Ол осы арқылы өз құрбысының өмірін құтқарып, жалғыздықтан арашалап алғанын айтыпты. Жалпы, «Бостондық неке» ұғымы көп адамға таныс тақырып емес. Сондықтан мәселе жөнінде аз-кем талдап көруді жөн санадық.
Шығу тарихы қандай?
«Бостон некесі» термині XIX ғасырдың соңында АҚШ-та пайда болды. Ол кезеңде бұл ұғым романтикаға да, дәстүрлі неке моделіне де қатысы жоқ әлеуметтік құбылысты білдірді. «Бостон некесі» деп ер адамға тұрмысқа шығып, үй шаруасы мен бала тәрбиесіне толық тәуелді болудан бас тартқан, білімді әрі экономикалық тұрғыдан дербес әйелдердің одағын атады. Жалпы, XIX ғасырдың соңы – әйелдердің қоғамдық өмірге белсене араласа бастаған кезеңі. Жоғары білім алған, мұғалім, жазушы, қоғам қайраткері болған әйелдер үшін неке көбіне мансап пен жеке еркіндікке кедергі еді. Сол себепті олар тұрмыстық міндеттерді бөлісетін, бірақ заңды неке мен ер адамға тәуелділікті жоққа шығаратын бірге өмір сүру формасын таңдады.
Терминнің «бостондық» деп аталуына да себеп бар. Дәл Бостон қаласында әйелдер колледждері көп болды, ал қала прогрессивті көзқарасымен танылды. Осында бірге тұрған, өз еңбегімен күн көрген, қоғамдық өмірге белсенді араласқан әйелдер саны айтарлықтай көп еді. Уақыт өте келе «бостон некесі» ұғымы тарихи феномен ретінде сипатталып, оның мәні өзгерді. Бірақ оның түпкі идеясы – әйелдің таңдау еркіндігі, экономикалық дербестігі және дәстүрлі отбасылық модельден тыс өмір сүру құқығы бүгінгі күнге дейін өзектілігін жоғалтқан жоқ.
– Мұндай одақтардың сипаты әртүрлі болған: бірінде терең достық, бірінде ұзақмерзімді серіктестік, бірінде романтикалық жақындық болуы мүмкін. Бірақ атаудың өзі қатынастың интимдік жағын автоматты түрде дәлелдемейді. Қоғамдық-мәдени танымал болуына 1886 жылғы Хенри Жеймстің «Бостондықтар» атты романы ықпал еткені жиі айтылады. Роман екі әйелдің ұзақ уақыт бірге тұратын желісін кең аудиторияға танытты, бірақ терминнің өзі роман мәтінінде сөзбе-сөз кездеспейді. Оксфордтың ағылшын тілі сөздігі бұл сөз тіркесінің ең ерте белгілі жазба қолданысын 1893 жылдан бері деп көрсетеді. ХIХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында мұндай бірге тұру кей ортада табиғи әрі сыйлы көрінгенімен, ал 1920 жылдардан кейін күдік пен таңбалау күшейіп, ашық бірге тұру азая бастағаны туралы қорытынды берілетін еңбектер бар. Бұл құбылыс Бостон маңындағы білімді, кәсіби ортадағы әйелдер арасында кеңірек байқалғаны айтылады. Тіпті, Уэлслей сияқты тек әйелдер колледжінде мұндай бірге тұру соншалық жиі болғандықтан, оған бөлек «Уэлслей неке» деген атау да қалыптасқаны белгілі, – дейді құқық қорғаушы, феминист Әйгерім Құсайынқызы.
Оның айтуынша, қоғам ұзақ уақыт басы бос екі әйелдің бірін-бірі сүйеп, қолдап бір үйде тұрады деген түсіндіруге көнген, кейін моральдық бақылау қатайғанда міндетті түрде жыныстық астары бар деген күдік алға шыққан.
