«Бостондық неке»: болмысы бөлек құбылыс

Жақында елге белгілі бір азаматша өзінің «Бос­тондық некеде» тұратынын жария етті.

 Ол осы арқылы өз құрбысының өмірін құтқарып, жалғыздықтан арашалап алғанын айтыпты. Жалпы, «Бос­тондық неке» ұғымы көп адамға таныс тақырып емес. Сондықтан мәселе жөнінде аз-кем талдап көруді жөн санадық.

Шығу тарихы қандай?

«Бостон некесі» термині XIX ғасырдың соңында АҚШ-та пайда болды. Ол кезеңде бұл ұғым ро­ман­тикаға да, дәстүрлі неке мо­деліне де қатысы жоқ әлеуметтік құбы­лысты білдірді. «Бостон не­кесі» деп ер адамға тұрмысқа шы­ғып, үй шаруасы мен бала тәр­биесіне толық тәуелді болудан бас тартқан, білімді әрі эконо­ми­калық тұрғыдан дербес әйелдердің одағын атады. Жалпы, XIX ға­сыр­дың соңы – әйел­дердің қоғамдық өмірге бел­сене араласа бастаған кезеңі. Жо­ғары білім алған, мұға­лім, жазушы, қоғам қайраткері болған әйелдер үшін неке көбіне мансап пен жеке еркіндікке ке­дергі еді. Сол себепті олар тұрмыс­тық міндеттерді бөлі­сетін, бірақ заңды неке мен ер адам­ға тәуел­ділікті жоққа шы­ға­ратын бірге өмір сүру формасын таңдады.

Терминнің «бостондық» деп аталуына да себеп бар. Дәл Бостон қаласында әйелдер колледждері көп болды, ал қала прогрессивті көзқарасымен танылды. Осында бірге тұрған, өз еңбегімен күн көр­ген, қоғамдық өмірге белсенді ара­ласқан әйелдер саны айтар­лықтай көп еді. Уақыт өте келе «бостон не­кесі» ұғымы тарихи феномен ре­тінде сипатталып, оның мәні өз­гер­ді. Бірақ оның түпкі идеясы – әйелдің таңдау еркіндігі, эко­но­микалық дер­бес­тігі және дәс­түрлі отбасылық модельден тыс өмір сүру құқығы бүгінгі күнге дейін өзектілігін жо­ғалтқан жоқ.

– Мұндай одақтардың сипаты әртүрлі болған: бірінде терең дос­тық, бірінде ұзақмерзімді серік­тестік, бірінде романтикалық жа­қындық болуы мүмкін. Бірақ атау­дың өзі қатынастың интимдік жа­ғын автоматты түрде дәлел­де­мейді.  Қоғамдық-мәдени таны­мал болуына 1886 жылғы Хенри Жеймс­тің «Бостондықтар» атты ро­маны ықпал еткені жиі айты­лады. Роман екі әйелдің ұзақ уа­қыт бірге тұратын желісін кең ауди­то­рияға танытты, бірақ тер­миннің өзі роман мәтінінде сөзбе-сөз кез­деспейді. Оксфордтың ағыл­шын тілі сөздігі бұл сөз тір­кесінің ең ерте белгілі жазба қолданысын 1893 жылдан бері деп көрсетеді. ХIХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында мұндай бірге тұру кей ор­тада табиғи әрі сыйлы көрінге­німен, ал 1920 жыл­дардан кейін күдік пен таң­балау күшейіп, ашық бірге тұру азая бастағаны туралы қорытынды берілетін еңбектер бар. Бұл құ­былыс Бостон маңындағы білімді, кәсіби ортадағы әйелдер арасында кеңірек байқалғаны ай­тылады. Тіпті, Уэлслей сияқты тек әйелдер колледжінде мұндай бірге тұру соншалық жиі болған­дықтан, оған бөлек «Уэлслей неке» деген атау да қалыптасқаны белгілі, – дейді құқық қорғаушы, феминист Әйгерім Құсайынқызы.

Оның айтуынша, қоғам ұзақ уақыт басы бос екі әйелдің бірін-бірі сүйеп, қолдап бір үйде тұрады деген түсіндіруге көнген, кейін моральдық бақылау қатайғанда міндетті түрде жыныстық астары бар деген күдік алға шыққан. 

– Феминистік түсіндіруде бұл құбылыс ең әуелі «сезім» емес, тә­уелсіздіктің әлеуметтік инфра­құ­рылымы тұрғысынан айтылады. Әйелдерге сол кезеңде білім мен табысқа жол ашылды. Әйелдердің білім алуы және ақылы еңбектің артуы некеден тыс өмір сүруге ма­териалдық негіз қалады. Неке әйел­д­ің өмірін шектейтін нормаға ай­на­ла бастады, ал кей әйелдер ман­сап­тан, шығармашылықтан, қоғамдық белсенділіктен айы­рылып қалмау үшін тұрмыстың өз­ге моделін таң­дай бастады. Әйел­дер арасын­дағы қолдау же­лілері күшейе түсіп, сол дәуірде әйел­дер­дің өзара қам­қор­лығы, хат алмасуы, бірін-бірі сүйеуі мен қорғауы әлеу­меттік тұрғыдан «қалыпты» құбы­лыс ре­тінде кең таралды, – дейді феминист. 

Отбасыға балама емес

Иә, «бостондық неке» алға­шын­да екі шығармашылық, білімді әрі еркін ойлайтын әйелдің саналы таңдауы ретінде тарихта қалды. Бұл – ер адамға тәуелді болмауды, тұрмыстық міндеттермен шектел­меу­ді қалаған зиялы қауым өкіл­де­рінің одағы еді. Ал бүгінгі «бостондық неке» мүлде басқа сипатқа ие. Қазір бұл – әлеуметтік қиын­дықты, жалғыздықты, өмірдің ауыртпа­лығын бөлісіп, бір-біріне тірек болып, бірге қартайғысы келетін екі құрбының таңдауы. Солардың бірі – Жанель Өтемұрат (кейіп­кердің өтініші бойынша аты-жөні өзгертілді). Ол 3 жастағы қызын жалғыз өзі өсіріп отыр. Сәт­сіз не­кеден кейін Жанель өмі­рін қайта бастауға мәжбүр болған.

– Ажырасқаннан кейін бара­тын жерім болмады. Ата-анамның үйіне барып, «қызы бір баламен қайтып келіпті» деген сөзді естігім келген жоқ. Пәтердің бір бөлмесін жалға алып тұрдым. Бұрынғы күйе­уім алимент те төлемей кетті. Ал кішкентай баламен жұмыс таба алмайтыным анық қой. Туысқан әпкем де пәтер жалдап жүрді, өзі оқиды, өзі жұмыс істейді. Екеуміз ақылдасып, бірге тұруды шештік. Бір жылдан асты, пәтерақыны бөліп төлейміз, қалған шығын­дар­ды да теңдей бөлісеміз. Күндіз мен баламен үйдемін, кешке әпкем кел­ген соң ол қарайды, түнде де қа­лады. Сол кезде мен түнгі ауы­сым­ға жұмысқа шы­ға­мын. Үй ша­руасын да бірге істей­міз. Шыным­ды айтсам, біз бір-бірімізге ті­­рек­­піз, – дейді Жанель.

Мамандардың айтуынша, мұн­­д­ай одақтар отбасылық инс­ти­тутқа балама емес, бірақ әлеу­меттік бе­йімделудің бір жолы. Бұл – жал­ғыздықты жеңу, жауап­кер­шілікті бөлісу және балаларға тұрақты орта қалыптастыруға де­ген ұмтылыс. Әкесі жоқ болса да, бала махаббат пен қамқор­лық­қа толы ортада өссе, оның пси­хо­логиялық да­муына бұл форматтың кері әсері болмауы мүмкін.

Феминист Әйгерім Құсайын­қызының пікірінше, «бостондық неке» әйелге жеке өмір траекто­риясын өзі құруға мүмкіндік берді де баспана, табыс, бедел, күн­делікті еңбекті бөлу, қауіпсіздік, өзара жауапкершілік екі әйел арасында бөлінді. Яғни, тұрмыс деңгейінде балама «отбасылық саясат» қа­лып­тасты. Қамқорлық пен үй шаруасы әдетте «әйел табиғатына тән мін­дет» ретінде көрінгенде баға­лан­байды. Ал мұн­да ол саналы таңдау, келісім және серіктестік міндеттеме ретінде көрініс тапты. Мұндай одақтың бәрін «жай ғана құрбы-құрдас» деп толық бейтарап­тан­дыру да дұрыс емес. Барлығын бірден интимдік қатынас деп кесіп айту да дәлелсіз. Ең дұрыс әдісі – жақын­дық формаларының алуан түрін мойындап, нақты жұп туралы тұ­жы­рымды тек дерекке сүйеніп жасау. 

– Қазақ қоғамына бұл жат әрі жаңа ұғым, себебі дәстүрлі пат­риар­хал қоғам ретінде біз тек заң мойындайтын некені және некеге отырмай да бір шаңырақ астында өмір сүретін отбасы түрлерін бі­леміз. Біздің қоғам екі әйелдің бір шаңырақта өмір сүруін некеге не отбасының бір формасына ба­лау­ды, әлбетте, жат санайды. Отба­сын тек ер мен әйелдің одағы деп қа­былдайтын халық үшін «бостондық неке» тек жат елде болуы мүмкін құбылыс сияқты, бірақ екі студент құрбының бір шаңырақ астында өмір сүруін біз «бос­тондық неке» демей­міз, се­бебі ол өзге­лерден қаржылай да, эмо­ционал да тә­уелсіз болуға ұмты­латын әйел­дердің бір пәтерді бө­лісуі. Қазіргі құқықтық және әлеу­­меттік тілге аударсақ, «бос­тон­дық неке» бізге бір нәрсені анық көрсетеді, ол ересек адам­дардың бірге тұруы тек «сезім» емес, құ­қық, қауіп­сіз­дік және әлеу­меттік ке­пілдік мә­селесі де бола алады. Бас­пананы рәсімдеу, ортақ мүлік, мұрагерлік, науқас­танғанда күтім, медици­налық ақ­­паратқа қолже­тімділік, зорлық­тан қорғану сияқ­ты нақты өмірлік блоктар бала­ма «неке» түрін із­деуге мәжбүрлей­ді, – дейді құқық қорғаушы, фе­минист Әй­герім Құсайынқызы.

«Бостондық некеде» тұрған әйел­­дерді шартты түрде бірнеше типке бөліп қарастыруға болады. Бірін­шісі – жалғызбасты аналар. Олар үшін басты мақсат – бала­ларға қа­уіпсіз орта қалыптастыру, шы­ғын­ды азайтып, бір-біріне қолдау көрсету. Екіншісі – тұрмыс құр­ма­ған құр­былар. Олар жалғыз қар­тайғаннан гөрі бірге өмір сү­ріп, бірін-бірі серік болғанды таң­дайды. Үшіншісі – ажырасудан ке­йін отбасылық өмірден түңіл­ген, бірақ қоғамнан оқшаулан­ғысы келмейтін әйелдер. Бұл топ үшін «бостондық неке» – психо­ло­гиялық қауіпсіздік аймағы.

Оны басқаша атау керек

Алайда қоғамда ең көп дау ту­дыратын мәселе – атаудың өзі. «Неке» сөзі қазақы әрі исламдық дү­ниетанымда ер мен әйелдің қасиетті одағы ретінде қабыл­да­нады. Сондықтан екі әйелдің бір­ге тұруын «неке» деп атау көп­шілікке түсініксіз, тіпті қарсы реакция ту­ды­рады. Шын мәнінде, бұл қа­ты­настардың неке инсти­тутына еш қатысы жоқ.

– «Бостондық неке» біздің ді­німізде де, менталитетімізде де жоқ. Жалпы, бір жынысты некені ешқандай дін қолдамайды. Қо­ғамда «Бостондық неке – екі әйел­­дің жыныстық қарым-қаты­нассыз бір шаңырақ астында өмір сүруі» деген пікір кең талқылануда. Бірақ бұл ұғымның батыс елдері мен­талитетінен келгенін ұмытпа­уымыз қажет. ЛГБТ ұйымы «Бос­тондық неке» ұғымы арқылы астыртын өз сенімдерін таратуы да мүмкін. Сондықтан бүгінгідей ақпараттық заманда кез келген ұғымға сүзгімен, күмәнмен қарау керек. Жалпы, шариғатымызда еркек пен еркек­тің, әйел мен әйелдің жыныстық қатынасқа баруы – харам. Бұл аз­ғындықтың ең ауыр түрінің бірі. Олардың ақыреттегі жазасы өте ауыр. Бұл адам баласының жара­тылысына қайшы келетін арсыз­дық, – дейді Қазақстан мұсыл­ман­дар діни басқармасы, шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Ел­бек Тас­болатұлы. 

Ендеше қоғамға түсінікті болу үшін бұл құбылысқа балама атау қажет сияқты. Мәселен, «әлеу­меттік серіктестік», «тұрмыстық одақ», «ортақ өмір форматы» не­месе «бірге тұру келісімі» секілді атаулар оның шынайы мәнін дәлірек ашар еді. 

Көктем ҚАРҚЫН