Тарихты тасаласақ, қысқы Олимпиада ойындарында жұлдызымыздың жарқыраған сәті де, қоржынымыз бос қайтқан кездер де аз емес. Осыған орай ақ Олимпиада төріндегі еліміздің Туын көкке көтерген спортшыларымыздың есімін бір шолып өтуді жөн санадық.
Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін алғаш рет 1994 жылғы қысқы Олимпиада ойындарында сынға түсті. Сол уақытта дүбірлі дода Лиллехаммерде (Норвегия) өткен болатын. Аталған дүбірлі додаға Қазақстаннан 8 спорт түрінен 29 спортшы бақ сынап еді. Дәл осы жылы мерейімізді көкке көтеріп, Владимир Смирнов ел қоржынына алғашқы алтын медальды салды. Ол шаңғы жарысынан 50 шақырым қашықтықты жүріп өтіп, мәре сызығын бірінші болып кесті. Дәл сол Олимпиадада шаңғышымыз 10 және 15 шақырым қашықтықта екінші болып, тағы екі күміс медальға ие болған еді.
Араға төрт жыл салып, 1998 жылы Жапонияның Нагано қаласында өткен ақ Олимпиадада 60 қазақстандық 8 спорт түрінде ел намысын қорғады. Атап айтқанда, тау шаңғы спорты, шайбалы хоккей, биатлон, шаңғы жарысы, мәнерлеп сырғанау, фристайл, конькимен жүгіру спорты, шаңғымен тұғырдан секіру. Бұл жылы да қоржынымыз бос қайтпады. Жарыс нәтижесі бойынша қазақстандықтар екі қола жүлдеге қол жеткізді. Оның бірі конькимен жүгіруші Людмила Прокашева 5000 метр қашықтықта қола медальды иеленсе, бірі шаңғы жарысынан із кесу сайысында Владимир Смирнов үшінші орынға ие болды. Осылайша, екі қола медальмен Қазақстан жалпыкомандалық есепте 20-орынды иеленіп қошеметке бөленді. Айта кетерлігі, бұрымды спортшымыз Людмила 1997-1998 жылдары әлемдегі ең үздік алты конькишінің қатарында болды.

2000 жылдардың басы Қазақстанның қысқы Олимпиада тарихында ең сәтсіз кезеңдердің бірі ретінде есте қалды. 2002 жылы АҚШ-тың Солт-Лейк-Сити қаласында өткен қысқы Олимпиада ойындарына елімізден 50 спортшы қатысып, 7 спорт түрі бойынша сынға түсті. Алайда дүбірлі додада қазақстандықтар үшін жеңіс тұғырына көтерілу бұйырмай, ұлттық құрама жүлдесіз қалды.
Осы сәтсіздік арада төрт жыл өткен соң да қайталанды. 2006 жылы Италияның Турин қаласында өткен Ақ Олимпиадаға Қазақстан атынан 55 спортшы аттанып, 7 спорт түрінде бақ сынады. Олардың қатарында биатлон, тау шаңғысы, конькимен жүгіру, шаңғы жарысы, шаңғымен тұғырдан секіру, фристайл және шайбалы хоккей болды. Дегенмен бұл жолы да отандастарымыз Олимпиада жүлдесін олжалай алмай, елге медальсыз оралды.
2010 жылы Ванкуверде өткен Олимпиада ойындары Қазақстан үшін маңызды кезең болды. 12 жыл үзілістен кейін жерлестеріміз қайта қысқы Олимпиада ойындарының тұғырына көтерілді. Биатлоншы Елена Хрусталева 2010 жылы Ванкуверде өткен Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері атанды. Ол 15 шақырымдық жекелей жарыста медальға ие болды. Аталған сайыста Хрусталева бар болғаны 20,7 секунд айырмашылықпен қарсыласына есе жіберіп, мәреге екінші болып жетті. Сол Олимпиадада 37 қазақстандық 8 спорт түрінде (биатлон, тау шаңғы спорты, конькимен жүгіру спорты, шаңғы жарысы, шаңғымен тұғырдан секіру, фристайл, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек) бақ сынады. Нәтижесінде, ұлттық құрама жалпыкомандалық есепте 25-орынға ие болды.

2014 жылы Сочиде өткен Олимпиада ойындарына 51 қазақстандық спортшы Қазақстан 10 спорт түрінде өнер көрсетті. Қысқы Олимпиаданың қорытындысы бойынша мәнерлеп сырғанаудан қола медаль жеңіп алдық. Қазақстан десе, мәнерлеп сырғанауда ең алдымен Денис Теннің есімі ойға оралатынын бәріміз білеміз. Ол мұз айдынына шыққанда, жарыс басталмай жатып-ақ тыныштық орнайтын. Сочидегі ақ Олимпиадада дәл сол Денис ел үмітін арқалап, тарихта қалды. Қысқа бағдарлама қорытындысы бойынша алғашқы ондықтан тыс қалған спортшы шешуші кезеңде бар шеберлігін көрсетіп, еркін бағдарламада қарсыластарынан басым түсті.
Денис Тен сол кеште мұз үстінде жай ғана сырғанаған жоқ. Ол сөйледі. Қозғалыспен, үнсіздікпен, көзге көрінбейтін эмоциямен сөйледі. Әрбір қадамы, әрбір бұрылысы ішкі оймен, сезіммен байланысып жатты. Кейде әуен тоқтағандай көрінетін сәттердің өзі көрерменді баурап алатын. Сол үнсіздікте оның мінезі, табандылығы, спортқа деген шынайы махаббаты сезілетін.

Қазақстанның қысқы Олимпиада тарихында есте қаларлық сәттердің тағы бірі – фристайл-могул шебері Юлия Галышеваның жеңісі. 2018 жылы Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өткен Олимпиада ойындарында ол қола жүлдеге қол жеткізіп, ел мерейін асқақтатты. Юлия жарыс барысында ширақ қимылымен, батылдығымен және ішкі сенімімен көзге түсті. Оның могулдағы мәнері тәуекелге толы әсер қуалаудан гөрі әр элементті дәл әрі таза орындауға құрылған. Сол сабыр мен есептің арқасында ол қиын жолдан сүрінбей өтіп, жүлдегерлер қатарынан көрінді. Осылайша, Қазақстан жалпыкомандалық есепте 28-орынға жайғасқанына тарих куә.
Соңғы қысқы Олимпиада ойындары 2022 жылы Бейжіңде (Қытай) өтті. Додаға 34 қазақстандық аттанғанымен, өкінішке қарай ешкім медальға қол жеткізе алған жоқ.
Жалпы, Қазақстан спортшылары қысқы Олимпиада ойындары тарихында барлығы сегіз медаль еншіледі. Әр жүлденің артында тағдыр, төзім және табандылық жатыр. Сол себепті бұл көрсеткіштер құр статистика емес, ел спортының шынайы шежіресі деуге болады.
Алда Италияның Милан-Кортина қалаларында өтетін 2026 жылғы ақ Олимпиада ойындары тұр. Бұл дода Қазақстан құрамасы үшін жаңа үміт, жаңа белес болмақ. Соңғы жылдары отандас спортшылар халықаралық ареналарда өз әлеуетін дәлелдеп, әлем чемпионаттарында жүлдеге ілініп жүр.
Ұлттық құраманың бірқатар өкілі бүгінде әлемнің мықтыларымен иық тірестіре өнер көрсетіп, үздіктер қатарына нық орнықты. Сондықтан Милан-Кортинадағы Олимпиадада Қазақстан спортшыларының жеңіс тұғырына көтерілуіне нақты мүмкіндік бар.
Әсет ҚАЛИ