Маңызды саяси реформалар бастамасы

ХІV-ХVІ ғасырларда жазылған көне қолжазбалардың қазақ тілінде жарық көруіне атсалысып жүрмін. Соның ішінде Рашид ад-Диннің шығармаларын, Шараф ад-Дин Язвидің «Зафарнамесін», Мырза Ұлықбектің «4 ұлыстың тарихы» қолжаз­басын аудару барысында тарихшыларға жәрдем жасадым. Сол еңбектің барлығында «Құрылтай» сөзі бар.

Геннадий ШИПОВСКИХ, 

Сенат депутаты:

Конституциялық жаңарудың жаңа кезеңі

Мемлекет басшысы Қызылорда облысында өткен Ұлттық құрылтайда бірқатар маңызды мәселеге тоқталды. Соның ішіндегі ең бастысы – жүйелі әрі мықты Конституциялық реформа. Бұл бағыттағы бастамалар Президент тарапынан 2022 жылдан бері айтылып келеді, ал бүгін нақты үш өзекті мәселе айқындалды.

Бірінші мәселе – Парламенттік жүйеге қатысты өзгерістер. Болашақта еліміздің Парламенті 145 депутаттан және 8 комитеттен тұратын болады. Бұл – конституциялық реформаның тек Сенаттағы өзгерістермен шектеледі деген пікірдің қате екенін айқын көрсе­теді. Қазіргі құрылымда Мәжілісте 7 комитет, Сенатта 6 комитет болса, ал­да­ғы уақытта біртұтас әрі ықшам жаңа жүйе қалыптасады. Бұл – Парла­мент жұмысының тиімділігін арттыруға бағытталған маңызды қадам.

Екінші мәселе – Вице-президент институтын енгізу. Бұл бастама билік жүйесінде саяси сабақтастық пен тұрақ­тылықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Вице-президент Президенттің өкілеттігін жүзеге асыруда қосымша тірек болып, басқару үдерісіндегі бірқатар маңызды мәселені үйлестіреді. Мемлекет басшысы атап өткендей, Президенттің негізгі басымдықтарының бірі – халық­ара­лық форумдар мен сыртқы саясат. Осы тұрғыда Вице-президент институты президенттік билікке нақты қолдау көрсететін тиімді тетік болмақ.

Үшінші мәселе – Ұлттық құрылтай мен Қазақстан халқы Ассамблеясының тарихи миссиялары. Бұл институттар өз міндеттерін абыроймен атқарды. Болашақта олардың орнына «Қазақстан­ның Халық Кеңесі» атты жаңа жоғары консультативтік орган құрылмақ. Оның құрамында Қазақстан халқы Ассамблея­сының өкілдері де болады. Сондықтан Ассамблеяны таратып жатыр деген пікір – қате түсінік. Бұл құрылым елі­міз­дегі бірлік, тұрақтылық пен қоғамдық келісімді нығайту жолында үлкен рөл атқарып келді.

Қорыта айтқанда, бүгінгі Құрылтай – еліміздің Конституциялық жаңару дәуі­рінің табалдырығында тұрғанын көрсетеді. Бұл байыппен жүзеге асатын, ел болашағы үшін аса маңызды саяси процесс.

Данабек ИСАБЕК, 

Парламент Мәжілісінің депутаты, 

«AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі:

Басқарудың тың парадигмасы айқындалды

Қызылорда қаласында өткен Қазақ­станның Ұлттық құрылтайының кезекті отырысында Президент мемлекеттік бас­қарудың тиімді тетіктері мен елдің алдағы даму бағытын жариялады. Бұл жиын елдің саяси жүйесінде маңызды реформаларды іске асыруға бастама болды.

Біз Ұлттық құрылтайдан бір палаталы Парламенттің құрылымы мен құрамына қат­ысты нақты ақпарат күткен едік. Пре­з­идент жаңа заң шығарушы органды «Құрылтай» деп атауды ұсынды. Бұл шешім саяси жүйеде жаңа парадигманы қалып­тастыруға бағытталған маңызды қадам ретінде бағаланады.

