Қызылорда облысының оңтүстік аумағындағы Қаратау тасында қашалып жазылған петро­глиф­тердің тарихы тереңнен тамыр тартады. Шатқалда қола дәуірінің, одан кейінгі орта­ғасырлық кезеңнің суреттері мен эпиграфика­сы кескінделіп, сақталып тұр.
Жартастағы мұралар жетімсіреп тұр
1,377
оқылды

Көненің көзіндей болған бұл құнды жәдігерлер облысқа қарасты Шиелі ауданының аумағында орналасқан. Нақ­ты­сы, Шиелі ауданының Ең­бек­ші ауылынан 50 шақырым жерде жатыр. Жалпы аумағы 500 гектарды құрайтын бұл ескерткіш Қаратау етегіндегі Сауысқандық шатқалы деп аталады. Ғалымдардың пікірі­не сәйкес, бұл тарихи орын осы аймақта осыдан 500 мың жыл бұрын адамдар қоныстан­ған құтты мекен болғанын көрсетеді. 

Жалпы мәліметке сәйкес, петроглиф – тасқа қашалып жазы­лған жазулар. Әлемде ға­лымдар оның пайда болу уа­қыт­ын палеолит дәуірінің соң­ғы кезеңімен байланыс­тырады. 

«Жалпы, Сауысқандық шат­қалындағы петроглиф­тер­дің тарихы тереңнен тамыр тар­тады. Қаратау жотасында­ғы тасқа қашалып жазылған жазулар ежелгі бейнелеу өне­рі­нің ұлы жетістігі саналады. Шатқалдағы сызбалар сан түрлі тәсілмен тасқа қаша­л­ып, түрлі бейнеде салынған. Әсіресе, петроглифтердегі аң-құс бейнелері сол кезең адам­дарының аңшылық пен балықшы кәсібіне арқау бол­ғанын аңғартады. Бір сөз­бен айт­қанда, Қаратау жотасын­дағы тасқа таңбаланған жәді­гер ғасырды ғасырға жалғап, біздің заманға дейін жеткен баба­ларымыздан қалған құн­ды мұра деп айтар едім», – дей­ді жергілікті өлкетанушы Әлімжан Ержанов. 

Кейінгі кезде ғалымдар осы Сауысқандық шатқа­лын­дағы петроглифтердің жойыл­ып кету қаупі туындап тұрға­нын айтып, дабыл қағып жүр. Ең өкініштісі, көп жағдайда жәдігерлерді тарихи орынға барған тұрғындар бүлдіре бас­та­ғанын айтып, вандализм салдарынан көнеден жеткен құн­ды мұра құрдымға кетіп жат­қанына адаңдаушылық білдіруде. Соған сәйкес оны қорғау бағытында тиісті іс-шараларды қолға алу қажетті­гін айтып жүр. 

Жанашыр топтың жанай­қайы ескерусіз қалмай, бұған дейін бұл мәселені бір топ халық қалаулылары да назарға алады. Нәтижесінде, Қызыл­орда облысы әкімдігінің арна­йы қаулысымен шатқалдағы петроглифтердің қорғау аума­ғы бекітілген. Жыл сайын аумақ­қа сенбілік жұмыстары да ұйымдастырылып келеді. Дейтұрғанмен, вандализмге түбегейлі тосқауыл қою үшін ескерткіш аумағы қоршалып, арнайы бақылауға алынуға тиіс деп есептейді. 

«Сауысқандық шатқалын­дағы мәселе әлі де өзекті деп есептеймін. Аталған аумақ қор­ғау тізіміне енгізіліп, ар­найы ескерткіш тақта қойыл­ғанымен, қатаң бақылауға алын­бай тұр. Жалпы, Сауыс­қандық петроглифтерінен бөлек, Жаңақорған ауданы төңірегінде де жартастарға салынған көптеген таңбалар бар. Бұл суреттердің әрбірі түрлі тақырыпты қаузайды. Көп жағдайда тауешкі мен арқардың бейнелері таңбалан­ған. Негізі, жартасқа арқар мен тауешкінің суреті салынуы да бекер емес. Тарихи дерекке сәйкес, ертеректе тауешкі мүйі­зі садақ жасауға пайдала­ныл­ған деген ақпар бар. Ол заманда құрама садақтың бөлі­гіне тауешкі мүйізін жел­ім­­деген. Мүйіз садақтың сынбауына зор әсер ететін көрінеді. Бірақ осы кезде бұл жәдігерлер жойылып барады. Кейбір келушілер жартастағы таңбалардың үстіне аты-жөн­дерін жазып, петрогдифтердің түбегейлі жойылып кетуіне кері әсерін тигізіп жатыр. Сондықтан тарихи орынға зерт­теу жұмыстарын жедел жүргізіп, қорғау шараларын шұғыл қолға алмаса, қолда бар мұраларымыздан айырылып қалу қаупі басым», – деп өлке­танушы өз ойын толықтырды. 

Сауысқандық шатқалын­дағы жазударды жете зерттеп жүрген жанның бірі – Шиелі аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Бекболат Әбутегі. Музей қыз­меткері жартастағы жазу­лар­дың тарихи мәні зор екенін алға тартады. Оны адамзат мә­ден­иетіндегі маңызды құ­был­ыстың жарқын көрінісі деп есептейді. 

