Жер берудегі заңсыздық
Жер берудегі заңсыздық
292
оқылды
Бүгінгі таңда ел назары коронавирусқа ауған. Жаһан жұртын алаңдатқан коронавируспен күресеміз деп коррупциямен күресті ұмытып кетпейік. Себебі соңғы уақытта жер беру төңірегіндегі заң бұзу   көбейген. Жер беруге жауапты шенеуніктер ойына келгенін істеп отыр. Иә, жер мәселесі жылда көтерілгенімен, тез ұмытылады. Былтыр желтоқсандағы ұшақ апаты жер берудегі  былықтың бетін ашты. Содан кейін жер берудегі заңсыздық азаюы тиіс еді, алайда олай болмады. Өзі өткізген аукционға өзі қатысып, жеңімпаз болатын шенділер әлі бар. Әуежай айналасындағы жер телімін сатқандармен күресудің орнына өзі де үлес алып қалуды жөн көретіндерге не дерсіз?  Қысқасы, жер беру саласында бас шайқатар мәселе шаш етектен.   

Әуежай мен азаматтық авиация неге үн қатпады? 

Әуелі әуежай айналасындағы жер телімдері туралы айтсақ, санитарлық нормалар мен ережелерге сәйкес, өндірістік нысандардан 500 метрге дейінгі аралықта тұрғын үй салуға тыйым салынған. Соған қарамастан, елімізде осындай аумаққа әуежай комиссиясының келісімінсіз 100 мыңнан астам нысан бой көтерген.  Ал жуырда Бас прокуратура әуежайдың санитарлы-қорғау аумағында орналасқан  1 500 жер телімінің заңсыз берілгенін растады. Жер қатынастары бойынша сарапшы Бақытжан Базарбектің пікірінше, әлгі  1 500 жер теліміне қатысты әкімдік шешімдері күшін жоюы тиіс.
«Осы жылдар ішінде еліміздегі әуежайлардың санитарлы-қорғау аумағындағы жер телімін заңсыз беру белең алған.  Жер телімін үлестіруді аудан мен қала әкімдіктері  «бизнеске» айналдырған. Ең сорақысы, сол шешімді қабылдағандар бүгіндері Парламентте отыр, біразы әкім, ірі компания жетекшісі лауазымында», – дейді ол.
Бақытжан Базарбектің дерегіне сүйенсек, Тараз бен Атырау  әуежайларының санитарлы-қорғау аумағында да заңсыз құрылыстар бар. Қалған 9 әуежайда (Ақтау, Шымкент, Ақтөбе, Семей, Өскемен, т.с.с) санитарлы-қорғау аумағы жоқ! Әуежайдың айналасындағы жерлер де заңсыз берілген. Аталған қалалардың көлік прокурорлары жер телімін заңсыз беруді тексеру былай тұрсын, әуежай жанында санитарлы-қорғау аумағының жоқтығын да білмейтін көрінеді.
«Ал атыраулық прокурорлар Атырау халықаралық әуежайына қатысты жергілікті шенеуніктердің заңсыз әрекетіне қарсы тұрудың орнына өздері де   10 сотық жерден алған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне осы деректерге қатысты соталды тексеру жүргізу туралы өтініш білдірдім.  «Әулие ата» әуежайы жанындағы үйлерге қатысты жергілікті билік тарапынан жол берілген заң бұзу туралы бірнеше рет жаздық, жарияладық. Алайда   тексеру жүргізуге ешкім асығар емес», – дейді ол.
Сарапшының айтуынша, әкімдіктер елді мекенде құрылыс үшін жер телімін ұсынғанда келісу актісіне әуежай әкімшілігі мен азаматтық авиация органдарын тізімге қоспаған. Шаруа қожалығы үшін алынған жер телімінің мақсатын қосалқы шаруашылық немесе тұрғын үй құрылысын салуға ауыстыру  кезінде де әуежай мен азаматтық авиация әкімшілігінің келісімі керек екенін ескермеген. Жарайды, олар ескермепті, ал әуежай басшылығы ше? Жергілікті билік олардың келісімінсіз жер телімін  үлестіріп жатқанын біле тұра неге мәселе көтермеді деген сұрақ туындайды. Азаматтық авиация органы да неге үнсіз қалды?  Ұшу қауіпсіздігіне  әуежай әкімшілігінен кейін мүдделі дәл осы орган еді ғой...  

Ұйымдастырған да өзі, жеңген де өзі...

Жер берудегі заңсыздықтың бір мысалы осы жылдың 2 наурызында тіркелді. Батыс Қазақстан облысы Шыңғырлау ауданы Ақшат ауылдық округінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді уақытша пайдалануға ұсыну үшін өткен конкурста жеңімпаз болғандардың бірі (К. есімді азамат)  сол конкурсты ұйымдастырған аудандық жер комиссиясының мүшесі екен.  Ол 1 160 гектар аумақтың лотында жеңімпаз деп танылған! Заң бойынша жер комиссиясының мүшесі конкурсқа қатыса алмайды.
«Шыңғырлау ауданы әкімдігі  аппараты мен Шыңғырлау аудандық жер қатынастары бөлімі конкурсты ұйымдастыру кезінде  «Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңның мүдделер қақтығысы бөліміндегі ережені неге ескермеген? Жер комиссиясының жұмыс органы – Жер қатынастары бөлімі азамат К-ның жер комиссиясының – конкурс ұйымдастырушының мүшесі екенін біле тұра, оның конкурсқа қатысу туралы өтінімін  неге тіркеген?   Дәл осы деректің өзі бұл конкурстың қорытындысын заңсыз деп тануға негіз бола алады», – дейді Бақытжан Базарбек.
Осыған ұқсас оқиға Алматы облысының Кеген ауданында да тіркелген. Жер комиссиясы конкурс өткізіп, конкурстағы 58 лоттың бәрін өзара бөліп алған. Иә, шаруа қожалықтарына берілуі тиіс ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жеңіп алғандардың арасында  жер комиссиясының мүшелері, аудан әкімі, жер  қатынастары және сәулет бөлімі бастығы, жер кадастры департаменті филиалы бастығы, ауыл әкімінің туыстары мен таныстары бар болып шыққан. Осы факті анықтала салысымен Алматы облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі мен облыстық жер инспекциясы прокурорлары конкурс қорытындысының күшін жойып, жер комиссиясын таратуға ұсыным берді.    width= Өңірлердегі мұндай заңсыздық сауатсыздықтан  ба, әлде қолда барда қоныштан басуға саналы түрде бара ма, түсініп болмайсыз. Себебі мұндай заң бұзудың жазасы жеңіл емес.  