– Феминистік түсіндіруде бұл құбылыс ең әуелі «сезім» емес, тәуелсіздіктің әлеуметтік инфрақұрылымы тұрғысынан айтылады. Әйелдерге сол кезеңде білім мен табысқа жол ашылды. Әйелдердің білім алуы және ақылы еңбектің артуы некеден тыс өмір сүруге материалдық негіз қалады. Неке әйелдің өмірін шектейтін нормаға айнала бастады, ал кей әйелдер мансаптан, шығармашылықтан, қоғамдық белсенділіктен айырылып қалмау үшін тұрмыстың өзге моделін таңдай бастады. Әйелдер арасындағы қолдау желілері күшейе түсіп, сол дәуірде әйелдердің өзара қамқорлығы, хат алмасуы, бірін-бірі сүйеуі мен қорғауы әлеуметтік тұрғыдан «қалыпты» құбылыс ретінде кең таралды, – дейді феминист.
Отбасыға балама емес
Иә, «бостондық неке» алғашында екі шығармашылық, білімді әрі еркін ойлайтын әйелдің саналы таңдауы ретінде тарихта қалды. Бұл – ер адамға тәуелді болмауды, тұрмыстық міндеттермен шектелмеуді қалаған зиялы қауым өкілдерінің одағы еді. Ал бүгінгі «бостондық неке» мүлде басқа сипатқа ие. Қазір бұл – әлеуметтік қиындықты, жалғыздықты, өмірдің ауыртпалығын бөлісіп, бір-біріне тірек болып, бірге қартайғысы келетін екі құрбының таңдауы. Солардың бірі – Жанель Өтемұрат (кейіпкердің өтініші бойынша аты-жөні өзгертілді). Ол 3 жастағы қызын жалғыз өзі өсіріп отыр. Сәтсіз некеден кейін Жанель өмірін қайта бастауға мәжбүр болған.
– Ажырасқаннан кейін баратын жерім болмады. Ата-анамның үйіне барып, «қызы бір баламен қайтып келіпті» деген сөзді естігім келген жоқ. Пәтердің бір бөлмесін жалға алып тұрдым. Бұрынғы күйеуім алимент те төлемей кетті. Ал кішкентай баламен жұмыс таба алмайтыным анық қой. Туысқан әпкем де пәтер жалдап жүрді, өзі оқиды, өзі жұмыс істейді. Екеуміз ақылдасып, бірге тұруды шештік. Бір жылдан асты, пәтерақыны бөліп төлейміз, қалған шығындарды да теңдей бөлісеміз. Күндіз мен баламен үйдемін, кешке әпкем келген соң ол қарайды, түнде де қалады. Сол кезде мен түнгі ауысымға жұмысқа шығамын. Үй шаруасын да бірге істейміз. Шынымды айтсам, біз бір-бірімізге тірекпіз, – дейді Жанель.
Мамандардың айтуынша, мұндай одақтар отбасылық институтқа балама емес, бірақ әлеуметтік бейімделудің бір жолы. Бұл – жалғыздықты жеңу, жауапкершілікті бөлісу және балаларға тұрақты орта қалыптастыруға деген ұмтылыс. Әкесі жоқ болса да, бала махаббат пен қамқорлыққа толы ортада өссе, оның психологиялық дамуына бұл форматтың кері әсері болмауы мүмкін.
Феминист Әйгерім Құсайынқызының пікірінше, «бостондық неке» әйелге жеке өмір траекториясын өзі құруға мүмкіндік берді де баспана, табыс, бедел, күнделікті еңбекті бөлу, қауіпсіздік, өзара жауапкершілік екі әйел арасында бөлінді. Яғни, тұрмыс деңгейінде балама «отбасылық саясат» қалыптасты. Қамқорлық пен үй шаруасы әдетте «әйел табиғатына тән міндет» ретінде көрінгенде бағаланбайды. Ал мұнда ол саналы таңдау, келісім және серіктестік міндеттеме ретінде көрініс тапты. Мұндай одақтың бәрін «жай ғана құрбы-құрдас» деп толық бейтараптандыру да дұрыс емес. Барлығын бірден интимдік қатынас деп кесіп айту да дәлелсіз. Ең дұрыс әдісі – жақындық формаларының алуан түрін мойындап, нақты жұп туралы тұжырымды тек дерекке сүйеніп жасау.
