Тұтас отбасын жоқ қылған Қызылқоғадағы қанды қасірет қоғамды дүр сіл­кіндірді.
Көмілген қанды шындық
коллаж: Елдар ҚАБА
132
оқылды

Әңгіме Атырау облысы Қызылоға ауданы Жангелдин ауы­лын­дағы қанды оқиға туралы. Бір отбасының бір емес, бес адамын жоқ қылған ауыр қылмыстың артында кім тұр? Малын бағып, қарапайым ғана ғұмыр кеш­кен ауыл адамдары кімдерге кедергі болды? 

Жангелдин ауылы бұрын-соңды ауыр қылмыстармен аты шықпаған шағын елді мекен еді. Аядай ғана ауылдың тұрғындары бір-бірінің қорадағы малына дейін жақсы біледі. 

Денелері өз үйінің жанындағы сарайдан та­былған сол отбасының үлкендері, марқұм бол­ған Мақсот Қарабалин мен Нәсіп Утешқа­лиеваның туыстарынан білгеніміздей, жұмбақ жағдай бүгін не кеше ғана болмаған. Оқиға ша­мамен алты ай бұрын басталған. Алғашында сол үйдің үлкен ұлы, 32 жастағы Наурыз Мұқан­ға­лиев: «Ақтауға жұмысқа бара жатырмын», – деп хабарлап, ауылдан шығып кеткен. Сол кет­кеннен кейін ол ешкіммен байланысқа шық­паған. 

«Алғашында мұны уақытша үзіліс деп қа­былдадық. Алайда уақыт өте келе күмәніміз кү­шейе түсті. Наурыз телефон соқсақ көтер­мей­тін. Тек WhatsApp-қа байланысқа шығатын. Он­да да аудио, бейнеқоңырау арқылы емес, жай ғана хабарлама жазатын», – дейді марқұмның туысы Әдемі Шылмағанбетова.

Кейін қазан айында Наурыздың ата-анасы – Мақсот Қарабалин мен Нәсіп Утешқалиева, сон­дай-ақ сол үйдің қызы Мирамгүл Қараба­ли­наның да көзге көрінбей кеткені белгілі бол­ды. Ауыл тұрғындары үйден бір сәтте жарық жан­бай, телефондары өшірулі болғанынан кү­дік­тенген. Ауыл тұрғындарының айтуынша, от­басы жоғалғаннан кейін Наурыздың атымен WhatsApp арқылы барлық малдың сатылып кетуі күдік туғызған. Сауданы жүргізген адам Наурыздың телефон нөмірінен жазып отырған. Ақша Kaspi қосымшасындағы әкесінің жеке шотына аударылған. Полиция жұмбақ жоғалу­дан кейін отбасы мүшелерінің банктегі карта­ла­рынан зейнетақы шешіліп отырғанын да рас­тады. 

Әлі күнге дейін үйдің үлкен ұлы Наурыз оралған жоқ. Бұған қоса, Наурыздың Whats­App қо­сымшасы ара-тұра қосылып тұра­ды. Қарын­дасы Мирамгүлге, тұрмыстағы қарын­дасы Ақ­баянға қазір халықаралық іздеу жария­ланды.  Бір өкініштісі, полицияға арыз жұм­бақ жағ­дай­дан кейін тым кеш беріліп отыр. 

Қызылқоға ауданы ғана емес, Атырау облы­сының полиция құрамын тік тұрғызған оқиға үлкен қылмыстың бетін ашты. Өткен аптада жо­ғал­ған отбасының үлкендері Мақсот Қара­балин мен Нәсіп Утешқалиеваның денелері өз үйлерінің ауласында тұрған қорадан табылды. Қылмыскер шамамен 1,5 метр тереңдікте шұң­қыр қазып, екі мәйітті бірінің үстіне бірін жат­қызып, топырақпен көміп, үстіне линолеум тө­сеп, диван қойып кеткен. Мәйіттердің нақты қан­ша күн көмулі жатқаны белгісіз. 

«Иіс мәйіттерді қазып ала бастағанда ғана се­зілді. Бұған дейін техника да, адамдар да еш­теңе байқамаған. Алдын ала мәлімет бойынша, мәйіт­терде қан іздері бар, тергеу тұншықтыру нұс­қасын қарастырып жатыр. Соңғы қоры­тын­ды сот-медициналық сараптамадан кейін жа­рия­ланады», – деді Атырау облысы Полиция департаментінің баспасөз-хатшысы Мейірім Ердәулет.

Қазір негізгі күдік марқұмдардың күйеубала­сы Сұлтан Сәрсемәлиевке түсіп отыр. Әлеумет­тік желілерде оның шетелде жүргені, тіпті Бали аралында болуы мүмкін екені әрі өлген әйелдің банк картасын пайдаланғаны туралы мәліметтер тарады. Алайда полиция тергеу құпиялылығына байланысты мардымды ақпарат бере алмай отыр. 

«Күдіктінің жеке басы анықталды. Оған ха­лықаралық іздеу жарияланды және бұл қыл­мысқа басқа тұлғалардың қатыстылығы да тек­сері­ліп жатыр. Ал Сұлтан Сәрсемәлиевтің әйе­лі Ақбаян Мұқанғалиеваға із-түзсіз жоғалған адам ретінде халықаралық іздеу жарияланды», – деді Атырау облысы Полиция департаментінің бас­пасөз-хатшысы Мейірім Ердәулет.

Қазір қылмыстық істегі ең ауыр сұрақ – Наурыз Мұқанғалиев пен Мирагүл Қараба­линаның жұмбақ тағдыры. Полиция мәліме­тін­ше, олардың ұялы телефон сигналдары Қа­зақ­стан аумағында бірнеше рет тіркеліп, қо­сылып-сөндірілген. Соңғы тіркелген аумақ – Шымкент қаласы.

Қылмыстық істе тағы бір күдікті жағдай – қылмысқа қатысы бар деген күдікпен іздеу жарияланып отырған Сұлтан Сәрсемәлиевтің жоғалғаны туралы ата-анасынан осы уақытқа дейін арыз түспеуі болып отыр. Күдіктінің ана­сы, Махамбет ауданының тумасы Гүлнар Әз­­мұ­қанова ұлымен соңғы рет 11 желтоқсанда сөй­­лескенін айтады. Одан кейін хабарсыз ке­тіп­­ті. Келіні Ақбаян Мұқанғалиева психодис­пан­­­сер есебінде тұр. Сол себепті балаларды өзі ба­­ғып-қағады екен. Ал күдікті мен әйелі Аты­рау­­да үй жалдап тұрған. 

Күдікті Сұлтан мен әйелі Ақбаянның ар­тын­да қазір бес бала қалды. Үлкені – 10 жаста, кішісі – бірде. 

Қанды оқиғадан кейін қазір Жангелдин ауы­лында тыныштық жоқ. Үй маңын полиция қор­шаған. Ауыл тұрғындары болған жайтқа се­нер-сенбесін білмей отыр. Тергеу әлі жалға­сып жатыр. Ал Жангелдиндегі құлыптаулы үй кө­мулі шындықтың үнсіз куәсі болып тұр.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА,

Атырау облысы