Кәсіпкерлікке қолбайлау

Жер мәселесі қалалы жерде де өзекті болып тұр. Қалада көп жағдайда жер мәселесін кәсіпкерлер көтереді. Олар шенділер тарапынан қысымға тап болғанда сотқа жүгінуге мәжбүр. Осындай оқиға елордамызда тіркелді. «Массагет» ЖШС  Оңтүстік Кореяның Megagen компаниясымен меморандумға қол қойып, елордамызда бес жұлдызды қонайүй салуды жоспарлайды. Инвестор ірі көлемде қаржы құйып қоймай,  қазақстандық жастарды қонақүй ісіне үйретуді де мойнына алады. Осы кезде қалалық сапа бақылау басқармасы «Массагеттен» жер телімін игермеді деген сылтаумен алып қою мақсатында сотқа шағым түсіреді.
«Осы тұста іске біз араластық. Басқарманың «Массагет» жерді игермеді деуіне негіз жоқ екен. Себебі компания жерге қатысты техникалық шарт, АЖТ тапсырмасын алып, жобалық-сметалық құжатын жасап, оны мемлекеттік сараптамаға тапсырып қойған. 17 наурызда мемлекеттік сараптаманың оң шешімін күтіп отырған. Жоба алдындағы жұмыстар толық жүргізілген, оны жерге, топо-геодезиялық және жоба жұмыстары үшін төленген фискалды, қаржылық құжаттармен дәлелдеуге болады. Ең бастысы,  қала әкімдігі мен басқарма шетелдік инвестордың қатысумен халықаралық даудың өршуіне негіз салып беруі мүмкін еді», – дейді Б.Базарбек. Осы аргументтерді тыңдаған судья кәсіпкер шетелдік инвестормен жер телімін игеріп, инвестиция құюды жоспарлағанына сенді, сөйтіп кәсіпкердің пайдасына сай келетін шешім шығарған.
Кәсіпкердің жер телімін алуына қатысты туындаған кезекті оқиға жуырда ғана Көкшетауда болды. Қалалық әкімдік  аукцион өткізіп, кәсіпкер бәсекелес ортада жеңімпаз атанады. Әкімдіктің жер қатынастары бөлімі онымен сату-сатып алу шартын жасайды. Кәсіпкер ақшасын төлеп, жобалық құжаттарын жасап, жобалауға, инженерлік желілерді тартуға ақшасын құяды, осылайша белсене іске кірісіп кеткенде соттан шақырту келеді.  Шағымданушы – әкімдік. Уәжі – аукцион кезінде қатысушының  ПДП құжаты болмады және жер жекеменшікке берілмеуі тиіс еді. Ал  Жер кодексінде жер телімін беру кезінде ПДП емес, бас жоспар ғана талап етілетіні жазылған. Жер жекеменшікке берілмеуі керек еді дегенге қарсы жауап та заңда жазылған. Сот әкімдік өкілінің шағымын қанағаттандырудан бас тартқан.  

Жер кодексінің түсініксіз тұсы көп

Жалпы, жер телімін алу кезінде кездесетін проблема күн сайын көбейіп келеді. Шағымданушылар да арта бастаған. Неге? «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасы орынбасарының міндетін атқарушы Ербол Өстеміровтің айтуынша,   бұған Жер кодексіндегі нормалардың түсініксіз болуы себеп.
«Жер кодексінде жер берудің 8 түрлі тәртібі барын анықтадық. Заңгер болсақ та жерді қалай дұрыс беру қажет екенін түсіне алмадық. Мәселен, 2018 жылы Бас прокуратура әкімдіктер заңсыз бөлген 3 мың жер телімін анықтаған. Олардың барлығы акционмен емес, жер комиссиялары арқылы бөлінген. Ал ол жерлер аукцион арқылы берілуі тиіс еді», – дейді ол.
Сондықтан ол  жер телімдерін беру бойынша барлық тәртіпті бір ізге келтіру қажет дейді. Сонымен бірге жер телімін беру процедурасын  толықтай автоматтандырып,   мерзімін  қысқарту қажет екенін айтады. Қазіргі күні еліміздегі бос жер телімдері туралы ақпарат жоқ. Бар ақпараттың өзі зерттеуді қажет етеді. Иә,  бізде геопортал жұмыс істейді. Алайда орталық деңгейде геопорталға қойылатын талаптардың орындалуын үйлестіріп, мониторинг жүргізетін мемлекеттік орган нақтыланбаған. Е.Өстеміровтің айтуынша, Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл жұмыстан бас тартыпты. Егер  геопорталды  «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істетіп, бос жер телімдері туралы ақпарат беріп, жер алуға байланысты қызметтер кешенін көрсететін етіп жетілдірсе, көп мәселе шешімін табады.  Мәселен, жер берудегі бармақ басты, көз қысты әрекет те тыйылар еді.  

 width=Халима БҰҚАРҚЫЗЫ