Қазақстан АҚШ президентінің бастамасымен құрылған Бейбітшілік кеңесінің құрамына кіру үшін жарна төлеген жоқ. Ақорданың ресми мәліметінше, 1 млрд доллар көлеміндегі жарна міндетті шарт емес, – деп хабарлайды Aikyn.kz tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Жарғыда көрсетілген 1 миллиард АҚШ доллары көлеміндегі жарна мүшелікке қабылдаудың міндетті шарты емес. Бұл әрбір қатысушы мемлекеттің өз еркіндегі мәселе.
Ал егер мемлекет 1 миллиард доллар жарнаны алғашқы жылда төлесе, өзінің кеңестегі қызметін белгіленген үш жылдық мерзімнен тыс ұзарту мүмкіндігіне ие болады.
«Қазақстан Бейбітшілік кеңесіне ешқандай қаржылық жарна төлемей кірді. Бұл жарғының ережелеріне толық сәйкес келеді», – деп нақтылады Ақорданың баспасөз қызметі.
Айта кетейік, кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ президенті Дональд Трамптың бастамасымен құрылған Бейбітшілік кеңесінің Жарғысына қол қойды.