– Қазақ қоғамына бұл жат әрі жаңа ұғым, себебі дәстүрлі патриархал қоғам ретінде біз тек заң мойындайтын некені және некеге отырмай да бір шаңырақ астында өмір сүретін отбасы түрлерін білеміз. Біздің қоғам екі әйелдің бір шаңырақта өмір сүруін некеге не отбасының бір формасына балауды, әлбетте, жат санайды. Отбасын тек ер мен әйелдің одағы деп қабылдайтын халық үшін «бостондық неке» тек жат елде болуы мүмкін құбылыс сияқты, бірақ екі студент құрбының бір шаңырақ астында өмір сүруін біз «бостондық неке» демейміз, себебі ол өзгелерден қаржылай да, эмоционал да тәуелсіз болуға ұмтылатын әйелдердің бір пәтерді бөлісуі. Қазіргі құқықтық және әлеуметтік тілге аударсақ, «бостондық неке» бізге бір нәрсені анық көрсетеді, ол ересек адамдардың бірге тұруы тек «сезім» емес, құқық, қауіпсіздік және әлеуметтік кепілдік мәселесі де бола алады. Баспананы рәсімдеу, ортақ мүлік, мұрагерлік, науқастанғанда күтім, медициналық ақпаратқа қолжетімділік, зорлықтан қорғану сияқты нақты өмірлік блоктар балама «неке» түрін іздеуге мәжбүрлейді, – дейді құқық қорғаушы, феминист Әйгерім Құсайынқызы.
«Бостондық некеде» тұрған әйелдерді шартты түрде бірнеше типке бөліп қарастыруға болады. Біріншісі – жалғызбасты аналар. Олар үшін басты мақсат – балаларға қауіпсіз орта қалыптастыру, шығынды азайтып, бір-біріне қолдау көрсету. Екіншісі – тұрмыс құрмаған құрбылар. Олар жалғыз қартайғаннан гөрі бірге өмір сүріп, бірін-бірі серік болғанды таңдайды. Үшіншісі – ажырасудан кейін отбасылық өмірден түңілген, бірақ қоғамнан оқшауланғысы келмейтін әйелдер. Бұл топ үшін «бостондық неке» – психологиялық қауіпсіздік аймағы.
Оны басқаша атау керек
Алайда қоғамда ең көп дау тудыратын мәселе – атаудың өзі. «Неке» сөзі қазақы әрі исламдық дүниетанымда ер мен әйелдің қасиетті одағы ретінде қабылданады. Сондықтан екі әйелдің бірге тұруын «неке» деп атау көпшілікке түсініксіз, тіпті қарсы реакция тудырады. Шын мәнінде, бұл қатынастардың неке институтына еш қатысы жоқ.
– «Бостондық неке» біздің дінімізде де, менталитетімізде де жоқ. Жалпы, бір жынысты некені ешқандай дін қолдамайды. Қоғамда «Бостондық неке – екі әйелдің жыныстық қарым-қатынассыз бір шаңырақ астында өмір сүруі» деген пікір кең талқылануда. Бірақ бұл ұғымның батыс елдері менталитетінен келгенін ұмытпауымыз қажет. ЛГБТ ұйымы «Бостондық неке» ұғымы арқылы астыртын өз сенімдерін таратуы да мүмкін. Сондықтан бүгінгідей ақпараттық заманда кез келген ұғымға сүзгімен, күмәнмен қарау керек. Жалпы, шариғатымызда еркек пен еркектің, әйел мен әйелдің жыныстық қатынасқа баруы – харам. Бұл азғындықтың ең ауыр түрінің бірі. Олардың ақыреттегі жазасы өте ауыр. Бұл адам баласының жаратылысына қайшы келетін арсыздық, – дейді Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы, шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Елбек Тасболатұлы.
Ендеше қоғамға түсінікті болу үшін бұл құбылысқа балама атау қажет сияқты. Мәселен, «әлеуметтік серіктестік», «тұрмыстық одақ», «ортақ өмір форматы» немесе «бірге тұру келісімі» секілді атаулар оның шынайы мәнін дәлірек ашар еді.
Көктем ҚАРҚЫН