Президенттің айтуынша, бір палаталы Құрылтай заң шығару про­цесін ықшамдап, шешім қабылдауды жеделдетуге, сондай-ақ азаматтық бақылау мен қоғамдық диалогты күшейтуге мүмкіндік береді. Жаңа орган 145 депутаттан тұрады, барлы­ғы партиялық тізім бойынша сай­ланады, ал өкілеттік мерзімі – 5 жыл.

Шетелдік тәжірибеге сүйенсек, бір палаталы Парламент заңнамалық тиімді­лікті арттырумен қатар, халық пен билік арасындағы сенімді нығайтуда да маңызды рөл атқарады. Мысалы, Сингапур бір па­ла­талы Парламент арқылы заңнаманы жылдам және тиімді қабылдауда тәжірибе жинаған. Ал Жаңа Зеландия парламенттік ықшам жүйе арқылы қоғамдық пікірді тез ескеріп, заң жобаларын жылдам жүзеге асырады.

Екінші – қоғамдық диалогты күшейтіп, азаматтық қоғам мен билік арасындағы байла­нысты нығайту. Құрылтайда қоғамдық институттарды қайта ұйымдастыру мәселесі де қаралды. Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтай қызметі тоқта­тылады, олардың орнына Халық Кеңесі құрыл­мақ. Кеңес жылына бір рет жиналып, халық пен билік ара­сындағы сенімді көпір рет­інде жұмыс істейтін болады.

Кеңесші органдардың рөлі шетелде де айқын көрінеді. Мысалы, Канадада ше­шім қабылдау процесіне азаматтық ұсын­ыстарды енгізу арқылы демо­кратиялық бақылау күшейеді. Қазақстандағы жаңа Халық Кеңесінің негізгі міндеті – қоғамдық пікірді тың­дау, ұсын­ыстар мен бас­тамаларды жүйе­лі талдау, олар­ды билікке ұсыныс ретінде жеткізу. Сарапшылардың пікірінше, бұл өзгеріс азамат­тық қоғамды күш­ейтіп, ше­шім қабылдау процесін ашық әрі демократиялық жолмен жүргізуге мүмкіндік береді.

Үшінші – биліктің сабақтастығы мен тұрақтылығын қамтамасыз ету маңызды. Басқару тиімділігін арттыру мақсатында жаңа лауазым – вице-президент енгізіледі. Ол тікелей пре­зиденттің тағайындауымен жұмыс істеп, биліктің сабақтастығы мен тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар мемлекеттік кеңесші институты жойылып, басқару ықшам­далады және шешім қабылдау процесі жеделдейді. АҚШ-тағы вице-президент институты да осындай мақсатты атқарады: қажет жағдайда президенттің өкілеттігін орын­дауға дайын тұрады.

Төртінші – президенттік сайлау тәртібі нақты айқындалады. Қоғам жиі талқыл­ай­тын сұрақтардың бірі – президенттік сайлау жүйесі. Жиында президенттік сайлауға қа­тыс­ты өзгерістер енгізіледі: егер пре­зи­дент мерзімінен бұрын қызметі­нен кетсе, екі ай ішінде кезектен тыс сай­лау өткізу міндеттеледі. Бұл норма сая­си тұрақтылықты сақтау және заңды­лықты қамтамасыз ету үшін маңызды.

Алдағы уақытта парламент рефор­масы мен Конституцияға енгізілетін өзгерістер бойынша референдум өткізіледі. Бұл әрбір азаматқа елдің даму бағытында бел­сенді қатысуға мүмкіндік беретін тек құқық емес, ұлттық міндет. Баршамыз осы процесте белсенді болып, елдік істерге өз үлесімізді қосуымыз қажет.

Қазақстанның енгізіп отырған ре­формалары шетелдік тәжірибе мен ұлттық ерекшелікті үйлестіретін стра­тегиялық қадам ретінде қарастырылып отыр. Олар мемлекеттік басқарудың тиімділігін арт­тырып, азаматтық қа­ты­су мен демокра­тиялық институттарды нығайтуға бағыт­талған нақты әрі прагматикалық қадам.

Жақсыбек ҚҰЛЕКЕЕВ,  

мемлекет және қоғам қайраткері:

Құрылтай – халықтың басын біріктіретін ұғым

Біз осыған дейін Парламенттің төменгі палатасын «Мәжіліс» деп атап келдік. «Мед­жилис» – парсы сөзі. Иран, Тәжікстан, Түрікменстан сынды елдерде заң шығарушы орган солай аталады. Ал «Құрылтай» – көне түрік атауы. ХІ-ХІV ғасырларда ұлы даланы мекендеген бабаларымыз сындарлы сағаттарда қабылдайтын шешімдерді құрылтайда қа­был­даған. Қазақ хандығы құрылған дәуірден бастап рефолюцияға дейінгі кезең­дерде де құрылтайда хан сайланған. 

Екі палаталы парламент федеративті құрылымға тиесілі екені белгілі. Мысалы, АҚШ-та сенаторлар штаттардың мүддесін қорғаса, атқарушы органның өкілдері халық атынан сайланған соң халықтың мүддесін қорғайды. Унитарлы елде «Сенат», «Мәжіліс» деп бөлудің қажеті жоқ. Халықтың мүддесін қорғауға Парламент жеткілікті. Ал оның баламасы – Құрылтай. Оның түбірінде «құрыл» деген сөз тұр. Бұл «құрылайық, жиналайық» дегенді білдіреді. Яғни, халықтың басын біріктіретін сөз. Сондықтан бұл атау маған ұнайды. 

Тарихи шығармаларды көп оқуға ты­ры­сам. ХІV-ХVІ ғасырларда жазылған көне қолжазбалардың қазақ тілінде жарық көруіне атсалысып жүрмін. Соның ішінде Рашид ад-Диннің шығармаларын, Шараф ад-Дин Язвидің «Зафарнамесін», Мырза Ұлықбектің «4 ұлыстың тарихы» қолжаз­басын  аудару барысында тарихшыларға жәрдем жасадым. Сол еңбектің барлығында «Құрылтай» сөзі бар. 

Жоғарыда айт­қаны­мыздай, ата-бабаларымыз маң­ыз­ды шаруаның бәрін құрылтайда шешкен. Құрылтайға қатысатын билердің, бектер мен сұлтан­дардың әрқайсысының отыратын орны, сөйлейтін сөзі, барлығы заңдас­ты­рылған, өз тәртібі болған. Әрине, алғашқыда аздап құлаққа ерсілеу естілуі мүмкін. Бірақ құлақ үйренеді, сана қабылдайды. Өйткені бұл өзіміздің төл сөзіміз және төл ұғымымыз.      

Айгерім АБДРАШИТОВА,

Президент жанындағы ҚСЗИ-дің саяси

зерттеулер бөлімінің бас сарапшысы

Өкілді биліктің жаңғырған архитектурасы

Ұлттық құрыл­тай­дың соңғы V оты­ры­сы Қазақстанның саяси саласындағы инсти­туционалды өзгерістерімен ел тарихында қалмақ. Себебі біріншіден, екі маңызды қызметті – заң шығару мен халық атынан өкіл­дік етуді  біріктіретін Парламентке қатысты өзгерістер қандай болады деген сұраққа жауап алынды. Нәтижесінде, бір палаталы Парламентке «Құрылтай» атауын беру, оның құрамын 145 депутаттан және 8 тұрақты комитеттен қалыптастыру ұсын­ылды.

Қазақтың саяси-тарихи дәстүрінде құрылтай ұжымдық талқылау, келісімге келу және қабылданған шешімдерді заң­дастырумен астасады. Осы атауды кеңесші сипатындағы емес, міндетті заңдар қабыл­дайтын органға беру ұлттық саяси дәстүрді қазіргі заманғы өкілді демократиямен ұш­тас­тыруға деген ұмтылысты білдіреді. Тарихи атауларды қолдану да әлемдік тә­жіри­беде кең таралған. Мәселе тек атауды өзгертуде ғана емес. Оның тарихи және сим­волдық мәні түсінікті. Парламентке қатысты айтылған ұсыныстарды тиімділік тұрғысынан қарастырсақ, құрылтайдағы заң қабылдаудың жаңа үш кезеңнен тұратын тәртібі ерекше назар аудартады. Ұсынылып отырған модель бойынша заң жобасы алды­мен жалпы тұжырымдамалық тұрғыдан мақұл­данады, одан кейін түзетулер жан-жақты талқыланып, нақтыланады, содан соң ғана заң түпкілікті қабылданады. Яғни, екіпалаталы жүйедегілей ұзақ бюрократиялық тізбектен өтпейді. Мұндай тәсіл көптеген бір палаталы парламенттерге тән. Нәтиже­сін­де, заң шығару үдерісі шешім қабылдау кезеңдерін нақты бөлу арқылы жеделдейді, ал заңнаманың сапасы мен болжамдылығы басымдыққа ие болады.

Депутаттардың санын 145-пен шектеу ұсынылды. Бірақ Парламент жұмысының тиімділігі депутаттар санына ғана емес, өкіл­еттіктердің нақты бөлінуіне және заң шы­ғару қызметінің кәсібиленуіне байланыс­ты. Осы контексте президенттік квотаны алып тастау – Парламенттің институционал­дық дербестігін күшейтетін маңызды қадам. Соны­мен қатар әйелдер, жастар және мүге­дектігі бар адамдар үшін квоталардың сақ­талуы әлеуметтік теңдік пен инклюзив­тілікке бағытталған саясатты көрсетеді.

Тағы бір маңызды ұсыныстардың бірі – Парламенттің негізгі мемлекеттік институт­тарды қалыптастырудағы өкілеттіктерінің кеңеюі. Конституциялық Сот, Жоғары ауди­торлық палата және Орталық сайлау ком­ис­сиясы мүшелерін тағайындауды тек Пар­ла­менттің келісімімен жүзеге асыру ұсынылды. Бұған қоса, депутаттар Прези­дент­тің ұсынуымен Жоғарғы Сот судьяларын сайлау өкілеттігіне ие болады. Бұл өзгерістер билік тармақтары арасындағы тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесін күшейтіп, ықпалды Парламенттің рөлін арттырады.

Екіншіден, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың орнына Халық Кеңесінің құрылуы айтылды. Ескеру керек тұсы – оның заң шығару бастамасы құқығына ие болуы. Бұл дегеніміз қоғамдық сұранысты институционалдық деңгейде бекітіп, оны ресми заңнамалық үдерістің бір бөлігіне айналдыруды білдіреді.

Халық Кеңесі Парламентті алмастыр­май­ды. Мұндай ұқсас тетіктер әртүрлі елде бар. Мысалы, Еуропалық одақ елдеріндегі азаматтық ассамблеялар жұмыс істейді. Ол­ар­дың негізгі мақсаты – қоғамдық бел­сен­ділікті институционалдық арнаға бағыттау.

Үшіншіден, құрылтай кезінде жаңа қызмет – вице-президенттің лауазымын енгізу ұсынылды. Әлемдік тәжірибеде бұл институт, ең алдымен, биліктің тұрақтылығы мен сабақтастығын қамтамасыз ететін тетік ретінде қолданылады. Әдетте вице-президент өкілдік және үйлестіруші функцияларды ат­қарып, Мемлекет басшысының жүктемесін азай­тады және жүйенің болжамдылығын арттырады. Президенттің сөзіне сүйенсек, вице-президенттің қызметі осыған сай кел­еді. Атап айтқанда, ол елдің мүддесін халық­аралық форумдар мен келіссөздерде алға тартып, шетелдік делегациялармен кездесулерге қатысады, Президенттің Парламенттегі өкілі ретінде заң шығару үдерісімен өзара іс-қимылды қамтамасыз етеді, сондай-ақ отандық және шетелдік қоғамдық-саяси, ғылыми және мәдени-ағартушылық ұйымдармен байланыс орна­тады. Сонымен қатар Мемлекет басшысы жүктейтін өзге де міндеттерді атқарады.

Жалпы алғанда, ұсынылған өзгерістер заманауи парламентаризмді, ұлттық-тарихи символиканы, қоғамдық қатысудың инсти­туционалдандырылған тетіктерін және саяси тұрақтылық механизмдерін өзара ұштастырады. Аталған өзгерістер мен ұсыныс­тардың қабыл­дануы жалпыхалықтық референдумға байлан­ысты болатыны есте болуы керек.

Айгүл ЗАБИРОВА, 

ҚСЗИ бас ғылыми қызметкері, 

әлеуметтану ғылымдарының докторы, профессор:

Бір палаталы Парламент: ашықтық және тиімділік

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанның бір палаталы Парламентке көшу туралы бастамасы әдеттегі конституция­лық өзгерістерден кең ауқымда және мүлдем басқа өзгерістерге бағытталған. Бұл ел өзінің саяси архитектурасын шынымен қайта қарастырып жатқан кезеңді бастайды. Және бұл цифрландыру, елеулі экономикалық өзгерістер және Үкіметтің логикасын өзгер­тетін жаңа технологиялардың пайда болуы аясында жүзеге асырылуда.

Кеңірек тұрғыдан алғанда, бұл реформа Қазақстанның соңғы бірнеше жылда істеп келе жатқан жұмысының заңды жалғасы іспетті. 2019 жылдан 2021 жылға дейін қа­был­данған саяси реформалардың төрт па­­кеті және 2022 жылғы Конституциялық реформа жаңаруға, ашықтыққа және рационалдылыққа бағытталды. Парламентті бір палаталы ету идеясы жаңалық емес. Бұл елімізде жиырма жыл бойы талқыланып келеді. Бұл тақырыптың Ұлттық құрылтайдың күн тәртібінде көтерілуі көп нәрсені көрсетеді: жүйе де, қоғам да жетілді. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаты дәл осы­лай жұмыс істейді: шешім шынымен де жа­ғ­дай пісіп-жетілген кезде ғана қабыл­данады.

Бүгінде Қазақстанда Мәжіліс пен Сенат­тан тұратын екі палаталы Парламент бар. Реформадан кейін Мәжіліс негізінде бір па­лата қалады. Дегенмен Сенат өз өкіл­ет­тігін азаматтар референдумда өз пікірлерін білдіргеннен кейін ғана тоқтатады. Бұл бір­ден болмайтын маңызды өзгеріс екенін атап өту маңызды. Бізді үлкен қоғамдық пі­кірталас күтіп тұр, содан кейін ғана, 2027 жылы, ұлт­тық референдум өткізіледі. Ресми мәлімет­терге сәйкес, реформа Конституция­ның шамамен 40 бабына және ондаған заң­ға әсер етеді. Бұл ауқымды қайта құру, бірақ айқын процесс және түсінікті кезеңдері бар.

Егер заңнамалық мәселелерге назар аудар­масақ, реформаның логикасы өте қарапайым. Мемлекет шешімдерді асығыстық танытпай, бірақ айналамыздағы әлем тым тез өзгеріп жатқандықтан, шұғыл қабылдауы керек. Мұндай жағдайларда екі палаталы жүйе икемді, бірақ ауыр механизм ретінде жұ­мыс істейді, бекіту екі деңгейден өтеді, бұл әрбір заң жобасының процесі тым ұзаққа созылатынын білдіреді. Бір палаталы модель процедураларды қысқартады және қарапайым етеді. Бұл цифрлық күн тәртібі, жасанды интеллект мәселелері, басқару реформалары және аймақтық саясат үшін маңызды.

Реформаның екінші себебі бар: басқаруды айқынырақ және тиімдірек ету, қажетсіз дең­гейлерді алып тастау және институцио­нал­дық өзара әрекеттесуді жеңілдету. Заң шығарушылық жауапкершіліктің бірыңғай орталығы болған кезде ашықтық автоматты түрде артады. Парламент, Үкімет және Пре­зидент кеңсесі мұндай құрылымда өзара оңайырақ әрекеттеседі. Ал күрделі аралық қабаттар аз болған жерде үйкеліс нүктелері аз болады.

Партиялық жүйеге қатысты үшінші ас­пект те бар. Парламент қазіргі уақытта бір саяси күш айқынырақ жетекші рөл ат­қа­ратын конфигурацияда жұмыс істейді. Бұл көбіне палата ішіндегі процестердің логикасын анықтайды және заң шығару жұмысына қалай баса назар аударылатынын анықтайды. Осындай жағдайда бір палаталы жүйе партиялар арасындағы тартыс алаңы емес, саяси жауапкершіліктің негізгі бөлігін арқалап отырған партия ішіндегі бәсекелестік кеңістігіне айналады. Бұл Жапонияда белгілі бір кезеңдерде, Оңтүстік Кореяда жаңғыру кезінде болды және бүгінде Азиядағы кейбір унитарлық мемлекеттерде өтіп жатыр. 

Мұнда жиі назардан тыс қалатын тағы бір мәселе бар. Бір палаталы модель әрқашан үнемдірек. Ол қайталанатын құрылымдарды жояды және Үкімет шығындарын азайтуға мүмкіндік береді. Бұл реформаның негізгі себебі емес, бірақ бұл – бағаламауға болмай­тын маңызды негіздеме.

Сондай-ақ түсінуді қажет ететін жағдай бар: екінші палатаның жойылуы өтемақыны талап етеді. Және олар қамтамасыз етіледі. Бір палаталы Пар­ламентте комитеттер орталық орын алады, дәл осы жерде сарап­тамалық жұмыс, заңдардың әсерін бағалау және тәуе­кел­дерді талдау шо­ғыр­ланады. Парламенттік бақылау, сауал­намалар, Үкіметтің есеп беруі және ашық тыңдаулар күшейтіледі. Консти­туциялық әділеттілік тепе-теңдік механизмі ретінде әрекет етеді, Сенаттың заңдарды мемлекеттің негіздеріне сәйкестігін қарау функциясын алмастырады.

Қарапайым азаматтар көзқарасы тұр­ғысынан алғанда, реформа екі нәрсені білдіреді: жылдам шешім қабылдау және цифрлық Парламент. Электронды парламент дегеніміз – деректерге қол жеткізу, электр­ондық талқылаулар, ашық ақпарат және аза­маттар мен Парламент арасындағы тіке­лей байланыс арнасы. Бұл өзара әрекет­тесудің түбегейлі жаңа моделі.

Сондай-ақ халықаралық тәжірибе бар. Біз мұнда белгісіз жаңа жолға түскеніміз жоқ. Жартылай президенттік жүйесі, күшті институционалдық негізі және бір палаталы Парламенті бар Португалия жақсы мысал бола алады. Бір палаталықтың парламенттік модельдері елдер жылдам шешімдер мен тұрақты институционалдық үйлестіруді қажет ететін жағдайларда жақсы жұмыс істейтінін дәлелдеген. Оған Дания, Швеция және Эстония мысал бола алады.

Жалпы алғанда, бір палаталы Парла­ментке көшу парламентаризмнің ықшам, жылдам және технологиялық тұрғыдан дамыған моделіне қарай жасалған қадам болып саналады. Еліміздің алдында жоғары сапалы сараптамалық жұмысты қамтамасыз ету, қадағалауды күшейту және Парламентті ашық және тиімді ету міндеті тұр.

Бұл – үлкен тәуекел, бірақ сонымен бірге уақыт талаптарына тез және кәсіби түрде жауап бере алатын парламенттік жүйеге көшу мүмкіндігі екенін де ескеру қажет.