Мұндай деректер ірі жанжалға ұласып, спортшылардың дисквалификациялануына, ал елдердің спорттық беделіне нұқсан келтіріп отыр. Жақында ғана Qazaq Style лақап атымен танымал Жәнібек Әлімханұлы да допингтің кесірінен «қара тізімге» ілінді.
Жалпы алғанда, допинг сөзін ағылшыннан аударсақ, «есірткі» деген мағынаны береді екен. Ол қарапайым тілмен адам организмнің физикалық немесе психологиялық белсенділігін уақытша күшейтетін заттар. Соған орай спортшылар жарыс кезінде не жарысқа дайындық барысында осы препараттарды қолданып, төзімділігін арттырады-мыс. Әрине, бұлардың рұқсат етілген түрімен қоса рұқсат етілмегені де бар.
Спорт дәрігері Азамат Нұрматовтың айтуынша, тыйым салынған дәрілерді қолдану – спортшылар үшін өте зиян.
– Допинг – спортшының жарыстағы нәтижесін жасанды түрде арттыру мақсатында қолданатын дәрі-дәрмек. Тыйым салынған препараттардың көпшілігі күнделікті медицинада да кездеседі. Қазір Дүниежүзілік антидопинг агенттігінің (WADA) тізіміне енген заттардың біразы Қазақстан медицинасында кеңінен қолданылады. Елімізде дәріханалар мен медициналық мекемелерде сатылатын мұндай препараттардың саны 10 мыңнан асады. Оның үстіне, бір ғана дәрінің бірнеше баламасы болуы мүмкін. Осы себепті спортшылардың қателесіп, тыйым салынған затты байқамай қабылдау жағдайлары жиі кездеседі, – дейді маман.
Сонымен қатар дәрігердің айтуынша, препараттарды қолданғанда сақ болу қажет.
– Арнайы спортта қолданылатын, гормоналдық жүйеге әсер ететін препараттар бар. Мұндай дәрілер жүрек-қан тамыр жүйесіне ауыр салмақ түсіріп, инфаркт, инсульт немесе гормондық бұзылуларға алып келуі мүмкін. Әсіресе, тестостерон мен анаболикалық стероидтар адам ағзасына аса қауіпті саналады, – дейді Азамат Нұрматов.
Тыйым салынған препараттар
Қазақстанның Ұлттық допингке қарсы орталығы (KazNADC) 2025 жылы кәсіби спортта тыйым салынған дәрі-дәрмектерді қолданғаны үшін ұсталған отандық спортшылардың тізімін тағы да толықтырды. Биыл еліміздің сегіз спортшысы допинг дауына ілінген.
Бір қызығы, допингке ең жиі ұшырайтын спорт түрі – ауыр атлетика. Бұл үрдіс былтыр да өзгермеген. Ауыр атлетиканың төрт өкілі KazNADC шешімімен уақытша жарыстардан шеттетілді. Нұрхан Салаутов пен Азатжан Зинетов екі жылға дисквалификация алса, Ирина Никонороваға үш жылдық жаза қолданылды. Ал Андaс Самарқанов допингті екінші рет пайдаланғаны үшін ең қатаң жазаға ілікті. Оның сынамаларынан анаболикалық стероид, метандиенон анықталып, нәтижесінде Жетісу өңірінің спортшысы сегіз жылға спорттан шеттетілді.
Қазіргі уақытта Қазақстанда допинг үшін дисквалификация мерзімін өтеп жатқан спортшылардың саны аз емес. KazNADC-тің «қара тізімінде» 25 спорт түрінен 93 қазақстандық спортшы бар. Бұл жақта да спортшылардың көп бөлігі ауыр атлеттер екен. Қазір 37 ауыр атлет ілінген, яғни жазаға іліккендердің 40 пайызы осы спорт түріне тиесілі. Қалған спорт түрлерінен: пауэрлифтингтен – 11, еркін күрестен – 5, грек-рим күресінен – 4, жеңіл атлетикадан – 4, каноэ есуден – 3, велоспорттан – 3, бокстан – 3, самбодан – 3, ММА-дан 3 адам дауға қалған.
Жалпы алғанда, 93 қазақстандық спортшы кәсіби спортта тыйым салынған 114 түрлі препаратты қолданғаны үшін жауапкершілікке тартылған. Мамандардың айтуынша, бұл көрсеткіш допингтің әлі де жүйелі проблема екенін көрсетеді.
Қазақстандық спортшылар көбіне бірнеше тыйым салынған препараттарды қолданамын деп жапа шегеді. Оралтуринабол («турик») – 13 жағдай. Бұлшық ет күші мен төзімділікті арттырады, бірақ жүрек-қан тамырлары мен бауырға ауыр зиян келтіреді.
Дростанолон («Мастерон») – 11 жағдай. Көбіне «кептіру» кезеңінде қолданылады, ағзаға кері әсері бар.
Метандиенон – 11 жағдай. Бұлшық ет массасын арттырады, гормоналдық өзгерістерге әкелуі мүмкін.
SARMs – 10 жағдай. Ұзақмерзімді салдары толық зерттелмеген, бауыр мен гормоналды жүйеге қауіпті.
Мельдоний («Милдронат») – 8 жағдай. Төзімділікті арттыру үшін қолданылғаны үшін тыйым салынған.
Метастерон (Superdrol) – 8 жағдай. Бауырға қатты уытты әсер етеді.
Фуросемид – 7 жағдай. Тыйым салынған заттарды жасыру үшін қолданылатын диуретик.
Экзогенді тестостерон – 5 жағдай. Гормоналдық тепе-теңдікті бұзып, денсаулыққа қауіп төндіреді.
Мансабынан айырды
Иә, ағзасынан тыйым заттар табылып, біраз спортшының спорттық мансабы аяқталды. Спорт журналисі Аслан Қаженовтің айтуынша, отандық спортта допингке қатысты бұған дейін де түрлі дау болған. Қазір әлеуметтік желілердің дамыған заманы болғандықтан, мұндай ақпараттар бірден ел аузына шығып отыр. Әсіресе, допинке келгенде біз өзімізді өзіміз ұстап беріп жатырмыз.
– Бұған дейін допинг қолданғандарды шеттету дұрыс деп ойлап келдім. Яғни, тыйым салынған препаратты қолдануға болмайды және осындай жағдай анықталса, қатаң жазалау қажет деген пікірде болдым. Бірақ жуырда мәселеге тереңірек үңіліп қарасам, мұның астары басқада екен. Біздегі допингке қарсы орталық жыл сайын спортшылардан 3 мың сынама алып, шетелге тексеруге жібереді екен. Бұл – өте көп. Мәселен, көрші Қырғыз елі – 10, Өзбекстан – 100, ал Беларусь 300 ғана тапсырады, – дейді Аслан Қаженов.
Оның сөзінше, көптеген сынама өткізу спортшыларға кері әсерін тигізіп жатыр.
– Үш жыл бұрыңғы спортқа жауапты министрліктің кеңейтілген отырысында 100-ге жуық спортшының ұсталғаны ауыз толтырып баяндалып еді. Былай қарап тұрсаңыз, 100 спортшы дегеніміз – 100 адам, 100 тағдыр ғой. Осы жерде бір сұрақ туындайды. Біз оларды неге өзіміз ұстап беріп жатырмыз? Олардың алдағы өмірі біреуді алаңдатпай ма? Әдетте, осыншама сынама өткерген спортшыдан қайтсе де бір препарат тауып алуы әбден мүмкін. Өйткені әртүрлі жағдай болады. Ауырады, дәрі ішеді, демалады, бірдеңе жейді. Тағысын тағы солай кете береді, – дейді сарапшы.
Жауапкершілік кімнің мойнында?
Бұқара халықтың арасында «спортшылар неліктен допинг дауына неге көп ілігіп кетті?» деген сұрақтар жиі қойылады. Спорт дәрігері Азамат Нұрматов «допингті қолдану – спортшының өзіне байланысты» екенін баса айтқан болатын.
– Еліміздің антидопингтік кодексіне сәйкес, тыйым салынған зат анықталған жағдайда толық жауапкершілік спортшының өзіне жүктеледі. Яғни, заң жүзінде жаттықтырушының, ата-ананың немесе дәрігердің кінәсі қарастырылмайды. Спортшы не жейтінін, қандай дәрі қабылдайтынын өзі шешеді, сондықтан салдары үшін де өзі жауап береді, – дейді дәрігер.
Маманның пікірінше, допинг дауларының негізгі себебі спортшының немқұрайлығында жатыр. Ал кәсіби деңгейде өнер көрсететін атлеттерге қатысты бұл жауапкершілік тек спортшыға ғана емес, бүкіл командаға қатысты болуға тиіс. Себебі жоғары деңгейдегі спортта әрбір маман допингтің алдын алуға жауапты.
– Спортшының деңгейі неғұрлым жоғарылаған сайын, бақылау мен тексеріс те соғұрлым күшейтілуі керек. Дүниежүзілік антидопинг агенттігі (WADA) тыйым салынған препараттар тізімін жыл сайын жаңартып отырады. Сол өзгерістерді қадағалап, талдап, спортшыға дер кезінде түсіндіріп отыруға тиіс. Мәселен, осы жылдың 1 қаңтарынан бастап WADA бұған дейін еркін қолданылып келген кейбір витаминдер мен қоспаларды енді тыйым салынған заттар қатарына енгізді. Олардың қатарында фламодафинил мен фладрафинил ресми түрде енгізілді. Бұл – модафинилге ұқсас, жүйке жүйесіне айтарлықтай әсер ететін күшті стимуляторлар. ТМД елдерінде олар көбіне «зейінді арттыратын қоспалар» ретінде еркін сатылып келді. Алайда енді бұл заттар допинг ретінде қатаң тыйым салынды, – дейді Азамат Нұрматов.
«Сақтансаң – сақтайды» деген бар. «Допинг дауына ілінбейміз» десек, жоғарыда дәрігер айтқан препараттардан сақтанған жөн секілді. Ол үшін спортшы да бақылауды күшейтіп, өз-өзіне немқұрайлы қарамағаны абзал. Әйтпесе, «жеңіске жеттім» деп желпініп жүргенде, бір бүйірден «допинг дауы» шыға келмесіне кім кепіл?!
Әсет ҚАЛИ