курорт ретінде қызмет көрсетеді.

Аймақта қоғамдық көлік маршрутын жаңғырту жұмыстары қолға алынып, жаңартылған автобустардың үлесі 90%-ға жетті. 2021-2025 жылдар аралығында 333 жаңа автобус сатып алынса, 35 жаңа маршрут ашылды. Автобус паркін 100%-ға жаңарту мақсатында, 2026 жылы тағы 75 автобус сатып алу жоспарда бар.

Ауызсуда мәселе жоқ

Мемлекет басшысының инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына бірыңғай цифрлы экожүйе енгізу, су саласын цифрландыру және су үнемдеу техноло­­гияларын қолдану жөніндегі тапсырмаларына сәйкес Маңғыстау облысында маңызды мәселелердің бірі – инженерлік инфрақұ­рылымды дамыту. Жалпы аймақта ауызсу тапшылығы мәселесі ұзақ жылдар бойы әлеуметтік желілерде тұрғындар тарапынан жиі көтеріліп, наразылық тудырып келген күрделі мәселе болғаны белгілі. Аталған мәселені шешу бағытында Ақтау қаласындағы «Каспий» су тұщыту зауытының 2-кезеңі (қуаты 20,0 мың м3-тан 40,0 мың м3-қа дейін артты) және МАЭК (ЦУВС-2) аумағында қуаттылығы 6,0 мың су тұщыту қондырғысы іске қосылып, Ақтау қаласының ауызсу көлемі тәулігіне 58 мыңнан 84 мың текше метрге дейін артты. Нәтижесінде, жылдар бойы Ақтау қаласында орын алып жүрген ауызсу тапшылығы (18 000 м3) толығымен жойылды.

Кендірлі курорттық аймағы «Тоқмақ» жерінде өнімділігі тәулігіне 50 000 м³ теңіз суын тұщыту зауытының құрылысы аяқталды. Зауыт 2026 жылдың басынан бастап Жаңаөзен қаласы және жақын маңдағы ауылдарды үздіксіз ауызсумен қамтамасыз етеді. Жаңаөзенді сумен қамту мәселесі 100% жабылады. Жаңаөзен қаласын ауызсумен қамтып отырған Астрахань-Маңғышлақ су құбырына жүктеме азаяды және  аталған су құбырынан босап шыққан 26 000 м3 су көлемі Бейнеу ауданы Бейнеу ауылына, Қарақия ауданы Жетібай ауылына, Мұнайлы ауданы Батыр, Қызылтөбе, Маңғыстау ауданының ауылдарына бөлініп, жаз мезгіліндегі қосымша қажеттілікті толықтай жабады деп жоспарланған.

Сондай-ақ Құрық ауылында өнімділігі тәулігіне 10 000 м³ су тұщыту қондырғысын орнату» жобасы аяқталды. Нәтижесінде, Құрық ауылы (4000м3), жылы жағажай бағыты (2000 м3) толықтай ауызсумен қамтылып, су көлемінің қалған бөлігі Ақтау қаласы Мұнайлы ауданы Батыр ауылына берілетін болды. 

Форт-Шевченко қаласында өнімділігі тәулігіне 5000 м³ теңіз суын тұщытқыш қондырғы кешені іске қосылды. Нәтижесінде, Форт-Шевченко қаласы және жақын маң­дағы елді мекендер үздіксіз және толық кө­л­емде ауызсумен қамтылды. Бұдан бөлек, Ақшұқыр және Сайын-Шапағатов ауыл­да­рында су мәселесі түбегейлі шешілді. Іске асырылған жобалар нәтижесінде биыл об­лыста ауызсу тапшылығы орын алған жоқ.

Дегенмен облыстың халық саны және өндіріс орындарының жыл сайын артуына байланысты алдағы жылдары ауызсу тапшылығын болдырмау мақсатында 2028 жылға дейін құны шамамен 114 млрд теңгені құрайтын 3 жобаны іске асыру көзделуде.

«Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында инженерлік желілерді жаңғырту ең алдымен әбден тозығы жеткен желілерді ауыстырудан басталып, жылу желілерін реконструкциялау жұмыстары жүргізілді. Облыстағы 790 шақырымды құрайтын жылу желілерінің 61%-ның тозығы жеткен. Оның басым бөлігі Ақтау қаласында. Былтыр мәселені шешу мақсатында Ақтау қаласының магистралдық және шағынауданішілік жылу желілерін реконструкциялау шеңберінде 64 шақырым жылу желілерін жаңарту жобалары аяқталды. Нәтижесінде, Ақтау қаласы бойынша тозу деңгейі 79%-дан 70%-ға төмендеді және жылыту маусымы кезеңінде ақаулар саны 118 бірлікке азайды. Яғни, 2024 жылы – 376 ақау болса, 2025 жылы – 258 ақау тіркелді. 

Электр энергиясына қажеттілікті және «МАЭК» ЖШС жөндеу жұмыстары кезеңінде резервті қамтамасыз ету мақсатында Huadian компаниясымен қуаты – 160 МВт құрайтын бу-газ қондырғысының құрылысы басталды. Жоба құны – 190 млн АҚШ долл. 2027 жылы пайдалануға беріледі.

Өңірде халықтың әлеуметтік осал тобына жататын 14 675 тұрғын бар. Жыл сайын аталған азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету жүзеге асырылуда. Биыл 552 пәтер сатып алынды.

Цифрлы технологиялар мүмкіндігі

Соңғы жылдары өңірде өзекті мәселе­лердің бірі жұмыссыздық мәселесі болып тұр. Мәселен, облыс әкімі Нұрдәулет Қи­лы­байдың айтуынша, биыл әкім қабыл­дауына 700-ге жуық адам жүгінсе, оның 80%-дан астамы жұмыссыздық мәселесі туралы көмек сұраған. Жұмыссыздық дең­гейін азайту мақсатында аудан, қала тұр­ғын­дарымен кездесулер аясында өңірдегі ірі мекеме басшыларымен кездесу ұйым­дас­тырылып, мәселе тұрақты бақылауға алынған.

Бұл ретте, тек Ақтау қаласының өзінде осы мәселені реттеу мақсатында 18 ірі мекемемен меморандум жасақталып, өңірде халықты жұмыспен қамту жұмыстары қолға алынды. 2025 жылдың 3 тоқсаны бойынша жұмыссыздық деңгейі 5,1%-ды құрады.

Жұмыспен қамтудың Өңірлік картасына сәйкес 28 441 адам жұмысқа орналастырылып, оның 62%-ы тұрақты жұмыспен қамтылды.  

Аймақта алғашқы спортта дарынды балаларға арналған мектеп-интернат-колледжі ашылып, 300-ге жуық жас спортшы балалар қабылданды. Спорт мектептеріне жергілікті бюджет есебінен 4 жеңіл автокөлік, 20 микроавтобус табысталды. Биыл бірқатар спорттық нысан пайдалануға беріліп, жергілікті бюджет есебінен 14 спорттық мекемеге күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Елімізде цифрлы технологияны дамыту және жасанды интеллектіні экономиканың әртүрлі саласында қолданудың ерекше маңызға ие болып отырғаны белгілі. Өңірде жасанды интеллект қолдану арқылы радиологиялық зерттеулерді орталықтандыру жобасына PACS (ПАКС) жүйесі енгізілуде. Бұл жүйе қатерлі ісіктерді ерте кезеңде анықтауды, диагностикалық қатерлерді азайтуды қамтамасыз етеді. Сонымен қатар инсультті диагностикалау үшін отандық CerebraAI бағдарламалық жасақтамасы енгізілді. Бұл жасанды интеллект алгоритмін пайдаланып, контрастсыз КТ-суреттерін талдайды. Өңір жастарын заманауи цифрлық кәсіпке бейімдеуге бағытталған Mangystau Hub IT орталығы ашылды. 

Мұғалімдер мен оқушыларға арналған жасанды интеллектті білім беру жүйесі кезең-кезеңімен енгізілуде, «Ұстаз және ЖИ» жобасы, қосымша курстар мен практикалық іс-шаралар, сондай-ақ жасанды интеллект (ЖИ) кабинеттері ашылатын болады.

Тілек ҚАБЫЛ