Қазақстанда банктік несиелердің кешірілетіні туралы жалған ақпарат тарап жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі әлеуметтік желілерде тараған екінші деңгейлі банктердегі несиелердің кешірілетіні туралы ақпарат шындыққа жанаспайтынын ресми түрде мәлімдеді.
Ведомствоның ресми хабарламасында былай делінген:
"Әлеуметтік желілерде таралып жатқан екінші деңгейлі банктердегі несиенің кешірілетіні туралы ақпарат шындыққа сай келмейді. Сенімсіз ақпаратқа сенбеуді, тек ресми дереккөздерді пайдалануды сұраймыз. Сондай-ақ әртүрлі делдалдардың көмегіне жүгінбеуді ұсынамыз. Еске саламыз, көрінеу жалған ақпарат тарату заңнамаға сәйкес жауапкершілікке әкеледі", — делінген мәлімдемеде.
Сонымен қатар агенттік қазіргі уақытта Қазақстанда қарыз алушылардың банктермен, микроқаржы ұйымдарымен (МҚҰ) және коллекторлық агенттіктермен өзара әрекеттесудің бірыңғай тетігі бар екенін де еске салды.