«Жалпы, Шиелі ауданы аума­ғындағы Сауысқандық шатқалы – 2004 жылдан бас­тап зерттеу жұмыстары жүргі­зі­ліп келе жатқан тарихи ес­керт­кіштер кешені. Нақты айтқанда, сол жылдары про­фес­сор-археолог Мадияр Елеуов «Тұран» экспедиция­сымен барлау, зерттеу жұмысы барысында осы Сауысқандық шатқалындағы петроглиф­тер­ді анықтаған. Одан бері көптеген ғалымдар зерттеп жүр. Оның ішінде Қожа Ах­мет Яссауи атындағы Қазақ-Түрік университетінің архео­ло­гия орталығының археологі Сағымбай Мұрғабаев көп ең­бек сіңірді. Сол археолог­тер­дің дерегіне сәйкес, әу баста шатқалдан 12 мыңға жуық тасқа қашалған суреттер анықталғаны айтылды. Бірақ табиғи және адами фактор­лар­дың әсерінен бүгінгі күнге бұл аумақта шамамен 8-9 мың ескерткіш қалғаны жайында жорамал бар», – дейді Бек­болат Темірәліұлы. 

Музей қызметкерінің айту­­ын­ша, көне жазулардың жойылуының бір себебі тау­дың келесі бетінде орналасқан Ванадий кен өндіру зауытына қатысты екен. Яғни, сол уа­қыт­та аталмыш өндіріс орны өнімін жарылыс тәсілімен өн­діретін болыпты. Ал жары­л­ыс кезіндегі жер сілкінісінен жартастар құлап, көптеген петроглифтер үйінді астында қалыпты. 

«Соған орай 2012 жылдары ескерткіш орнын сақтап қалу мақсатында жоғарыда айтып өткенімдей, Түркістандағы уни­верситет археологі Мұрға­баевпен бірлесіп, кен орны­ның басшылығымен келіссөз жүр­гіздік. Нәтижесінде, кен орнының жарылыс жасау аумағының шекарасын белгі­леп бердік. Уақыт өте келе атал­мыш зауыт өнімді жарыл­ыс жасамай алудың тың тәсі­лін қолданысқа енгізіп, бұл мәселе түбегейлі шешілгендей болды. Алайда әлі де көне таң­баларды тамашалауға келуші­лердің қолдан жасаған қастан­дығы салдарынан құнды мұра­­­лардың жойылып кету қаупі сейілмей тұр. Соған байла­нысты құзырлы орын­дар­ға өз ұсыныстарымызды айттық. Нәтижесінде, 2019 жылы аудан­дық бюджеттен қаржы қаралып, ескерткіш аумағы­ның төрт бұрышына қорғау тақтайшадары орна­тыл­ды. Алайда мәселе мұны­мен шешіл­ді деп айтуға кел­мейді. Ендігі кезекте аумақты қорғау мақсатында ескерткіш­ке кіреберіс қақпаға бақылау бекеті ретінде кішігірім керуен сарай салып, ол жерге вахта­лық негізде ауысыммен жұмыс іс­тейтін екі штат бөлінсе дұ­рыс болар еді. Бұл бірінші кезекте, арнайы маманның ес­керткіш аумағын қорғауға ықпал етіп қана қоймай, тур­ис­терге түсіндіру жұмыс­тарын жүргізуге, тазалық жұ­мыс­тарын қадағалауға үлесі зор болар еді. Осы орайда бұл аумақ­қа керуен сарайын салу­ға мүмкіндік бар екенін айт­қым келеді. Нақты айтқан­да, ескерткіш орналасқан аумақта Ванадий кен орнының жұмыс­шылары жататын жа­тақ­хана орналасқан. Осы жатақханаға электр бағаналары тартылып тұр. Осы электр бағаналарын пайдалана отырып, арнайы керуен сарай ғимаратын сал­ып, аумақты жарықтан­ды­руға, келушілер қауіпсіздігіне қа­жет­ті басқа да мүмкіндіктер жасауға болады. Сондай-ақ аумақ тазалығын қамтамасыз ету мақсатында арнайы қоқыс жәшіктерін орнату жөнінде де ұсыныстар айттық. Бірақ, өкі­н­ішке қарай, әлі күнге дейін бұл ұсыныстарымыз қанағат­тандырылмай тұр. Бүгінде атал­мыш мәселе әлі де талқы­ланып жатса керек. Дегенмен де бұл орында қорғау шара­лары жедел қолға алынбаса, тарихи құндылықтарымыздан түбегейлі айырылып қалуы­мыз мүмкін. Ең бастысы, көне жәдігерлерді көзіміздің қара­шы­ғындай сақтап, келер ұрпаққа аманаттау азаматтық парызымыз екенін естен шы­ғармаған абзал», – деп музей­дің ғылыми қызметкері ойын түйіндеді.

Қалай дегенде де, Қаратау­дың қойнауындағы тасқа таң­баланған көне жәдігерлерді қорғау кезек күттірмейтін мәсе­леге айналып тұр. Архео­лог мамандар қолда бар құн­дыл­ы­ғымызды сақтап қалу шарасы бүгіннен бастап қолға алынбаса, ертеңгі күні бәрі кеш болуы мүмкін деп алаңдап отыр. Шынында да, петрог­лифтер кешенін күтіп-ұстау жұмыстары жүйелі жүргізілсе, әлі талай ғасыр тарихи құнды­лығымыз келешек ұрпақтың рухани азығына айналары сөз­сіз.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы