Солтүстік Қазақстанда өрттен қаза тапқан 5 жасар баланың анасы ұсталды

Бұл туралы Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов мәлімдеді.

Солтүстік Қазақстан облысының Ольшанка ауылында болған қайғылы өртке байланысты жаңа деректер белгілі болды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Бес жасар қыз баланың өмірін қиған оқиғадан кейін оның анасы күдікті ретінде ұсталып, қамауға алынды. Бұл туралы Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов мәлімдеді.

Министрлік өкілінің айтуынша, әйелге қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексіндегі қауіпті жағдайда қалдыру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Алдын ала тергеу мәліметіне сәйкес, өрт шыққан сәтте кішкентай бала үй ішінде ересектердің қарауынсыз жалғыз қалған.

Бұған дейін аталған үйде 33 жастағы әйел, оның 31 жастағы азаматтық некедегі жолдасы және баласы бірге тұрғаны хабарланған болатын. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жалғасып жатыр.